Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тағдыр талқысы: ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАР


21 июня 2010, 18:20 | 3 364 просмотра



ЕЛІМ-АЙ...

Еліміз тәуелсіздік алғаны на да біраз жылдың жүзі болды. Кешегі ел басына күн туғанда, ұрпағымызды сақтаймыз деп шетел асып кеткен қандастарымыз, сол ұрпақтарын бүгін байырғы атамекеніне аманаттап қайта оралып жатқаны белгілі. Ал, әлі де, отанына орала алмай отырған бауырластарымыз қаншама? Еліміздің жан санын 20 миллионға жеткіземіз деп жанталасып жатырмыз. Қазақ даласы қазаққа шөлдеп жатыр. Біз бүгін қытай қазақтарының өткені мен бүгінін, қазіргі жастары жайында азырық қалам тартып көрсек:

Қытайдағы қазақтар қайдан пайда болды?

Бүгінгі Қытай қазақтары мекендеп отырған байтақ дала ежелден-ақ қазақ ұлтын құраған ру-тайпалардың ата қонысы. Мұны Қытай жазбаларының қай-қайсысы да терістемейді. Біздің заманымыздан бұрынғы жылдардан бастау алатын жазба деректер қазақты құраған ру-тайпалардың сол дәуірлерде ақ бүкіл Қытай өңірінде, жүйеден Шыңжаңда (қазақша жаңа өлке деген мағынаны білдіреді) жасағандығын айғақтап отыр.

Қазақтардың екі мемлекетке бөлініп қоныстануы 1864 жылғы «Қытай-Ресей батыс солтүстік шекараны өлшеп айыру тоқтамынан» басталды. Деректерге қарағанда, бұл тұста Абақ керейдің түтін саны 30 мыңға, егер бір отбасында бестен жан бар деп есептесек, жан саны 150 мыңға жетті. Бұл тоқтамның бесінші тармағында былай делінеді: «Қазақ халқы бұрын қай жерді қоныстанып келген болса, бұдан былай да сол жерді қоныстанып, байырғы мекендерінде отырып, бұрынғы кәсіптерін істеп, бейбіт өмір өткізе береді. Шекара айырылғаннан кейін бұл жер қайсы мемлекетке қараса, сол жерді мекендеген адамдар жерімен сол мемлекетке қарайды».

Бұл тоқтамға қазақтар арасында наразылық туындады. Қоныс аудару, толқулар көбейді. Сонымен Қытай мен Ресей елдерінің шекараны өлшеп, айыруға шыққан ұлықтары ақылдаса келіп, бұрынғы тоқтамға мынадай қосымша мазмұндар кіргізді: «Шекара айырылғаннан кейін осы шекараның екі жағын қоныстанған қазақтарға қайсы елге қарауды таңдап алу үшін бір жылдық уақыт беріледі. Осы бір жыл ішінде қайсы мемлекетке қарасты болуды олар өз еркімен таңдап алады. Қайсы мемлекеттің қарамағына өтуді қаласа, сол мемлекетке бөлінген жерге өтіп қоныстанады. Бұл олардың бүтіндей өз қалауы бойынша болады».

Міне, осылайша сонау атамзаманнан бері іргесі бөлінбей, ауылы аралас, қойы қоралас болып келген қазақ елі екіге жарылып, Қытайдағы қазақ диаспорасы қалыптаса бастады.

Олай болса, қытайдағы қазақтар басқа жақтан қашып, не көшіп келген емес. Олардың ата қонысы баяғыдан сол жер екені анық. Бізде «олар кезінде қашып кеткен» деген теріс көзқарас қалыптасқан. Бұл идеяны өзгертіп, ендігі жастарға барынша, ата-бабасының кезінде қанша жерді иемденіп жатқандығын дұрыс түсіндіре білсек екен деймін.

Қытайдың қазіргі аз ұлттарға қолданып отырған ұлттық саясаты

Арғы беттегi ағайын жайы былтырғы жаздағы ұйғырлар дүрмегiнен кейiн, бұрынғыдан да қүрделiленiп кеттi. Естерiңiзде болса, 2009 жылдың шiлде айында ұйғырлар мен қытайлар арасында үлкен қантөгiс өттi. Сол оқиғадан кейiн қазақтар қоныстанған ауыл, аудандарда қазақтарға деген қытайлардың көзқарасы мүлдем өзгере бастаған. Халық: «Қазақстанға көшсек!»­ - деп, қопақтап отырғаны анық. Себебi, жергiлiктi жерде «Үрiмжi дүрбелеңi» деп аталатын ұйғыр-қытай шайқасы ұлттар ынтымағына сызат түсiріп отыр. Қытай үкiметi «Үрiмжi дүрбелеңiнен» кейiн «бүлiкшiл» ұйғырларды ғана емес, жергiлiктi жерде аз ұлт саналатын басқа: қазақ, қырғыз, моңғол, дүңгендерге де бiрдей саясат ұстана бастапты.

Тағы бiр жағдай: бұрын бiртұтас қазақтар қоныстанған ауылдарда бiрiншi әкiм қытай ұлтынан, басқалары қазақтардан сайланып келген болатын. Ал, қазiр әкiмдiктiң басынан бақайшығына дейiн бiртұтас қытайланған көрiнедi. Қазақтардың қолынан келетін ештеме жоқ. Қытайлардың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс». Биліктен бір жолата аластатылған аз ұлттар айтқанға көніп, айдағанға жүрмеске амалы да қалған жоқ. Ежелден көшіп-қонып үйренген қазақтардың жаз- жайлаулары да, қыс-қыстаулары да тартылып алынып, баяғы біздегідей «тың игеру» науқаны жүріліп жатыр. Қазақтардың әр отбасына төрт түлік малдың өзін белгіленген саннан асыруға мүмкіндік берер емес.

Осыдан бес-алты жыл бұрын, таза қазақ тілімен мемлекеттік мекемелерде қызмет жасай беруге болатын. Ал, бүгінгі таңда қытай тілін білмейтін адамға басыңды тасқа он ұрсаң да үкімет орындарына жұмысқа кіре алмайсың. Ертең аштан өлесің бе, көштен қаласың ба олардың сенімен шаруасы жоқ. Мемлекет кімдікі болса, билік сонікі екені рас. Дегенмен, қытайдың аз ұлттарды өзіне сіңіріп, барлық ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетін жоғалту үрдісі күн санап емес, сағат санап артып келе жатқан құбылыс.

Қытайдағы бар қазақ атамекеніне неге біржолата қоныс аудара алмай отыр?

Біржолата қоныс аударып келіп жатқан қандастарымыздың саны жылдан-жылға төмендеп барады. Тіпті, туысшылап келіп кететін ағайындардың да қатары сиреп кетті. Оған екi түрлi себеп қолбайлау болып отырған көрiнедi. Бiрiншiсi, Қазақстанның Көшi-қон агенттiгiнен берiлетiн «Көшi-қон шақыртуын» жасату соңғы екi жылдан берi қатты қиындап кеткен. Ал, Қытайдағы Қазақстан елшілігінде де, виза мәселесі өршіп тұр. Қытайлар да, қазақтардың шетелге шығу құжаттарын бітіруді күрделендіріліп жіберген. Екiншiсi, Қазақстанға көшіп келіп, бейімделе алмай керi көшкен азаматтардың атажұрт жөнiндегi терiс әңгiмелерi себеп болса керек. Мұның зауалы дүйiм елге жаман тиiп жатқан көрiнедi.

Шындығында елімізде оралман бауырластарымызды бейімдеу орталықтары шын мәнінде жұмыс атқарып жатқандары белгілі. Қытайдан келген бауырларымыз бастысы жазу-сызу, тілден қатты қиыншылық көреді. Олар қытайда төте жазумен оқиды. Ал, шет тілі ретінде Қытай тілі ғана. Басқа тілдерді қосып оқу мектеп бағдарламасына кірмеген.

Қытайдағы қазақ балалары қай тілде білім алады?

Қытайдағы қазақтар қазір балаларын міндетті түрде қытайша оқытатын болды. Бұрынғы қазақ бастауыш, орта мектептер атымен жоқ. Орнын да таппайсың. Барлығы өзгерген, барлық сабақтар таза қытай тілімен оқытылады. Сонда, өз ана тілімен «Әліппе» бетін ашпаған ұрпақтың ертеңінен не күтеміз?

Осыдан бiрнеше жылдың алдында Қытай үкiметi Шыңжаңдағы аз ұлт балаларының iшкi Қытайдағы арнаулы мектептер мен жоғары оқу орындарында тегiн бiлiм алуына мүмкiндiк жасаған болатын. Қазiр соның бiрi де жоқ дейді келіп жатқан қандастарымыз. Оқу қуған жас жеткiншек Қытай ұлты болмаса, қарық қып бiлiм ала алмайтын күйде. Оқу бiтiрген күнде де, жұмысқа тұру мәселесi аз ұлт өкiлдерiне өкiмi қисық заң сияқты. Яғни, шыққан тегiң бiрiншi орында тұрады. Сонымен бiрге қытай тiлiн өздерімен тең бiлуге тиiссiң. Сондай-ақ, қытай тiлiнен бiлiмiңдi сынайтын «НSK» деген емтиханнан өтуiң керек. Одан толымдылық куәлiк алу - қытайлардың өзiне де қиынға соғады екен. Егер, «HSK» сынақ-тестiден өте алмасаң, қанша бiлiмдi, тәжiрибелi маман болғаныңа ешкiм қарамайды. Педагогика саласында да, мемлекет тiлiн бiлу маңызды. Себебi, қазiр аз ұлт мектептерi тұтастай қытайлануға көш­кен. Ұлты қазақ, ұйғыр кез келген мұғалiм оқушыларға қытай тiлiнде сабақ беруi шарт. Оған бiлiмi жетпесе, орнын босатады. Айдаһарлы елдегi мұндай тәжiрибе Қазақстанда да қолданылса, қазақ тiлiнiң мәселесi өздiгiнен шешiлер ме едi, кiм бiлсiн?!

Қытайдағы аз ұлт балаларын тегiн оқытуға шектеу қойылғалы ауылды жерде бос жүрген қазақ жастарының саны артып келе жатқан көрінеді. Себебi, ақылы оқуға түсуге екiнiң бiрiнiң қалтасы көтере бермейдi. Iшкi Қытайдағы оқу орындарының бiлiм ақысы удай қымбат. Оны тау сағалап мал баққан, жер емiп егiн еккен қай қазақтың баласы төлей алсын?

Қытай заңына қарсы тұру - Оспан батыр бастаған ел арыстары құрған Шығыс Түркiстан республикасы құлағаннан кейiн болмаған дәстүр. Қазақ жастарының бiлiм алуына шектеу қойып, ауылды жердiң «әукесiн» басу - қулығына құрық бойламайтын Қытайдың ғана iшкi саясаты болса керек.

Қазақта: «Құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келдi» дейтiн мәтел бар. Ұйғырлар дүрбелеңi онсыз да «қызыл көз» атанып жүрген қазақтарға қиын соғып отырғаны белгiлi. Ендi қазақ тiлi, қазақ ұлты, қазақ мәселесi деп сөз айту ол елде - қылмыс. Өрдегi ағайынның ендiгi күйi мүшкiл. Сенетiн елi - Қазақстан. Туыстары - атажұрт қазақтары. Басқа ешкiмi жоқ. Бұл - даусыз шындық. Бiз мұны жүрекпен түсiнуге тиiспiз. Қазағымыз Қытайға қор болып, ұлт алдында ұятқа қалғымыз келмесе, шеттегi ағайынды елге алдыратын уақыт жеттi. Енді ойланып отыруға уақыт кеш боларын ескеретін ел ағалары ұйқысынан қашан оянар екен?!

Автор:
Күнсұлтан ОТАРБАЙ