Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бірлік пен келісім – табыстардың негізгі шешуші факторы


14 ноября 2016, 04:18 | 1 210 просмотров



Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова іссапармен Алматы облысында болды. Сапар барысында Гүлшара  Әбдіхалықова Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қоғамдық келісім кеңестерінің республикалық форумына қатысты. Сондай-ақ шарада облыс әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Амандық  Баталов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚХА және аймақтық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері де болды.  

Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Мемлекет басшысының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Бірлік пен келісім Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қол жеткізген айтулы табыстарының негізгі шешуші факторы болды.

Гүлшара Әбдіхалықова Жетісу өңірінде қоғамдық тұрақтылықты нығайтуда елеулі үлес қосып отырған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын атап өтті. Облыста 105 этнос өкілдері тұрады. Олардың мүдделерін 70 этномәдени бірлестіктер біріктіріп, мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен салтын сақтап, дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалып отыр.

Жұмыс сапары барысында Мемлекеттік хатшы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Талдықорғанда жаңадан салынған «Алтын бесік» балабақшасында болып, Көксу орталық аудандық ауруханасына барды. Түстен кейін Гүлшара Әбдіхалықова Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясын жастардың жаппай қолдау актісі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Менің Елім – Мәңгілік ел» атты жастар акциясын бастап берді.

Сапарының соңында Гүлшара Әбдіхалықова облыстың әйелдер қауымымен кездесті. Кездесуге қатысқандар қатарында мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, бизнес-қауымдастықтың, шығармашылық қауымның және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері бар. Кездесуде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне әйелдердің қатысу белсенділігін арттыру, әйел кәсіпкерлерге қолдау көрсету, шешімдер қабылдау деңгейінде әйел азаматшалардың санын арттыру, рухани және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапарының қорытындысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Автор:
БШ ақпарат Алматы облысы «Ішкі саясат басқармасы» тапсырысы бойынша