Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тағылымды таным


18 ноября 2016, 04:03 | 1 434 просмотра



Жақында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлес­тігі, «Bank «RBK» АҚ және «Қазақстан» ҰТРК,   Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тағылымы» атты фотокөрме ашылды.

Еліміздің тәуелсіз 25 жылының жарқын да айшықты мезеттері күнде көз алдымыздан өтіп жат­қанымен, соның бәрін байқай береміз бе, бір сәт тоқтап, ой жіберіп қараймыз ба… Ал зымыран уақыт аялдамай өтіп жатыр. Енді сондай елеулі де елжіретер, жанға жағымды көріністерді байыппен тамашалай аламыз. Қазақстанның үздік фотограф суретшілері осынау тәуелсіздік жылдарда түсірген тартымды, кестелі де көрнекті суреттер көрмесіне келіңіз. Жай көз елей бер­мейтін тылсым сәттерді фотограф зерделі көзбен дөп ба­сып, айтулы зама­нымыздың көркем шежіресін жа­саған хас шеберлігіне таңданасыз, там­санасыз. Отанымыздың берекелі бе­лес­теріне, халқымыздың жасампаз іс­теріне, туған жеріміздің тіл жеткізгісіз сұ­лу­лығына сүйсініп, мерейіңіз өсері анық.

Фотокөрме тәуелсіздік жылда­рын­дағы отандық фотожурналистер мен тілшілердің баспа бет­теріндегі қоғамда болған оқи­ғалар мен еліміздің рухани өмірін таныстырып насихаттайды.

Фотожурналистиканың ар­да­гері Нұрманбет Қизатов: «Сұлу­лық деген сиқыр, суретші де, ғайып­тан әдемі әсерін, жинақтап жүрген фото­суретші де соның сиқырлы сырын  ашуға ұмтылады. Міне, фотожурналистер де еліміздің 25 жылдық тойына өз өнерлерін ұсынып отыр», дейді. Сол ардагер ағаның ұлағатты сөзіне арқаланамыз, ең­се­мізді тіктейміз.

Бұл көрмеге Қазақстанның 25 жетекші фототілшісінің (Мұрат Мәм­бетов – фоторепортер және документалист, Шүкір Шахай – Қазақстан туралы бірнеше фото­альбомның авторы, Сайлыбай Май­лыбаев, Ерлан Омаров, Ермек Сар­басов және т.б.) 100-ге жуық фотожұмыстары қойылды, сондай-ақ, Елбасының тұңғыш жеке фотографы Иосиф Будневичтің, фото­журналист Александр Устинен­коның жұмыстары орын алған.

Аталмыш көрме қоғамды тәуел­сіздік жылдарында отандық жур­налистердің фотонысандарында бейнеленген еліміздің шынайы мемлекеттік, қоғамдық және рухани оқиғаларымен таныс­тырады.

Автор:
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ