Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бақыттың шыңы ...


2 декабря 2016, 11:05 | 1 341 просмотр



Қараша айының 29 жұлдызында Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығында, Жастар саясатының ұйымдастыруымен Қазақстанның  бетке ұстар азаматы, ардалы тұлға, ережесіз жекпе-жектен әлемнің 3 дүркін чемпионы Ардақ Назаровпен кездесу өтті. Ел тәуелсіздігі, ұлттық құндылықтар және қазақы тәрбие, отансүйгіштік және иман тақырыбында сөз қозғалды. Ұлттың дамуы, өсуі –тәрбиелі, білімді жастар қолында. Ал «бақыттың шыңы не?» деген сұраққа чемпион жан-жақты жауап берді. Шара барысында оқушылар мен мұғалімдер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ақ тілектерін білдірді. Кездесуге келген әрбір жас өрен ерекше әсермен қайтты.

«Ассалаумағалейкум, қадірлі жастар, іні-бауырларым, қаракөз қарындастар, сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Қазақстан Республикасының 25 жылдығымен, сіздерді осындай үлкен, ұлы  мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ешқашан қазақтың байрағы көктен түспесін дегіміз келеді.Бейбітшілігіміз мәңгі болсын, аналар мен балалардың күлкісі ешқашан тиылмасын, елімізге сырттан келетін жаман пиғылды адамдардың ниетінен сақтасын,мамыражай өмір сүргенімізді Алладан тілейміз. Жалпы, қазіргі таңда Қазақстан тәуелсіз мемлекет боп өзінің кім екенін әлемге мойындатты. Біз сол Тәуелсіз ұлы даланың ұландары ретінде өмір сүріп жатырмыз» -деп бастады сөзін Ардақ Назаров.  «Кезіндегі Асан қайғы бабамыз армандап кеткен қой үстіне жұмыртқалаған заман болса, сол дәуір біз өмір сүріп жатқан кезең дер едім. Қаншама дүлей, аласапыран замандарды басынан өткізді. Тіпті, қазақ қыздарына дейін қолдарына қару алып, елін қорғау үшін жауға өз денесін тосты. Солардың барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып» біздің дербес мемлекет болуымызға, азат болуымызға солардың істеген барша жақсылықтарына, аналарымыздың көз-жасына, аталарымыздың төгілген қанына басымды иіп алғысымызды білдіреміз. Өйткені, бұл біздің тарихымыз.

Қазақ қазақ болғалы,

Қазақ атқа қонғалы,

Не көрмеді бұл елім?!-деп Сүйінбай атамыз айтқандай, тарихтан қаншама ұлттарды алып қарайтын болсақ, соның ішінде қиындықты көп көрген ол қазақ ұлты екен. Соншама қиындықты бастан кешіріп жүргенде, мұндай заманға жетеміз бе деген сұрақтың астында тұрған халық болдық. Соған қарамастан, біздің еліміз берілмей осы уақытқа жеттік. Ал, осы уақытқа қалай, немен келді? Әрине ол ең алдымен иманның күші болса, екіншісі отанға деген шексіз сүйіспеншілік дер едім. Оған тарихта дәлелдер де бар. Мысалға алып айтар болсақ, 1941 жылы соғыс кезінде командирлерді ауылдарына қайтару туралы жиын шақырылады. Сол кезде Бауыржан Момышұлы ағамыз тұрып: «сіздердің елге қайтару туралы ұсыныстарыңызға мен қарсымын. Өйткені, мен жақында ғана соғысқа келдім, үйдегі менің әйелімнің аяғы ауыр болатын. Қазір менің әйелім ұл босанды, мен оны әлі көргем жоқ, мен әкемін, баланың алдындағы әкелік парызым бар. Бірақ әкелік парызымнан бұрын менің Отан алдындағы парызым бәрінен жоғары. Қан майданда қаншама бауырларымыз соғысып жатқандай біз қалай  ауылымызға барып, тыныш жатпақпыз. Бұл дегеніміз азаматтыққа сын »,- деген екен. Кімде кім өз елін, жерін сүюді үйренгісі келсе, адамзаттық қасиетті бойына дарытқысы келсе ол адам міндетті түрде Бауыржан Момышұлын оқу керек. Қазақта ең көп мұра қалдырған ол Бауыржан Момышұлы. Артында өшпестей із қалдырып, өлмейтін сөз қалдырып 100 томдық мұраны ұрпағына қалдырыпты. Қазіргі кезде 70 томы дайын, 30 томы халықта дейді ағамыз. Бауыржан ағамыздың соғыста сіңірген еңбегі ерен. Өз командасын 5 рет жау шебінен алып шығып, 270 рет неміс әскерлерімен бетпе-бет тайсалмай соғысқан.  Қандай жағдай болмасын барлығын әскерлерімен бірге көрген. Мұны жастарға айтуымыздағы себеп- қандай жағдайда да өз халқын ерекше сүйіп құрметтеу керектігін, отан алдындағы парызды ұмытпау керектігін, жігіттеріміз намыстарын қорғап, қыздарымыз арын сақтасасын деген ниет» - деген ойларымен бөлісті  Ардақ Назаров.

Кездесу барысында залға жиналған көрермендер  көкейіндегі сұрақтарын қойып, ізгі ниеттерін жеткізді.

  • Ең алғаш жеңіске жеткендегі өз сезіміңізді айтып берсеңіз...
  • Алғашқы жеңісім 4 сыныпта оқып жүргенде күрестен болған. Сол кездегі менің қуанышым шексіз болды. Өз-өзіме мен чемпион болдым деп қайталап, үйге келіп анама мақтау қағазымды көрсеткен болатынмын. Келесі жеңісім, арманым болған 2001 жылы желтоқсан айында Астана қаласында өткен Еуразия чемпионаты. Ол жерде алтын медальды алып ерекше қуанғаным бар. Жалпы алғанда, менің әр жекпе-жегім есімде. Осы уақытқа дейін 25 кездесу өткізсем солардың әр қайсысы әртүлі қызықтармен, қиындықтарымен есте қалды.
  • Спортқа қалай келдіңіз? Қызығушылығыңызды оятқан кім?
  • Әсер еткен адам ол менің анам мен әкем. Алғаш мені спорт мектебіне алып келген анам болды. Негізі жекпе-жек менің арманым болды. Бала күнімде ашылып тұрып төбелессе ғой деп ойлайтынмын. Сол ойлар арманға айналып осы дәрежеге жеттік. Бастапқы кезде жағдайы  түзетсем деген ой болды. Бірақ басқа мемлекеттерге барғаннан кейін, үлкендердің батасынан кейін, сөздерінен кейін түсінгенім мен қазақтың атынан шығып жатқандықтан, бұл жұдырық менің емес халықтың жұдырығы екеніндігін түсіндім. Менің жеңілгендігім – ол халықтың жеңілгендігі екен. Сол себепті де әр жекпе- жекке шыққанда өзімнің намысым  емес қазақ халқының намысын арқалап шығатын болдым. Солай менің мақсатым да өзгеріп сала берді. Қазақ халқы жұмылған жұдырықтай болуымыз керек. Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді деген дана халқымыз. Сондықтан бірлікте болсақ, бәрін де еңсереміз.
  • Ардақ аға, бақыттың шыңы деп нені айтар едіңіз?
  • Ең үлкен бақыт- өзінің Алла тағаласын тану, құдайын тану, кім екеніңді білу, Екінші бақытымыз- елге қызмет ету. Қазақтың қызы арлы, жігіті намысты болса ол да бақыт. Ата-анаң жаныңда болсуы үлкен бақыт . Біздің Тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқанымызда бақыт. Қаракөздеріміздің осылай отырғандағысы, достарыңның жанында   болғандығы    ол бақыт.  Және отбасыңызда әке болып, сүйікті жар болсаңыз ол да үлкен бақыт.   Өмірде жақсы амалдарды артына толтырып, өзінің өшпестей ізін, сөзін қалдырар болсаңыз, мешіт салдырып, игі амалдар жасай алатын болсаңыз ол да бір бақыт дер едім. Тұлға болып қалыптасуға тырысыңыздар. Тұлғалармен тарих өзгереді, тұлғалармен қоғам жақсарады деген. Әр адамға жанымыз ашитын болса, біз озамыз және шыншыл болайық. Рахмет!!!

Жиын соңында «Иман» мешітінің имамы Ардақ Нүсіпханұлы ғибратты әңгімелермен аяқтады.

«Менің ойымша Ардақ Назаров бүгінгі біз көз көрген қазақтың батыры. Бағанадан бері сіздермен бірге әңгімелерді тыңдай отырып, мынадай сұрақ туындаған болатын. Сонда Абайды Абай қылған, Қабанбай, Бөгенбайларды батыр қылып, жауға шаптырған, Бауыржанды даналыққа жеткізген, осындай асыл азамат қылған не нәрсе? Сонда түйгенім бұларды осындай дәрежеге жеткізген халқына, мәдениетіне, дәстүріне, дініне деген жанашырлық екен. Адамды биік шыңға жеткізетін, батырлыққа, батылдыққа жетелейтін, мәрттікке жеткізетін – ол ұлтқа деген махаббат пен адамгершілік. Осы жерде отырған әрқайсымыз Бауыржан болуға, Абайдай болуға, қыздарымызға Әлия мен Мәншүгіндей болуға ұмтылу керек. Ол үшін не керек? Әрине отанды сүю керек, жерді сүю керек, халыққа деген жанашырлық керек, ұлттың болашағын ойлау керек. Кешегі Бауыржан кітап жазбас еді, егерде бізді ойламаса, Абай да қайғырып қартаймас еді, біздің болашағымызды ойламаса, кешегі Қабанбай мен Бөгенбайлар қолдарына қару алмаушы еді, олар да бізді бейбіт өмір сүруімізді ойлады. Ал, біздің міндет сол ата-баба жолын жалғап, болашақ қамын, кейінгі ұрпақ тағдырын ойлап, солардың келешегі жарық болатындай еңбек етуіміз керек »-деді.

Автор:
Аймарал ДАУЛЕТБЕК