Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

КЕЛЕЛІ ПІКІРГЕ ТОЛЫ КЕЗДЕСУ


14 ноября 2016, 04:10 | 1 392 просмотра



Осы аптаның басында «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалы ғимаратында үстіміздегі жылдың II-ші жартыжылдығына арналған респубикалық желілік кестеге сәйкес «Нұр Отан » партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сарыбаев Ғалиасқар Төлендіұлынның аудандық мәслихат депутаттары және Бастауыш партия ұйымдары төрағаларымен кездесуі болып өтті. Халық қалаулыларынан тоғыз ай бойы атқарған істері жөнінде баяндама тыңдалды.

 Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Омаров, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаев және Бастауыш партия ұйымының төрағалары, партия ардагерлері, мекеме-ұйым қызметкерлері қатысты.

Келелі кездесуде Ғалиасқар Төлендіұлы «Нұр Отан» партиясының атқарып жатқан жұмыстарына және жобалары мен бағдарламаларына кең көлемде шолу жасап өтті. Елбасының тапсырмасы бойынша партия қатарын жаңарту, сонымен қатар жасарту мәселелері бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын әңгіме өзегіне айналдыра келе, партия құрылғаннан бері облысымыз мемлекет бойынша саны мен сапасы жағынан алдыңғы орында келе жатқанын да мақтанышпен жеткізді. Алыстан келген қонақ: «Бүгінде облыс көлемінде партияның 114595 мүшесі және 438 бастауыш ұйымы, 9 партиялық жоба және саяси кеңес бар. Қоғамдық қабылдау бөлімдері белсенді жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы халық пен мемлекеттік биліктің, позиция, құқық қорғау ортасында алтын көпір болып пікірталас алаңын ұйымдастыра отырып, көптеген мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуде. Атап айтсам, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Алматы облысы бойынша көлемді жобалар іске асырылып жатыр. Ал, республика бойынша көп қаржы және көптеген жобалар облысымызға бөлінуде. Балқаш ауданында шешімін таппай тұрған мәселе ол-жол мәселесі. Алайда, бұл мәселенің де жақын арада шешімін табатындығына сенімдіміз. Қасиетті саналатын бұл өңір- басқа аудандармен салыстыруға келмейтін, қаймағы бұзылмаған мекен» деді.

Жиын аяқталған соң Ғалиасқар Төлендіұлы Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжіне атбасын бұрып,  ондағы білім алушылармен кездесті.  Әрбір ауданға, ауылға арнайы сапармен барғанда жастармен кездесіп, пікірлесуді өзіне басты міндет етіп қоятын ол колледждің білім алушыларымен өткен кездесуде: «Жастар-біздің болашағымыз. Мемлекетіміздің туын биік ұстап, шаңырағын биікке көтеретін де өздерің. Себебі, жастар кез келген мемлекеттің индикаторы. Жастардың жағдайы қандай болса-мемлекет жағдайы сондай. Облысымызда екі миллиондай халық тұрады,  соның ішінде 535 мыңнан астамы жастар. Олар әр сала бойынша білім алып, еңбек етуде. Аймағымызда «Жас Отан» Жастар қанаты филиалы өз жұмысын уақыт көшінен қалмай жандандыруда. Ұйым мүшелері әрбір ауданда, қалада өткізілетін іс-шараға қатысуда белсенділік танытуда.  «Мейірімді жүрек», «Ардагерлерді ардақтайық!» «Жасыл Ел» секілді ұйымдар өз елін шексіз сүйетін жас патриоттардың белсенділігімен жұмыс жасауда. «Жас Отан» Жастар қанаты сәтті қадам жобасын іске асырып, көптеген маңызды шаруаларды іске асыруда. Олардың ішінде жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмысқа орналастыру бағыттары да бар. «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері күннен-күнге көбеюде.  Бұдан біз жастардың белсенділігін көреміз. Елбасымыз өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында кәсіптік білім беруге баса назар аударып келеді. Келер жылдан бастап осы секілді кәсіби колледждер облыс көлемінде көптеп ашылмақшы. Өйткені елімізде кәсіби мамандар тапшы» дей келе, жастарға рухани байлықты қадірлей білуге, білімді болып, адал еңбек атқару керектігін насихаттады. 

Автор:
Айжан АХМЕТБАЙ.