2 декабря 2016, 11:07 | 1 610 просмотров
Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.
Ыбырай АЛТЫНСАРИН
Соңғы 10-15 жылдың аралығында еліміздің білім беру жүйесінде тәуелсіздік талаптарына орай кең ауқымды реформалар жүргізілді. Соның ішінде мемлекеттік Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) моделінің орны бөлек. Бұл, біріншіден, білім сапасын бақылау мен бағалау тетігін орнықтырды. Әрі мектеп ұжымдары мен оқушылар және ата-аналар үшін де ыңғайлы, қолайлы екендігін көрсетті. Осы орайда қазіргі қолданыстағы ҰБТ-ның төрт пәндік форматы мен оны ұйымдастыру жүйесін бұдан әрі сақтаған жөн деп есептеймін. Неге? Енді осы сауалға жауап беріп көрейін.
ҰБТ – әрбір оқушыдан білім стандартындағы бағдарламалық материалды нақты білуін талап етеді. Мұндай жағдайда оқушы күнделікті баға алу үшін емес, тестілеу кезінде жоғары балл алуға ұмтылады. Әрі заңдылықтар мен ережелердің және құбылыстар мен оқиғалардың мәнін терең түсініп алуға зейін қояды. Алайда, соңғы он жылдықта тестілеу төңірегінде еліміздегі жалпы білім беретін мектептер тәп-тәуір тәжірибе жинағанына қарамастан, ҰБТ оқушыларға қысым жасайды, жүйкелеріне салмақ салады, білім сапасын бағалаудың көрсеткіші болудан қалып барады деген пікірлер де айтылып қалып жүр.
Рас, әрбір оқушының күнделікті материалды үздіксіз меңгеруін қамтамасыз ету өте күрделі мәселе. Тесті білімдегі осы кемшіліктерді көрсетіп бере алады. Сол үшін оны оқушы да, ата-аналар мен мұғалімдер де «жақсы» көре бермейді. Менің ойымша оқушының білім сапасының төмендеуіне тестілеудің қатынасы жоқ. ҰБТ оқушының білім деңгейін айқындаушы ғана әдіс.
Жоғарыда айтып өткенімдей, ҰБТ-ның қазіргі қолданыстағы негізгі төрт пәндік форматын сақтау қажеттілігінің басты мәні мұнда бұл пәндердің әрқайсысының өзіндік орны бар. Айталық, мемлекеттік тіл мен математика пәндері – әлемдік жалпы білім беру тәжірибесінде міндетті оқытылатын пәндер қатарына кіреді. Бұлардың бүгінгі өмірдегі қажеттілігі мен маңыздылығы талас туғызбайды. Ал тарих пәні біздің егемен ел жағдайында міндетті оқытылатын пәндердің бірі болуы тиіс. Болып та жүр. Бұл арқылы жастардың бойында өткенге құрметпен қарап, отанды сүйе білу сезімін қалыптастыра аламыз. Қай қоғамда да жеке тұлғаны қалыптастырудағы басты көрсеткіш адамгершілік сапа болып қала бермек. Біздің қазақстандық қоғамда да солай. Ал түптей келгенде, оқушылардың таңдау пәні біреу болуы дұрыс.
ҰБТ-ға қатысты көптен айтылып келе жатқан мәселелердің бірі – екі деңгейлі жүйе. Оның біріншісі, орта мектепті аяқтаған қорытынды баға болса, екіншісі, жоғары оқу орнына түсу үшін қажетті баға. Біріншіден, бүгінгі таңда жастардың жоғары оқу орнына даярлығы жалпы білім беретін мектептерде жүзеге асырылады. Әлемдік тәжірибеде де солай. Жоғары оқу орындарына жастарды әзірлеу бес жылдан жеті жылға жейін жалпы білімнің жоғары сатысында және арнайы мектептерде жүргізіледі. Бүгінгі таңда ХХІ ғасырдың күрделі интеллектуалдық мамандықтарына жастарды даярлау үдерісі күрделеніп барады. Мұндай жағдай өз кезегінде жалпы білімнің жоғары сатысына ерекше талап қойып, он екі жылдық білім беруге көшуімізді талап етіп отыр.
Бүгінгі таңда мектептің жоғары сыныптарында 19-дан 23-ке дейін пән оқытылады. Әрі бұл аталған пәндердің бағдарламалары өте күрделі. Бұл бөлек бір тақырыптың еншісі. Аталған бағдарламалар ғылымның ХХІ ғасырға дейінгі даму деңгейін, ертеңі мен бүгінін толық қамти отырып құрастырылған. Сонда осы 19-23 пәндер бойынша берілетін кең көлемді білім әрбір оқушыға түсетін ауыр салмақ. Яғни, оқу жоспары оқушыларға бейінді білім беру қағидаты бойынша емес, кеңес мектебінен бері өзгеріссіз келе жатқан жалпыға бірдей міндетті білім беру тәртібіне негізделіп құрылған. Бұл «Білім туралы» Заңда көрсетілген мектептің жоғары сыныптарында оқушылардың өз қабілетіне, таңдаған болашақ мамандығына, өзінің қызығушылығына қарай саралап және даралап оқыту талаптарына мүлдем қайшы келеді.
Оқу жоспарындағы бейінді және міндетті пәнге берілетін уақыт көлемінің жай пәндерден айырмашылығы жоқ. Таңдаған мамандықтарына қарай оқушылар бейінді пәндерден білімді қосымша арнайы курстар арқылы тереңдетіп меңгерулері тиіс. Сонда түске дейін оқушылар алты сағат стандарттық оқу жоспарындағы пәндерді оқиды. Оған қоса, оқушылардың түстен кейін төрт сағат уақыт көлемінде ертеңгі сабаққа, үй тапсырмасына әзір ленуі және де факультативтік сабақтарға қатысуы керек. Сөйтіп, оқушылардың бір күндік оқу уақыты 12-14 сағаттан асып түседі. Бұл жағдай оқушыға да, мұғалімге де өз мүмкіндіктерін бір арнаға бағыттай алмайды. Сондықтан оқу жоспарындағы бейінді, міндетті пәндерге бөлінетін уақыт көлемін әр оқушының ертеңгі өмірлік мүдделеріне, қабілет икемділіктеріне қарай анықтамайынша, оқушылардың тағдырына тікелей қатынасты сапалы, бейінді білім беру еш мүмкін емес.
Қазір оқушылар ҰБТ-ға әзірлену үшін мектептен тыс репетиторлар жалдауына, «шпаргалка» әзірлеуге және де тікелей тестінің әзір жауаптарын сырттан көшіріп алу үшін түрлі байланыс құралдарын қолдануға мәжбүр. Мұндай көрініс барлық жерде әдеттегі жағдайға айналып барады. Тіпті, жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдердің өздері осы бағытта жұмыс істей бастады десе де болғандай. Сондай-ақ, кейінгі кезде енгізілген «жылдық орташа арифметикалық бағаны аттестатқа қою» тәртібімен де келісу қиын. Өйткені, бұл сонау жетпісінші жылдардағы кеңес мектебінің тәжірибесін еске салады. Мұндай тәсіл, түптей келгенде, мұғалімдердің оқушыларға жасанды жоғары баға қоюына алып келеді. Бүгінгі таңда «бұл мұраны» тестпен қатар қолданып, білім сапасының көрсеткішін оған тәуелді етудің ешқандай қисыны жоқ.
Сөз соңында тағы бір айтайын дегенім, кейінгі кезде ҰБТ өткізу қосындарының санын негізсіз өсіру көріністері белең алып барады. Мұндай жағдайда Ұлттық бірыңғай тестілеудің басты мақсаты – тәуелсіз сырттай бақылау тәсіліне елеулі нұқсан келетіні анық. Сонымен бірге, тестілеу моделінің әділ бағалау мен объективтілік деңгейі де төмендейді. Сондықтан қосын санының көбеюі ҰБТ моделінің басты қағидасы – бақылауды толық жүзеге асыруға зиянын тигізбесе, ешқандай пайда бермейді деп тұжырым жасай аламыз.