Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ


18 ноября 2016, 04:08 | 1 707 просмотров



Өткен аптаның бейсенбісінде аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімдігі мен Ішкі істер органдарының ардагері Рай Раисовтың және аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Талғат Оңғарбаевтың ұйымдастыруымен «Еңбегі елге-мұра, ұрпаққа-үлгі» атты Ішкі істер органдарының ардагерлерінің мерекелік басқосуы болып өтті.

 Мерекелік шараға  аудан әкімінің орынбасары Смағұлов Сайран Сейткемелұлы арнайы қатысты. Облыстық Ішкі істер органы оңтүстік өңірі бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бүйімбаев Жұмағали Абайбекұлы, аталмыш саланың ардагерлері Ысқақов Рақымжан Жораханұлы, Жолдыбаев Ахмет Арыстанбекұлы, Ашықбаев Мұрат, Тұяқбаев Ырғайбек тағы басқа азаматтар шараның құрметті қонақтары болып, төрден орын алды.

Ішкі істер саласы ардагерлерінің басқосуы арнайы дайындалған фотослайдты тамашалаудан басталды. Құттықтау сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Смағұлов Сайран Сейткемелұлы: «Қоғамда әр мамандық қадірлі, әр мамандық жауапты. Алайда, қоғам қауіпсіздігі мен ел тыныштығы жолындағы полиция қызметінің өзіндік қиындығы мен күрделілігі, жауапкершілігі ерекше зор мамандық екендігі ешқандай талас тудырмасы анық. Мемлекетіміздің қайта құру жылдарында да, ел тарихына елеулі өзгерістер әкелген жаңғыру кезеңдерінде де халықтың қорғаушысы, биліктің қолдаушысы болған ішкі істер органдары құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Әрқашан ел тыныштығына, қауіпсіздігіне қауіп-қатер туындаған уақытта бірінші шепке шығып, Отан алдындағы, халық алдындағы міндетін өтеп келеді.  Ауданымыздың ішкі істер бөлімін басқарған полиция генерал-майоры, Заң ғылымдарының кандидаты, 2-дәрежелі «Даңқ» ордені, 2-дәрежедегі «Айбын» ордені, «Парасат» ордендерінің және «Қазақстан Республикасының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері» атақтарының иегері  Алик Шпекбаев бүгінгі таңда республика көлемінде көптеген лауазымдық қызметтерді беделді атқарып келеді. Аудандық ішкі істер саласында көп жылдар бойы еңбек еткен полиция ардагерлері  Ашықбаев Мұрат, Асаубаев Әкім, Раисов Рай, Жолдыбаев Ахмет, Ақмолдаев Ержахан, Қонысбаева Майя, Жұманов Мейрамбек, Ысқақов Рақымжан, Тұяқбаев Ырғайбек, Өміртаев Бертілеу, Уәлиев Ерлан, Талапбаев Еркінбек сынды азаматтарымыздың есімдерін ерекше ықыласпен атауға болады” деп атап өтті.

Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Сайран Смағұлов ауданның «Құрметті азаматы» атағын ішкі істер органының ардагерлері белгілі бір себептермен шараға келе алмаған Шпекбаев Алик пен Жолдыбаев Ахметке табыстады. Осындай зор марапатқа ие болған Ахмет Жолдыбаев  өз сөзінде: «Мен ауданнан осыдан 31 жыл бұрын өзге жаққа қоныс аударған едім. Бұл жерде қызмет атқарған кездерімде Адильчинов Сайын, Раисов Рай ағаларым әрдайым білгенін үйретіп, қол ұшын беріп отыратын. Бұған дейін де өзге аудандардың «Құрметті азаматы» атағын алсам да дәл бүгінгідей толқымаған едім. Туған жердің, елдің құрметіне бөлену ерекше сезім екен» деп, қатты толқыды.

Иә, олардың қызмет бабындағы қиындыққа жасымай, өлім мен өмір қатар жүрген кәсіби қызметтері, қоғам қауіпсіздігі жолындағы сіңірген үздіксіз еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болмақ. Сондай-ақ, полиция қызметінде өзіндік із қалдырып өмірден озған Байтеміров Шаршатай, Ахметшеев Тойшыбек, Сарбасов Мұрат, Адильчинов Сайын, Жақашев Нұрғиман, Оспанов Мұрат, Байсыдықов Жұмабек, Исабаев Ерлан, Ахметов Қасенхан, Жармұханбетов Қанат және 2012 жылы өз қызметін атқару барысында қаза болған  жерлесіміз Қожахметов Ерназ Жаманқараұлын бүгінде аудан халқы құрметпен еске алады.

Мерекелік шара барысында аудан әкімінің “Алғыс хатымен” облыстық Ішкі істер органы оңтүстік өңірі бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бүйімбаев Жұмағали марапатталды. Марапат иесі өз сөзінде Ресейде «Қабылбаев Шақберді» және «Есболатов Мақан» есімімен төсбелгілері жасалғандығын айта келе, «Қабылбаев Шақберді» атындағы төсбелгіні  Ашықбаев Мұратқа, «Есболатов Мақан» атындағы төсбелгіні Тұяқбаев Ырғайбектің төсіне тақты. Ал, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Тұрсынбеков Болат Әлімұлына «Генералдық сағатты» сыйға тартты. Сондай-ақ, аталмыш жиынды ұйымдастырған Раисов Рай мен Өміртаев Бертілеуге «Қаратау» демалыс орнына тегін жолдама табыстады.

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы  Талғат Оңғарбаев аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысы жайында өткен кезеңдердегі бірқатар естеліктерімен бөлісіп, ардагер қызметкерлерге атап айтсақ, Бүйімбаев Жұмағали, Ашықбаев Мұрат, Тұяқбаев Ырғайбек, Ысқақов Рақымжан, Асаубаев Әкім, Раисов Райдың иықтарына шапан жапты.

Сонымен қатар,  «Нұр Отан» партиясы аудандық  филиалының арнайы дайындаған “Алғыс хатымен” Жақсылық Әмірәлі, Жұмабаев Бақашар, Уәлиев Ерлан, Бөпешбаев Қадырғали, Изембаев Бейсебай марапатталды.

Салтанатты шараның қорытындысында сөз алған  ауданның Құрметті азаматы, ішкі істер органының ардагері Раисов Рай осы бір мерекелік сәттің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан аудан әкімдігіне, жиналған қауымға шынайы алғысын жеткізді.

Автор:
Алтынай СЕЙТКЕН