Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Универсиадаға дайындық қандай?


18 ноября 2016, 04:10 | 1 257 просмотров



ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 14 қарашада өткен Үкімет отырысы барысында Алматыда Универсиада-2017 өткізуге дайындықты ұйымдастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Б. Сағынтаев Универсиада жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі керектігін, себебі мұндай жарыстар спортсүйер қауымды көптеп тартатынын атап өтті.

Премьер-Министр Алматы әкімдігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне барлық ұйымдастырушылық кезеңдер бойынша және еліміздің құрама командасын дайындау бойынша сәйкес жұмыс жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Премьер-Министр облыстар, Астана және Алматы әкімдеріне Дүниежүзілік Универсиада Алауы эстафетасының өңірлік кезеңдерін өткізуді айрықша бақылауға алуды тапсырды.  Еске салар болсақ, 2017 жылғы Алматыдағы Универсиада 2017 жылғы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Қысқы Универсиада сайыстарына 50-ден астам елден 2 мың спортшы қатысады. Сайыстар 12 спорт түрі бойынша өткізіледі. 

ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысы барысында Универсиада-2017-ге спортшыларды дайындау шараларының жоспары туралы ақпарат берді. Ол  Мәдениет және спорт министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Универсиадада спорттық көрсеткіштер жетістіктері бойынша спорттық резервтің мақсатты бағытталған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

ҚР БҒМ тарапынан жоспарланған 29 оқу-жаттығу даярлықтарының 13-і өткізілді, ойын алдында Универсиаданың спорт құрылыстарын тексеру мақсатында қалғандары биылғы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Олимпиадалық дайындық орталығының желісі бойынша биылғы жылдың 10 айында 115 спорт шарасы өткізілді, Ұлттық штаттық командалар дирекциясы мен спорттық резерв осы кезеңде 168 спорт шарасын ұйымдастырды.

Бұдан өзге, 2016 жылға арналған бірыңғай республикалық спорттық-бұқаралық шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, Универсиадаға дайындық аясында Алматы қаласында 5 тестілік жарыс өткізу көзделген. Сондай-ақ, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Алматыдағы Универсиада-2017-ге қатысуға үміткерлер тізімін жасау туралы баяндады. Қазіргі уақытта 227 мықты спортшы дайындалып жатыр, олардың 121-і жігіттер және 106-сы қыздар. Олармен 66 бекітілген маман жұмыс жасауда, олардың арасында жаттықтырушылар, дәрігерлер, массаж жасаушылар және т.б. бар. Универсиадаға қатысуға үміткерлер құрамына еліміздің барлық жетекші спортшылары, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, фристайлдан Юлия Галышева, Павел Колмаков, Жанбота Алдабергенова, конькимен жүгіру спортынан Роман Креч, Станислав Палкин және шорт-тректен Айдар Бекжанов, Абзал Ажғалиев, Нұрберген Жұмағазиев пен Денис Никиша енді.

Айта кетер болсақ, Қазақстан Тәуелсіздік жылдары он екі Дүниежүзілік Универсиадаға қатысып, 44 медальді еншіледі, олардың 18-і алтын, 13-і күміс және 13-і қола. 

Қазан айының соңында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада-2017 Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов алдағы Халықаралық студенттік сайыстардың өткізілуіне Алматы қаласы мен Алматы облысындағы нысандардың әзірлігін тексерген еді.  Көшпелі кеңес барысында И. Тасмағамбетов Алматыдағы Медеу ауданында орналасқан 3 мың орындық «Халық Арена» спорт кешеніне, Универсиада өтетін Атлетикалық қалашыққа, «Алматы Арена» мұз айдыны сарайына, «Сұңқар» ХШТК, «Медеу» мұз айдынына және «Шымбұлақ» тау шаңғы курортына барды. Сонымен қатар, «Табаған» спорт-сауықтыру кешені мен «Алатау» шаңғы биатлон кешенінің жаңғыртылуы және дайындық барысымен танысты.

Алда өтетін Универсиада нысандарының әзірлігі туралы айта келе, вице-премьер спорттық сайыстарға объектілердің дайындық қарқынына көңілі толатындығын білдірді және бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, И. Тасмағамбетов мұндай ауқымды іс-шараның өткізілуі сайысты ұйымдастыру және барлық мүдделі құрылымдар мен ведомстволардың жұмысы тұрғысында егжей-тегжейлі қарауды қажет ететінін атады.

И. Тасмағамбетов іс-шараны өткізу және сайыс қатысушыларын қабылдау аясында қала инфрақұрылымының әзірлігін қамтамасыз ету қажеттігіне, сондай-ақ, Универсиада қонақтарының қауіпсіз және жайлы орналасуын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасау қажеттігіне баса назар аударды. Бұл ретте ол көлік-логистикалық жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету өте маңызды екенін көрсетті.

«Универсиаданың басталуына аз ғана уақыт қалды. Барлық кезеңдегі жұмыстар жоғары деңгейде жүріп жатыр. Инфрақұрылым, қатысушыларды және қонақтарды қабылдауға байланысты ұйымдастыру мәселелеріне баса назар аудару қажет. Сонымен қатар, қауіпсіздік, энергетикалық жеткіліктілік пен көлік жүктемесін қоса есептегенде, халықаралық іс-шараның кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге қалалық қызметтердің толық әзір болуы өте маңызды. Ең бастысы, Алматыға ағылатын қонақтардың көптігін және спортшылардың, жаттықтырушылар штабы мен тілшілердің сайыс өтетін орынға және қонақжайларға барып-келуін есепке алғанда, бұл қала тұрғындары үшін қолайсыздық туғызбауы тиіс», - деп атап өткен еді  И. Тасмағамбетов.

Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Осылайша, Алматы бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінің ішінде бірінші болып, 2017 жылы өтетін XXVIII қысқы Универсиаданың астанасына айналды. Бұған дейін 1973 жылы Мәскеу және 2013 жылы Қазан қаласы жастардың тек жазғы спорт ойындарын қабылдаған болатын. Универсиада туын Алматы қаласына беру салтанатты рәсімі 2015 жылғы 15 ақпанда Испанияның Гранада қаласында өтті.

Автор:
БШ ақпарат Алматы облысы «Ішкі саясат басқармасы» тапсырысы бойынша