Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Білімнің бас құралы


18 ноября 2016, 04:27 | 1 797 просмотров



Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, архивтер, кітапханалар мен музейлердің өзара ынтымақтастық рөлі ерекше. Олардың атқаратын негізгі қызметіне немесе атауына орай  архив, кітапхана, музей арасына нақты шекара қойылмайды. Көптеген архив қорларының өзінде сирек кездесетін баспа басылымдары, мазмұны бай кітапханалар бар десек, сол сияқты баспа басылымдары мен архив құжаттарын музей коллекцияларынан, экспозицияларынан бөліп-жару мүмкін емес, ал кітапханалардан мұрағаттарда жоқ кейбір қолжазба қорларын табасыз.

Айта кету керек, тәуелсіздік жылдарында «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары бойынша мұрағатшылар, ғалым-мамандар шетел архивтері мен ғылыми мекемелерінен, кітап­ха­наларынан көптеген құнды құ­жат­тар мен қолжазбаларды, сирек кездесетін кітаптарды тапты. Мәселен, бұл құжаттардың то­лық тізімі «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» көптомдық  ақ­параттық анықтамалығына енгі­зілген.

Соның бірі, 2001 жылы Ұлттық архив қорына қосылған Мұстафа Шоқайдың архиві Сорбонна университетінің Шығыс тілдері институтының  кітапхана қорынан алын­ды. Ал Ұлттық академиялық кітап­ханада Хасен Оралтайдың жеке архиві (Мюнхеннен академик Р. Нұрғалиев «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында алып келген болатын) сақтаулы.  Жақында ғана мұнда филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы бойынша «Ғалым» залы ашылғаны мәлім. Онда кітаптарымен қоса, ғалым ағамыздың қолжазбалары, архив құжаттары да бар.

Тағы бір құнды жаңалық, Халық­аралық Түркі академиясының кі­тап­­ханасында белгілі түркі­та­ну­шы ғалымдар Иштван Мандоки Қоңыр, Әбдуали Қайдар, Әбжан Құрышжанұлы, Рәбиға Сыздықова­ның жеке кітапханалары бар, ал онда сирек кітаптар мен қол­жаз­­ба­лар қоры, тарихи жазба ескерт­кіштердің қолжазбалар кө­шір­мелері жинақталған. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп.

Джордж Кеннанның қорынан 1885-1886 жылдары Сібір мен Қазақстанға жасаған саяхаты кезінде түсірілген «Семейдегі базар алаңы»; «Қазақтардың Семей облысы әскери губернаторлықтың шенеунігі отбасымен кездесуі» атты суреттер  «АҚШ Конгресс кітапханасынан» жеткізілді. «National Geographiс» музейі мұрағатынан табылған екі фотосурет «Қостанай қаласының базарында қазақ әйелдері баласымен» (1935 ж.) деп аталады.

Дер кезінде ақпараттың жинақ­талуы, сақталуы және пайда­ла­ны­луының нәтижесінде бүгінгі ұрпаққа, міне, осындай құнды жәді­герлер жеткізіліп отыр. Ең бас­тысы, бұларға келіп түсетін материалдар жыл сайын молығып, толығу үстінде. Елімізге осы аралықта әкелінген мәдени мұралар санының көптігі таңдауды қиындататын бол­ғандықтан,  соған орай тұтын­ушы жауапкершілігі де артады. Болашаққа қандай ақпаратты жет­кізу­ге тиіспіз? Ол бүгінгі бай­ла­мы­мызға қарай шешілетін мәселе.

Оқу процесінде  жеке адамның шығар­машылық  жағынан рухани дамып, ой-өрісін байытуда, халықтық төл  дәстүрлерді қас­терлеуде, азаматтық пен патриоти­змге тәрбиелеуде осы үш қызмет түрінің атқарар рөлі мен  қосар үлесі едәуір екені даусыз.

Жоғары оқу орындарының негізгі мақсаттарының бірі білімді, мәдениетті қазақ жастарының ортасын қалыптастыру болып табылады.

Білім беру саласының сапасы қай кезде де оның ақпараттық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Осы ретте Өнер университеті басқа оқу орындарының кітапхана­ла­рымен, өнер ордаларымен, шы­ға­р­ма­­шылық одақтармен, архив, музей, кітапханалармен өзара шы­ғармашылық, мәдени ынтымақ­тастықтар орнатуда. Әрине, бұл орайда кітапханашылардың кәсіптік біліктілігін көтеру мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспеуі тиіс. Өйткені, алға қойып отырған мақса­ты­­мыздың өзі  қазіргі заманауи технологияның дамуына ілесе оты­рып, өз оқырмандарымыз үшін кітапхана ресурстарын пайда­ла­­нудың тиімді мүмкіндіктерін қара­стыру, университеттің ең басты  қызметіне айналу болып табылады. Сол бағытта кітапхана құнды, тарихи маңызды коллекциялардың иесі ретінде өзінің арнайы қорларын сақтауға және көбейтуге мүдделі. Оның бүгінде гуманитарлық мекемеге, сонымен қатар, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға, ғылым мен практиканың жетіс­тік­теріне негізделген салаға айналу сыры сонда. Ал әлеуметтік миссиясы жеке адамның білім алуына, дұрыс тәрбиеленуіне арналған. Әрбір оқу орны өзінің бейіміне қарай бірегей ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, электронды ортада ақпараттық орталықтардың өзара әрекеттесуіне  жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде бірегей мәдени кеңістікті кеңейтуді қамтамасыз етеді. Бір атап өтерлік жайт, қазіргі уақытта түрлі бағыттардың және қызмет түрлерінің өзара кірігуі байқалады.

Сондай-ақ, ұлттық кітапхана­лар­мен қоса жоғары оқу орындарының кітап­ханалары да музей, архив қызметі­нің элементтерін өзіне енгі­зу­ді жатсынбайды. Бұл, әрине,  қызметкерлердің кәсіби белсенді­лігінің артуын білдіреді, сонымен бірге ғылыми қызметті жүзеге асы­ру­дың жаңа бағыттары мен формала­рын іздестіруге, кітапхананың ағарту­шылық және тәрбиешілік қызметінің маңыздылығына байланысты.

Атап айтар болсақ, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситетінің кітапханасында Мырзатай Жолдасбековтің Ираннан алып келген әл-Фараби қолжазбаларының көшірмелері сақтаулы. Сол сияқты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің кітап­ха­насындағы Композиторлар одағы­ның құжат­тары, белгілі ғалымдар Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова, т.б. тұл­­ға­лардың жеке кітапханасы, сондай-ақ қол­жазба қоры көпшілікті бей­жай қал­дырмайды. Ал Әлкей Марғұлан­ның жеке архиві Павлодар уни­вер­ситеті кітапханасынан 2013 жылы Ұлттық архив қорына келіп түс­кен болатын.

Максим Горький: «Мәдениетті адам болып қалыптасуға екі құдіретті күш әсер етеді – көркемөнер мен ғылым. Бұл екеуімен де кітап бетін­де дидарласасың», – деген екен.  Сол сияқты, ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлынан бізге жеткен: «Білім­нің бас құралы – кітап» деген қанатты қағида бар. Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», – деп ой қорытады… Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы екен­дігі сөзсіз. Кітапты таңдап-талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі болып саналады.

Қазіргі сандық технология дамы­ған заманда кітапқа, кітаптың құді­ре­ті­не назар аударту үшін уни­вер­ситеттің ақпараттық-кітап­хана қызметі студенттер ара­сында 2016 жылғы сәуір айын­да Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні қарсаңында «Мен және кітап» фотобәйгесін жариялаған болатын. Жобаның негізгі мақсаты студент­тердің кітап оқуға сүйіс­пеншілігін ояту, олардың шығарма­шы­лық белсенділігін арттыру, кітап­ханаға жарнама жасау, мәрте­бесін көтеру еді. Бұған университет кітапханасында кітап оқып отырған болмаса қолына кітап ұстаған оқырмандар бейнеленген фотосуреттер қабылданды.  Қазылар алқасы туындыларға таңдау жасау барысында тақырыптың ашылу деңгейіне, көркемдік ерекшелігіне, суреттердің мазмұнына барынша назар аударды.

«Мен және кітап» фото­бай­қауының үздіктері кітап туралы маржан ойлармен толықтырылып кітапхана бөлім­деріне қойылды… Тарих пен мәдениет құндылықтары қашанда бізге кітап арқылы жетіп отырған, онсыз адам бір қателігін мың сан рет қайталауға мәжбүр. Кітап барда, кітапхана барда тарих, салт-дәстүр жойылмайды. Біз өзімізбен сырлас, пікірлес жандармен байланыс орнатуға әрқашан қуанамыз. Жағымды жаңалықтар күтеміз.

Автор:
Ғазиза ИСАХАН, Қазақ ұлттық өнер университетінің ақпарттық-кітапхана қызметінің басшысы