Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАҒЫҢ ЖАНСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!


14 июня 2010, 22:29 | 1 845 просмотров



Әр жыл сайын, осы уақыт мектеп бітірушілердің түн ұйқысын төрт бөліп, күдік пен үміт жан дүниесін қан тамырдай аралап, қатты қарбаластыққа түсіріп жатады. Кім баласының жаман болғанын, оқуға түспей сергелдең өмір сүруін қалайды дейсің! Таңнан тұрып, түннің бір уағына дейін көз ілмей, балаларының болашағына алаңдап әлек болады. ҰБТ – ол, әр жеткіншектің ертеңгі болашағының, тағдырының таразысы. Тіпті кейде бір балдың өзі, бір адамның бүткіл ғұмырын өзгертіп жіберуі де ғажап емес. Сондықтан, дәл сол майданда, кімде болса, барын салып, барынша ұмтылып қалуға тырысады.

Ал, ата-аналары да балаларының «нағыз майданға» кіргенінен, шыққанына дейін қақпадан қарашығын қалт жібермей тілеуін тілеп, табандарынан таусылып тұрғанын көргенде, барлығының балалары бәйгеден қатар келсе екен деп ойлайсың.

Биылғы жылдың түлектеріне де өз кезектері келіп жетті. Жылдан-жылға қоғам дамыған сайын, жастүлектерге қойылатын талаптар да күн санап артып келеді. Жүйріктің жүйрігі ғана көрінетін бұл жолғы көмбеден биыл кімнің тайы озарын алдағы уақыт көрсете жатар.

Жыл сайын болатын бірыңғай ұлттық тест тапсыру күні, біз де түлектермен бірге І.Жан-

сүгіров атындағы Мемлекеттік Университетіне барып қайтқан едік. Сол баяғыдай, алыс-жақын ауылдардан келген, ҰБТ деп ентіккен түлектер мен қаптаған ата-аналар...

Бала десе, бауыр етін үзіп беретін ата-аналардан балаларынан қандай үміт күтіп тұрғанын сұрағанымызда, барлығы да, оқуға сүрінбей өтіп кетуіне, сұрақтардың жеңіл болуына тілектесіп тұрғандықтарын жамыраса айтып жатты. Бар ата-ананың тілегі бір ғой. Біздің бір байқағанымыз, бұрындары емтихан майданында телефонмен сөйлесіп отырып комиссия мүшелеріне ұсталып қалыпты, қолдарына қыстырып қағаз алып кіріпті т.т естіп жататынбыз. Ал, биылғы жылдың бір ерекшелігі- үміткерлер сыртқы қақпадан кірерден бұрын қалта-қалталарын қағып кіріпті. Қақпаға жауапты күзетшілер қорап-қорап қалта телефондарды артынан ата-аналарына тапсырып жатты.

Тест тапсырып шыққан талапкерлерге;

Емтихан майданына кіріп бара жатқанда қандай көңіл күйде болдың?

Мектеп прагромасында жоқ сұрақтар кездесті ме?

Қандай пәндерден қатты қиналдың?

Комиссиялардан сізге ешкім көмектеспеді ме?

Сіз үшін емтихан әділ өтті ме? – деген бірнеше сауалдар тастадық. Әркім әр түрлі жауаптар беріп жатты. Осы сұрақтардан тағы бір қорытқанымыз, мектеп бағдарламасынан тыс, ешқандай артық сұрақ болмағандығын, емтихан әділ болғандығын аңғарғандай болдық. Барлық тұлектің бағы жансын дейміз!

Автор:
Күнсұлтан ОТАРБАЙҰЛЫ