Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЕГЕМЕНДІК-ЕЛ МҰРАТЫ


18 ноября 2016, 04:08 | 1 326 просмотров


Бүгінде Қазақстан-тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ халқы не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыста өтті. Әсіресе, ХХ-шы ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңімен есте қалды. Ал, қазір Қазақстан-егемен, басқа елдермен терезесі тең, өрісі кең мемлекет болып қалыптасқан. Әрине, осының бәрі тәуелсіздігіміздің жемісі екені сөзсіз. Тәуелсіздік жолында қаншама азаматтарымыз, жастарымыз зорлық-зомбылыққа төзіп, қыршыннан қиылған болатын. Одан бері қанша уақыт өтсе де ел үшін, жер үшін жанын қиған жастарымызды еш ұмытқан емеспіз. Сонау 1986-шы жылдың 16 желтоқсаны әлі де болса есімізден кетер емес. КОКП-ның бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты 15 минуттың ішінде қызметінен алып, орнына Қазақстанды тек картадан ғана танитын Колбинді сайлаған еді. Бұл хабарды естіген студент жастарымыз, сондай-ақ халық дүрлігіп, Республика алаңына жиналды. Әрқайсысының қолында «Қазақты қазақ басқару керек!», «Қазаққа басқа ұлт басшы болмайды!» деген ұрандармен айғай салып, алаңға қарай жөнелді. Сол кездегі ержүрек жастарымыз бен қайсар қыздарымыздың халық жүрегінде мәңгі сақталып, тарихта алтын әріптермен жазылатыны да хақ. Олардың ішінде: Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова сияқты жастарымыз да болды.

Сол кезеңде Республика алаңына жиналған жастарымыздың біразы қыршыннан қиылғаны кеудемізде өкініш, қасірет сезімін ұялататыны анық. Жаны қиналса да жүрегі елім, жерім деп соққан ата-бабаларымыз жас ұрпағының біреудің қоластында емес, өз елінде, өз жерінде өмір сүруін қалап өзін емес, елін жерін ойлады. Мұндай тәуекелге баратын, патриот жастарымыз қазіргі таңда сирек кездеседі десек, қателеспегендігім. Сонымен қатар, «Өткенімізді ұмытсақ-болашақ бізді кешірмейді» деген дана сөз бар емес пе?! Осы даналықтың әрдайым жадымызда сақталуы тиіс.

Тәуелсіздік-ана тілдің, ұлттық  дәстүрдің, салт-дәстүрдің мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік-жүзеге асқан арман! Жер бетінде қанша ұлт болса-сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті. 1991 жыл-еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне, 25 жыл да өте шығыпты.

Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы-қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар.

Бүгінгі Қазақстан-тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ. Студент жастардың көшеге шығып бас көтеруі  және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі-барша халыққа сенім мен жігер берген болатын.

Қазіргі таңда Тәуелсіздік-барлығымыз үшін ерекше қасиетті ұғым. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың дәлелі. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі-ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезім ұялатуға ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.

Қазақстан-қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерде ұмтылу-біздің буынның бағыты болуы тиіс. Қазақ халқының тәуелсіздік жолына жетудегі жастарымыздың ерліктері мәңгі есте қалатыны сөзсіз. 

Автор:
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ