Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тұтқын!


21 июня 2010, 18:11 | 3 020 просмотров



«БІЛІМ ШАПАҒАТЫНЫҢ» БӘЙГЕСІНЕ!

(Әңгіме)

Тас қораның есігі сарт етіп ашылғанда, қаны сорғалаған жарасын жалап жатқан Көкшолақ жарқылдаған жанарынан жасыл от шашырата орнынан гүрілдей түрегелді. Желкесінен құйрығының ұшына дейін созылған қаракөк жалының әр талына дейін лезде үдірейе тұрып, зор ашу мен қорлыққа төзбес қалың қайратқа суарылған кек тұла бойын қалшылдатып жіберді. Сол жақ жамбасының қан қақсап ауырғанына қарамай оң аяғына күш сала серіппедей ұмтылып, керегенің ағаш шарбақтарын болат азуларымен қауып түсті. Көкшолақ екпіндей ұмтылып, кеудесімен соққанда мықты қайыспен байлаған берік уық қоршау сәл шайқалып сықырлағаны болмаса, мызғымады. Болаттай азуларымен керегенің айқасқан ағашын қаршылдата шайнаған көк шолақ сол жақ жамбасының қақсап ауырғанына шыдамай бүктеле құлады. Бойын буған көзсіз ашу бүкіл қанын қоздырып қайта ұмтылды. Кере қарыс ашылған аузынан қан шұбырды. Аққан қанның қышқылтым дәмінен бойындағы тағылық мінездің тығыны ашылып аласұрды. Шалқасынан ашылған есікке жете бере етегіне шалынып құлаған екі аяқтыларға азуын баса алмағанына ашынған көкшолақ құлап түсіп, ауырған жамбасына аузын салды. Терісіне ілініп салақтап тұрған сол аяғын үзіп алып, бойын кернеген долы ызаға булыққан күйі бір-екі толғап жұтып салды. Үш күннен бергі көрген қорлығы мен шеккен жапасы, әшейінде қарасын көрмек түгіл иісін сезгенде, салбыраған құйрығын бұтының арасына тыға қашатын бұралқы төбеттердің тісі тиіп, жараға айналып ісініп кеткен бүкіл денесі қазір тек ашудан жаралғандай қалшылдап тұр.

Көмейлерінен бұған түсініксіз әлдебір күңгірлеген, шаңқылдаған үн шығарып, тікесінен тік ербеңдеп жүретін екі аяқтыларды бұл талай рет сыртынан көрген-ді. Талай рет алдына салып айдап жайып жүрген қойларын тас қалқасы қаға берісте алып соғып, мелдектеп тойған. Ілу де бір көріп қалса, ұзын мойын қара таяғынан гүрс еткізген зәрлі үн шығарып, айқай салып талай қуғанда да адырдан адырға салып адастыра қара үзіп кететін еді. Сырт көзге қорғансыз көрініп, бұлардыкіндей қаршылдата шайнап айбар көрсетер азуы болмаса да, өздерінің қас жауы осылар екенін іштей сезінетін. Сезінетін де күндіз көзіне түспей, жал-жалдың астына бұғып жүріп-ақ алдындағы қойына тасада тап беріп жарқырата жарып салатын.

Жаңа ауызданып тісі қызылға тиген бөлтірік кезінде енесі мұны өзімен бірге жортуылға алып шыққанда елсіздегі үш-төрт жылқыға тап болған. Тастың тасасына дейін бұға жер бауырлап жақындап келген енесі мұны сол жерде қалдырып, құлағын жатқызып, құйырығын тістелеп, өзімен- өзі секіріп ойнаған күйі жылқыларға жақындай берген. Бойындағы ойын құмарлық қасиеті оянып, ұмтылғысы, ойнағысы келгенмен әлдебір түсініксіз тағылық сезімі бұны жерге жапсыра түскен еді. Шұрқырай кісінесіп үйіріліп оқыранған жылқылар бір жерге жиналып, өзімен-өзі алыста әлек болып жүрген мұның енесіне оқшырайып құлақтарын тігіп қарап қалған. Шеттеу тұрған торы құнан әуестігі қозып, мойнын созып иіскелеуге айналғанда, енесі кенет атылып тұрып торы құнанды тұмсығынан бас салды. Шыңғыра кісінеп аспанға атылғысы келгенмен, зілдей салмақ пен тұқырта тістеген болат азулар тырп еткізбеген. Сәл ғана табандап тартып тұрып жібере салғанда, бар күшімен шірене тартынып тұрған құнан тоңқалаң асып құлаған. Көз ілеспес жылдамдықпен оқша атылған енесі құнан орнынан тұрғанша жұқа шабын жарып үлгерген. Жан дәрмен орнынан ұмтыла тұрғанда ішек-қарны сарылдай аққан қанымен ақтарылып түскен құнан шыңғыра құлады. Жығылғанда өткір тістерімен кеңірдегін қиып жіберді. Тағылық сезімі оянған бұл да ұмтылып, жаны шығар сәттегі жанталастың үстінде жатқан торы құнанның арт жағынан келіп қалғанда, сермеленген аяғы мұның басына тиіп, көзінен отын жарқ еткізіп ұшырып түсірген. Қисалаңдай орнынан тұрғанда қарны жарылып, буы бұрқырап аспанға шығып жатқан құнанның кеуде тұсына басын сұғып жіберіп, қорқ-қорқ асап жатқан енесімен қатарласа бұл да бас қойған. Сол жолы қарны айналып кеткенше тоя жеген етті ауырлап, бүлкектеп жортқан енесінің соңына әрең ілесіп, апанға жеткен мұның санасына жемін аулаудың өзіне беймәлім бір амалының барлығы ұялаған еді. Көзі үйреніп қалған, бас салып талап, түтіп жейтін қорғансыз қозы-лақ, қоян мен домалаған суырдан да ірі жемнің болатынын сол жолы көрген.

Үйіне келіп күш қуаты толған соң, бұл да енесінен бөлек кеткен. Аяқтары сомдала жуандап, тұрқы ұзарып, азу тістері беки түскен. Желкесінен құйрығының ұшына дейін қара қылшықтанған қара көк түк тегіс басқан. Кең кеудесі қарсысынан қарағанда арт жағын көрсетпей айдындана түскен. Жуан мойнына биік шоқтығы жымдаса жалғасып, шаңырақтың күлдіреуішіндей бүгіле түскен белі, сіңірлі аяқтары серпінінің күштілігін аңғартады. Жаңа жауып, бірер күн өткен соң беті қатып беки бастаған қалың қар ұзақ жортуылда жүрген мұның салмағын көтере алмай ойылып түсетін. Себезгілей төгілген ай сәулесімен көлеңкесі де зорая түсіп, тұлғаландыра көрсететін. Саяқ жортып жүріп өзіндей жаңа ауызданған жас бөрілердің тобымен әуелі таласып, соңынан езу жаласып табысып кетіп еді.

(Жалғасы келесі санда)

Автор:
Әділов Бақытнұр Тәліпұлы, Алматы облыстық мектеп-интернаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі.