Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Балаға дайын білім беру емес, оны білімге өзі жете алатындай етіп тәрбиелеу керек


10 февраля 2017, 04:17 | 1 630 просмотров



...2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс. Білім беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бірегейо қуорындары – «Жаңа Халықаралық Университет»,«Арнаулықор» және қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан «Интеллектуальдық мектептер» секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін біз Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің  тыныс тіршілігі жайлы баяндауды жөн көрдік. Бұл турасында білу мақсатында аталғын білім ордасының директоры Пірмағанбет Дауірхан Сұлтанұлына жолығып, әңгімілеп беруін сұраған едік.

- Дәуірхан Сұлтанұлы, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде Зияткерлік мектептер жұмыс істеуде. Соның бірі - Талдықорған қаласындағы  Назарбаев Зияткерлік мектебі. Бұл мектеп басқа жалпы білім беретін орта мектептерге қарағанда  өзгеше, «көшбасшы» екенін білеміз, мұндағы оқу жүйесінің басты ерекшелігі неде?

-         Біздің жаңа бағдарламаның осы күнге дейінгі дәстүрлі бағдарламадан ерекшелігі – оқушы бойында ХХІ ғасырға тән дағдыларды дамыту: сыни тұрғыдан ойлау; алған білімін өмірде қолдана алу; өмір бойы үздіксіз білім алуға дайын болу.  Біздегі білім жүйесі -12 жылдық. Соңғы 11 және 12-сыныпта баланың қалаған мамандығына байланысты кәсіби бағдар беріледі. Негізгі мектепте балалар 15 пәнді толық меңгерсе, жоғарғы сыныпта өзіне қажетті пәнді ғана оқиды. Зияткерлік мектепте ағылшын,қазақ,орыс тілдерінде жүргізіледі.  Бұл баланың үш тілді  толық меңгеруіне мүмкіндік береді. Мектебіміздің тағы бір ерекшелігі -жаһандану дәуіріндегі әлем азаматының бойындағы барлық қасиеттерді дамыту.

Жаңа бағдарламамен білім беретін ұстаздарымыз республикалық, халықаралық деңгейдегі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Мектебімізде шетелден келген әріптестеріміз қызмет атқарады, бұл мұғалімдерге халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Шетелдік мұғалім мен біздің мұғалімдер арасында «Time teaching» жобасы жүзеге асырылады. Бұл - биология, химия, физика, математика, т.б. пәндер бойынша екі мұғалім бірге сабақ жүргізу үрдісі.

Ал жергілікті мұғалімдердің шетелде іс-тәжірибесін көтеруге мүмкіндіктері бар ма?

- Әрине, әр мұғалім өз бағыттарына сәйкес шетелдік курстарға барып тұрады. Мысалы, сын тұрғысынан ойлау, өз пәнін тереңдету, шетелдік білім беру жүйесінен тәжірибе алмасу, т.б. Ең басты мұғалімдерге қызықты және пайдалы бағыттар – “Action Research», «Lesson  study” «Appraisal» деп аталады. Мұнда мұғалім сабақ берумен шектелмей, сабақ үрдісін, оқушы жетістігін, әдіс-тәсілдердің тиімділігін зерттеумен айналысады. Күнделікті жұмыс барысында пайда болатын проблемаларды тауып, соны жыл бойына зерттеп, бір нәтижеге келтіреді. Мысалы, «Туған тілінде білім алатын оқушылардың екінші тілде жазылым дағдысының баяу дамуы». Осы мәселе бойынша бір сыныпта не параллель сыныпта сабақ беретінтілдік пәндердің мұғалімдерібірлесіп, мәселені түрлі бағытта жыл бойы зерттеп, шешім шығарады, нәтижесін бақылайды. «Оқушыға қалай көмектесуге болады?» мақсаттағы зерттеулерді барлық пәннің мұғалімдері жүргізеді. Зерттеу нәтижесімен бөлісіп отырады.

- Оқушы жетістіктері туралы не айтар едіңіз?

- Жақын арада Үндістанда өткен Халықаралық ғылыми-техникалық жарыста оқушыларымыз гран-при иеленді. Бұл робототехника бойынша жасалған жұмыстары болатын. Информатика мұғалімі Николай Авдюниннің жетекшілігімен «Ғарыштағы қоқысты тазалау» тақырыбында балалар жоба дайындады. Сонымен қатар, оқушыларымыз мұнай-кен орындарын іздеуге арналған роботта жасады. Ол мұнай орналасқан жерді табуға көмектеседі. Бұл жұмыстарымен Катардағы сайыста ел намысын қорғаған Бек Талғат, Алексеев Анатолий және Сартбаев Ратмир атты оқушыларымыз.  Математика пәні бойынша олимпиадада Пак Артур қола медальды иеленді. Халықаралық химия олимпиадасында Моргунов Антон күміс медальді қанжылады. Біздің мектеп Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында «Ең үздік олимпиадалық мектеп» болып танылды.

Осындай табысты оқушылармен қатар, жан-жақты кәсіби білікті ұстаздарымызды да мақтан тұтамыз. Олар да түрлі олимпиадалық жарыстарға, Халықаралық конференцияларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Мектебімізде 117мұғалім қызмет етеді. Америка, Оңтүстік Африка, Австралия, Жаңа Зеландия секілді мемлекеттерден келген 12 әріптесіміз бар.

-         Мектепте қандай үйірмелер бар және олардың жетістіктері қандай?

-         Сабақтан тыс әр түрлі үйірмелер мен клубтар бар. Мектеп ішінде өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасқан, балалардың өздері құрған жобалар жұмыс істейді. «Википедия», «Жас пресс», «Тedх», «Жас қаламгер», «Көңілді тапқырлар клубы», «Қамқор», т.б.сияқты шығармашылық және әлеуметтік жобаларға оқушылар қызығушылықпен қатысады. «100 кітап» жобасы негізінде күн сайын «Reading time» болады. 15 минут бойы мектептің барлық қызметкерлері мен оқушылары кітап оқиды. Балалар бір-бірімен тәжірибе алмасу мақсатында «Жас психологтар» үйірмесін құрған. Хореография, хор, оркестр, драмалық үйірме секілді толық форматтағы клубтар жұмыс жасайды. Яғни, бала мектепте тек оқып қана қоймай, жан-жақты білім алып, тәрбиеленеді. Сабақтан кейін алған білімін тереңдетуге арналған элективті курстарға барады. Екіншіден, біздің оқу бағдарламамызда «мини» және «макс» деген қағида бар. Сөйтіп бала өзіне қызықты пәнді терең оқи алады. Бала 15 пәнді де жақсы оқи алмайды, ол мүмкін емес. Бала тек өзі ұнатқан пәнге ғана қызығушылық танытады, сондықтан біз әр сабақ бойынша минимум жоспар жасаймыз. Әр бала қай сабақ бойынша қызықса, сол пәнге элективті курстар өткізіледі. Сонымен қатар, спорттық үйірмелер де бар: футбол, воллейбол, шахмат, теннис, бассейн, үстел теннисі. Күнделікті жаттығу жасау үшін кез келген уақытта жаттығу бөлмесі ашық.

-         Жалпы мектеп қабырғасында қанша оқушы бар?

-        Мектепте қазіргі уақытта бастауыш сыныптарды қосқанда,  жалпы 733 оқушы бар. Сонымен қатар, алыс аймақтағы оқушыларға арналған интернат жұмыс істеп тұр. Интернатта тұрып жатқан 80 бала күніне  5 мезгіл тамақпен қамтылған. Оқушылардың бөлмелері жаңа талаптарға сай жабдықталған.

-         Тұңғыш Президенттің «Өркен» грантын иелену үшін оқушыларға қандай талаптар қойылады?

-         Біздің мектепте балабақша, бастауыш және 7-сыныпқа түсуге қабылдау емтиханы бар. 7-сынып емтиханы 2 кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде математика, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі бойынша тест тапсырмаларын жазады. Екінші кезеңде баланың кеңістікте ойлау дағдысы тексеріледі. Осы емтихандардан 35 немесе 40%-дан жоғары алған балалар конкурсқа қатысады. Орыс және қазақ сыныбына жалпы 80 бала қабылданады. Өткен жылы мектебімізге 575 бала тапсырса, осы жылы 758 бала «Өркен» грантына өтініш тапсырған. Яғни, жылдан жылға оқуға деген сұраныс артуда.

-         12 жылдық оқудың нәтижесінде қорытынды аттестациялау сіздердің мектепте қалай жүзеге асырылады?

-         Осы кезге дейін біз ҰБТ тапсырмай келдік, бірақ соңғы заңдағы өзгерістерге байланысты тапсыратын болдық. Алайда бұл мәселе әлі де шешіліп жатыр. Ол туралы нақты мәлімет жоқ. Мектеп түлектері  бағдарламаны толық меңгергеннен кейін,  Кембридж Халықаралық емтиханын тапсырады.

-         Осы мектепті бітірген түлектерге қандай жеңілдік қарастырылған?

-         Біріншіден, Біздің 12 жылдық пен мектептің 11 жылдық бағдарламасында ерекшеліктер бар. Ал, екіншіден біздің 12 жылдықты бітірген балалар Қазақстанның жоғарғы оқу орнына бірінші курсты оқымаса да болады. Өйткен,і кейбір бағыттағы пәндер бойынша балалардың білімі өте жоғары. Халықаралық білім саласындағы стандарттар бар. Оның үш деңгейі біздің 11 жылдық білімді қамтиды, төртінші деңгей 12 жылдықты қамтиды. Бесінші, алтыншы, жетінші деңгей жоғарғы оқу орнының жүйесіне сәйкес. Былай айтқанда, халықаралық стандарттар бойынша 11 жылдық жүйеде үш деңгей ғана оқытылады, ал біздің балалар оқығанды барлық басқа оқу орындары оқымайды, сондықтан жалпы білім беретін орта мектепті бітірген балалар шет елге барғанда, қиындықтарға тап болады. Сол себепті олар ағылшын тілін ерекше оқиды. Ал, 12 жылдық бағдарлама балаға өзінің академиялық дамуын жоспарлауды үйретеді және өз пәнін терең меңгеруге көмектеседі. Біздің мектепте өткен жылғы соңғы бітіріп кеткен оқушылардың орташа балы ағылшын пәнінен IELTS бойынша 6.5 .

-         Балаларға арналған оқулықтардың басқа мектеп оқулықтарынан ерекшелігі бар ма? Қандай баспадан, қай жерде шығады?

-   Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бағдарламасына сай оқулықтар әлі дайын емес. Сондықтан мұғалімге еркіндік беріледі. Қай әдебиетті қолданғысы келсе, соны қолдануға  мүмкіндігі бар. Бұл мұғалімге жақсы. Шығармашылық жағынан еркін дайындала алады. Сонымен қатар басты мақсаттың бірі – оқушыға мағлұматты іздестіруді үйрету. Балаға дайын білім беру емес, оны білімге өзі жете алатындай етіп тәрбиелеу керек. Қазір ғаламторда ақпарат өте көп. Сондықтан мағлұматтың ара қашықтығы тек телефонмен ғана шектеледі. Бұл - заман шындығы, сол себепті баланы заман талабына сай үйретудеміз. Қалаған мағлұматын өзі тауып үйренуі керек. Бұл жердегі маңызды нәрсе – ақпарат көп, бірақ қайсы дұрыс, қайсы бұрыс, оны табу қиын. Осы арқылы баланың сыни ойлау қабілеті дамиды. Өз пікірін дәлелдермен негіздей алу керек. Одан бөлек аргументтерге сүйеніп сөйлеуі мен сөздік қорын да дамытуға атсалысамыз.

    Әдістеме – бұл құрал. Әркімнің өзіндік әдісі болады. Ең басты ортақ мақсат – балаға білім беру. Мұғалімнің міндеті - баланың деңгейі мен қабілетін анықтап, соған лайықты білім беру. Маңыздысы – ұстаздың шығармашылық тұрғыдан жұмыс істеуіне жол ашу. Жақсы мұғалім ешқашан оқулықпен шектелмейді. Әр баланың деңгейіне сәйкес дифференциацияны  қолданып, оқушыны сыни тұрғыдан ойлауға баулиды. 

Мектептегі бір ерекшелік – критериалды бағалау. Әр мақсатқа жетістік критерийі жасалады, соған сай оқушы білімі бағаланады.

         - Ата-ана баласының білімін қалай бақылайды?

- Оқушы, мұғалім, ата-ана арасындағы қарым-қатынас өте маңызды рөл атқарады. Ата-ана баласын тек білім алуға ғана беріп қоймай, біздің қандай білім беріп жатқандығымызды бақылай алады. Сол мақсатта баласының білім үрдісіндегі әрекетіне 100% қатысуы керек. Әр бала туралы ақпарат беріледі, әр мұғаліммен жеке бетпе-бет кездесе алады, ата-аналарға арналған шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізіледі. Балаларының күнделікті қалай тамақтанатынын тексеріп, мектептің қоғамдық өміріндегі түрлі жарыстарға қатысады. Қорыта келгенде, ата-ана оқушының мектептегі өмірімен толыққанды таныса алады.

-     Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттеріңізді білім нәрімен сусындатып, тәлім тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбектеріңіз зор. Олай болса,  дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем болып, ұзақ ғұмыр кешіңіздер демекпіз.   Сұхбатыңызға көп рахмет! Кәсіби әрі шығармашылық табыстар тілейміз!

Автор:
Шалқар ОРАЗБАЕВ.