Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Дебат технологиясын математика сабақтарында қолдану әдістемесі


14 июня 2010, 14:30 | 2 721 просмотр



Оралдан келген хат

Өткенде айтқанымыздай, «Білім шапағаты» газетінің ғаламтордағы элоктрондық нұсқасын www.BSH.KZ әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған мың оқырмандар оқуда. Соның бір айқын айғағындай, редакциямызға шалғайдағы Орал өңірінен үшбу хат келіп түсті. Өз өңіріне кеңінен танымал математик-ұстаз Гүлмира Кариева бізге әдістемелік еңбектерін жолдапты.

Алматы облысындағы ұстаздарымыз қиырдағы Орал ұстаздарымен тәжірибе бөлісіп жатса, несі айып. Керісінше, бірін-бірі толықтырарлық ұлағатты іс емес пе – бұл?! Сол себепті, Гүлмира Кариеваның көлемді екі еңбегін де қаз-қалпында жариялауды жөн көріп отырмыз. Және де, дәл осылай өзге де шалғай өңірлердегі ұстаздарымызға газетіміздің «төрі» әрдайым ашық екенін қайталай ескертеміз!

Редакция

Шығармашылық – бүкіл тіршіліктің көзі. Адам баласының сөйлей бастағанынан бастап бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткен жетістіктерін меңгеріп, қана қоймай, өз іс - әрекетіне сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді.

Ал бүгінгі күрделі әлеуметтік - экономикалық жаңарулар тұсында шығармашылық қабілеттер басты нысана болып, керісінше оқушыда шығармашылық қабілеттің болмауы – үлкен проблема саналып, ойландыруы тиіс деп ойлаймын.

Оқушының шығармашылық қабілеті оның ойлауы мен практикалық әрекеттері арқылы дамиды. Ойлауға үйрететін сабақтар -жаңа технологияларды қолдану сабақтары болып табылады. Мұндай сабақтарда оқушыға ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық қатынас қалыптасады. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы емес, бағалаушы емес, танымдық іс әрекетін ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана оқушы интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.

Осыған сәйкес сабаққа қойылатын қазіргі талаптар да мұғалімнен зор шеберлікті қажет етеді. Халқымызда «шайнап берген ас - ас болмайды» деген мақал бар, сол сияқты мұғалім де сабақ үрдісінде материалды дайын күйінде бермей, оқушы ізденісіне жол ашатындай түрткі болатындай (стимулятор) әдіс –тәсілдерді таңдап алуы қажет. Сонда ғана оқушы шын мәнінде өзіндік ойлау қабілеті бар, жеке адам болып қалыптасады. Ұлы ойшыл, қытай философы Конфуциидің «Естігенімді – ұмытамын, көргенімді есте сақтаймын, ал өз ақыл -ойыммен істеген ісімді түсінемін» деген даналық сөздері осы айтылғандарды дәлелдей түседі. Олай болса, әр мұғалім өз әрекетінде мүмкіндігіне қарай әртіс болып қана қалмай / яғни өз білгенін орындап қана, кете беретін/, орыс тарихшысы В.О. Ключевскийдің: «Мұғалімге сөз өз ойын сапырылыстырып айту үшін берілмейді, басқаның ойына қозғау салу үшін беріледі» дегендей, сабақ үрдісінде түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы қажет.

Дей тұрғанмен, әлі де болса білім беру ісінде уақыттың көбі баланы жалықтыратын баяндау, түсіндіру, үлгіні көрсету сияқты өнімсіз еңбекке жұмсалады. Осы себептен оқушы игерген білімін іс - әрекетте пайдалана алмау қиындығына тап болады. Ал оқушыны дамыта оқытатын болсақ ізденушілік – зерттеушілік әрекеттерін ұйымдастыру жағдайы басты назарда болмақ. Ол үшін оқушы өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жағдайды шешуге қабілетсіз екендігін сезінуі керек. Осыдан кейін оқушының білім алуға ынтасы артады, білім алуға әрекеттенеді. Оқушы алдына мақсаттарын қоюда ешқандай дайын үлгі бермейді. Мақсатты шешу іштей талқылау, сосын жинақтау арқылы жүзеге асады. Әркім оқушыға өз ойын, пікірін айтуға мүмкіндік беріледі, жауаптар тыңдалады. Әрине жауаптар барлық жағдайда тыңдалады. Әрине жауаптар барлық жағдайда дұрыс бола бермес. Дегенмен, әр оқушыға жасаған еңбегінің нәтижесімен бөлісіп, талпыныс жасайды, жеке тәжірибесін қорытындылауға үйренеді.

Оқушы әр түрлі ақпарат көздерімен сусындап өз түйінін айта білуі керек. Кез келген мазмұнды талдау барысында өз тобымен ұйымдасып, пікірлесіп, ең ұтымды жауапты іздеуі керек. Осыған орай «Сорос Қазақстан» қорының ұйымдастыруымен өткен «Пікір -сайыс» бағдарламасының маңызы зор. Осы бағдарламалардың стратегияларын пайдаланып өткізген сабақтардың әсері мол.

Топқа бөлінген оқушылар өз сұрақтарына тынымсыз жауап іздейді. Әр оқушы өз идеясымен бөліседі. Мен өзімді тамаша бір оркестр басқарып тұрғандай сезінемін. Оқушыларым тамаша ойшыл адамдар. Бұл оларға сол проблема бойынша өз көзқарастарының қалыптасуына, пікірлерін қарсыластарының көзқарастарымен салыстыруға, өз пікірін қорғауға үйретеді, сол проблеманы өздігінен терең зерттеуге итермелейді. Пікір – сайыс жастардың білімдерін жан –жақты жетілдіріп, мәдени деңгейлерін көтереді, басқа адамдарға түсінікпен қарап, олардың пікірлерімен санасуға үйретеді, шешендік өнерге баулиды.

Өмірбаян

Мен, Кариева Гүлмира Жетпісқалиқызы, 1969 жылы 1 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келдім. 1985 жылы Шөптікөл орта мектебін жақсы аяқтап, сол жылы Орал педагогикалық институтының математика- информатика факультетіне оқуға түстім. 3 курстан бастап үздік оқығаным үшін Лениндік степендия тағайындалды. 1990 жылы аталған институтты үздік белгімен аяқтадым.

Ұстаздық жолымды №33 мектепте бастадым. Кейін облыстық дарынды балалар лицейінде жұмыс істедім. Соңғы 12 жылдан бері Круглоозерный ЖОББМ-де математика-информатика пәнінің мұғалімі, ӘБ жетекшісі болып келемін. 2001 жылдан бастап жоғары санатты мұғалім атағы берілді.

Облыстық білім жетілдіру институтының тұрақты лекторымын. Қалалық «Жыл мұғалімі-2009» сайысында /4 орын/ «Ұлағатты ұстаз» номинациасында лауреат атандым.

Биылғы жылы облыстық «Ең үздік сандық білім беру ресурсы» байқауында 3 орынды иелендім. Мектеп ӘБ-гі қалалық мұғалімдер арасындағы «Математикалық регата» ойынында 3 орынға иеленді. Бірнеше оқушыларым техникалық мамандықтар бойынша оқуға түсіп, өз білімдерімен көзге түсуде.

(Жалғасы келесі санда)

Автор:
Гүлмира КОРИЕВА, Батыс Қазақстан облысы