18 ноября 2016, 04:29 | 1 496 просмотров
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Еліміздің ана тілінде білім алатындардың саны жыл сайын көбейіп келеді.
Бүгінгі мақсат – әрбір оқушыларға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап, жеке тұлға қалыптастыру. Ол үшін қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын терең меңгеру керек» деп атап өткен болатын. Статистикалық дерек көздеріне жүгінсек, 2015-2016 жылғы оқу жылында республика бойынша 3 миллионға жуық оқушылар 7271 мектептен білім берді. Жеті мыңнан астам білім ордалары оқу үдерісінде қолданылатын 275087 компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. Бұл бір компьютерге 10 оқушыдан келетінін айғақтайды. Сондай-ақ еліміздегі білім ошақтарындағы интерактивтік құралдардың жалпы саны 22545 болса, лингафондық және мультимедиалық кабинеттердің реті бес мыңға жақындайды. Ал 7196 мектептің интернетке кіру мүмкіндігі бар. Еліміздің барлық өңірлерінде ғаламтор мәселесі де түбегейлі шешімін тауып келеді. Шалғай елді мекендердің өзінде білім мазмұнын жаңарту, жаңғырту жағдайындағы әдістемелік қызмет, ондағы инновациялық технологиялардың мүмкіндігі хақында түрлі семинар-форумдар өткізіліп, мұғалімдер мен оқушылардың қабілеті шыңдалуда.
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЛИМП
Алматы облыстық әдістемелік кабинеті «Педагогикалық олимп» атты педагогикалық идеялар мен жобалардың облыстық байқауын өткізді. Биыл екінші рет өткізіліп отырған бәйгенің негізгі мақсаты – жаратылыстану-математика пәндерінің мұғалімдері арасында инновациялық қызметті ынталандыру, пән бойынша озық педагогикалық тәжірибелеріне ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету және іс-тәжірибелерін насихаттау.
Байқау барысында пән мұғалімдері қолданыстағы инновациялық технологиялар, әдіс-тәсілдердің ұтымды қолдануы, оның білім сапасын көтеруге ықпалы туралы әдістемелік жұмыс жүйесі мен нәтижелерінің портфолиосын қорғап, презентациялық алаңда өз еңбектерін және педагогика саласындағы тың идеяларын ортаға салып, тәжірибе бөлісті. Жарысқа І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлері мен Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған лицей педагогтері қазылық етті. Сондай-ақ, Талдықорған қаласында «Мектеп бітірушілерді жаратылыстану пәндерінен қорытынды аттестациялауға дайындау әдістемесі» тақырыбына облыстық оnline семинар өткізілді. Алматы облыстық әдістемелік кабинеті ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – облыстық білім берудегі ақпараттық технологиялар орталығы базасында география, биология және химия пәндерінен мектеп бітірушілерін қорытынды аттестациялауға дайындаудың тиімді жолдарын ұсыну. Семинар барысында облыстың үздік мұғалімдері оқушылардың қорытынды аттестациялауға дайындаудың әдістерін көрсетті. Бұған қоса, облыста физика пәні сабағында инновациялық әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімді жолдарын насихаттау мақсатында Алматы облыстық әдістемелік кабинеті 21 қазанда Алматы облысы Талғар ауданы №23 орта мектебінің базасында «Физика пәнін оқытуда инновациялық технологиялардың тиімділігі» тақырыбында аймақтық семинар өткізді. Семинар барысында Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарының ұстаздары өз тәжірибелерімен бөлісіп, ашық сабақтар, презентациялар, шеберлік сыныптарын көрсетіп, тәжірибе алмасты. Семинар соңында ұсыныстар қабылданып, жұмыс нәтижесі туралы пікірлер тыңдалды. Аталған шараға елуден астам мұғалім қатысты.
Алматы облысы бойынша былтыр мемлекеттік білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 881,4 млн теңге бөлінді, оның ішінде білім ордаларына компьютерлік техника сатып алуға 293,1 млн теңге жұмсалған. Облыста 1012 жаңа модификациялық кабинет, 238 – физика, 203 – химия, 246 – биология және 325 лингафондық кабинеттер бар. 2014-2015 оқу жылында 34 облыстық интерактивті сабақтар өткізілген. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, аталған облыс бойынша барлығы 737 мектеп бар, оның түгелі компьютермен қамтамасыз етілген. 646 ауыл мектебіне де компьютерлік техника толық жеткенін көрсетеді. Десек те, жеті мыңнан астам озық техника ескі, ауыстыруды қажет етеді. 596 білім ошағы кең жолақты интернет желісіне қосылған, оның 505-і ауыл мектептері. Сөйтіп, 2015 жылғы мәліметке сәйкес, 1 компьютерді 11 оқушы қолданады. «E-learning» электрондық оқыту жүйесін білім саласына енгізудегі басты мақсат – білім беру үрдісінің барлық қатысушыларын үздік білім ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету екендігі мәлім. Осы облыстың 140 білім беру ұйымы электрондық оқыту жүйесіне қосылып, жүйелі түрде жұмыс жасап келеді.
ИДЕЯЛАР ФЕСТИВАЛІ
«Педагогикалық идеялар фестивалі» атты облыстық байқау биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алматы облыстық әдістемелік кабинетінің бастамасымен Талдықорған қаласындағы №17 орта мектеп базасында өткен фестивальдің басты мақсаты – мұғалімнің беделін арттыру.
Бас-аяғы 15 ауданнан ең үздік деп танылған ұстаздар байқауға қатысып, шығармашылық жоспарлары мен педагогика саласындағы тың идеяларын ортаға салды. Көксу ауданы Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының география пәні мұғалімі байқау жеңімпазы атанып, келесі кезекте фестивальдің республикалық кезеңінде облыс атынан өз жұмысын ұсынатын болады. Жүлделі екінші орындарды Ескелді ауданына қарасты Н.Алдабергенов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Анжелика Варфоломеева және Жамбыл ауданындағы дарынды балаларға арналған №2 Қарғалы гимназиясының математика пәні мұғалімі Шара Мұсағұлова иеленді. Еңбекшіқазақ ауданы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Кәмшат Қиятова мен Жамбыл ауданы Ә.Бейсеуов атындағы орта мектебінің химия және биология пәні мұғалімі Айсұлу Есенаманова үшінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар Панфилов ауданы В.Луначарский атындағы орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Маржан Бердіғұлова «Шебер ұстаз», Ұйғыр ауданы Тиірмен орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Лаура Семеева «Зерттеуші ұстаз» аталымын иеленсе, «Тәлімгер ұстаз» номинациясын Текелі қаласы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Светлана Матвеева жеңіп алды. Ал Талғар ауданы №31 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Бәтігүл Сақабаева «Ізденуші ұстаз» атанды. Сондай-ақ Білім басқармасының қолдауымен қазан айында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Білім мазмұнын жаңарту жағдайындағы әдістемелік қызмет: бүгіні және болашағы» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырды. Жиында орта білім беру мазмұнын жаңарту шарттары бойынша әдістемелік қызмет көрсету жұмыстарының өзекті мәселелері талқыланды. Аталмыш шараға облыстық, аудандық және қалалық әдістемелік кабинеттері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің әдіскерлері, «Өрлеу» біліктілік арттыру институтының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының әдістемелік жұмысы өкілдері қатысты. Пленарлық мәжілісте облыстық әдістемелік кабинет әдіскері Г.Иманхатова «Білім берудегі инновациялық үдерістерді белсендірудің әдістемелік жолдары» тақырыбында баяндама оқып, тәжірибесімен бөлісті. Семинар барысында «Іскер әдіскер», «Үздік әдістемелік кабинет» және «Инновациялық идеялар (тәжірибелер) орталығы» номинациялары бойынша әдістемелік қызмет жұмыстары ұсынылып, үздіктері анықталды.