Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Оқушылардың сыни ойлау негіздерін қалыптастыру


26 июня 2010, 13:22 | 3 271 просмотр



Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Сондықтан оқушыға белгілі бір көлемдегі білім, білік дағдыларды меңгертумен бірге табиғат, қоршаған дүние туралы түсініктерін кеңейте отырып, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.

Осы талап тұрғысынан алғанда, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі әдіс-тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.

Бүгінгі мектеп оқушылары ертең өз жолында кездескен қиыншылықтарды жеңе білуге, өз мәселелерін өздері шешуге, саналы шешім қабылдауға дайын болуы керек.

Дүниетану сабақтарында бастауыш сынып оқушыларының сыни ойлау негіздерін қалыптастырудың мәні өте зор. Оқушылар бүгінгі заман талабы, қоршаған ортамызда, табиғатта болып жатқан табиғи құбылыстар, олардың адам өміріне зияны мен пайдасын ажырата алуы үшін сыни тұрғыдан ойлау негіздерін қалыптастыруды қажет етеді. Сын тұрғысынан ойлау кез келген мазмұнды сынау емес, оны жан-жақты терең зерттеу, бақылау, талдау жасау үрдісі болып табылады.Демек, оқушыларға жүйелі білім, саналы тәрбие беру ісіне жаңа талап тұрғысынан қарап, оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру әрбір ұстаздың міндеті.

Өз ісінде үнемі ізденісте жүретін ұстаз ғана оқушыларға жақсы өнеге, терең білім берері сөзсіз.

Сол себепті мен де көп ізденіп, білім мен білігімді жетілдіруді, болашақ ұрпаққа өмір талабына сай білім беруді басты мақсатым санаймын.

Осы орайда «Сорос - Қазақстан» қорының «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасын оқып үйреніп, оны өз тәжірибемде қолданып келемін.

Бағдарламаның кез-келген әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы дүниетанудан өткізген әрбір сабағымда жақсы нәтижелерге жеттім. Бұл әдіс-тәсілдер дүниетану сабағымның ұтымды да қызықты өтуіне ықпал етеді.

Негізгі белгісі-оқушылардың оқу мәселелерін шешу барысында меңгерілетін жаңа білімдерді өздігінен табуы, сын тұрғысынан ойлау негіздерінің, шығармашылық ойлауының және оқушылардың танымдық белсенділігінің артуына мүмкіндік тудырады. Оқушылар өз ойларын еркін айта алатын болады, кез келген нәрсені сыни тұрғыдан ойлауға үйренеді, пәнге деген қызығушылығы артады. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ұштай түсуге топтық жұмыстар мен жекелей жұмыстардың көп септігі тиетініне де көзім жетті. Жаңа тақырыптың мазмұнын ашу негізінен үш кезеңде жүзеге асады.

Бірінші кезеңде зерттелетін мәселеге байланысты қызығушылықты оятатын тапсырмалар беріліп,сұрақтар қойылады. Бұл кезеңде «Еркін жазу», «Топтастыру», «Болжау», «Ой қозғау» стратегияларын қолданам.

Екінші кезеңде оқушылар жұмысты талдайды, өздігінен белсенді түрде жаңа мағлұматтар ізденуге кіріседі. Бұл кезеңде мен көбіне «INZEPT», «Джиксо-1», «Болжау кестесі», «Кубизм»,т.б. әдіс-тәсілдерді қолданамын.

Ал үшінші кезеңде «Семантикалық карта» «Венн диаграммасы», «Екі түрлі түсініктеме күнделігі» «5 жолды өлең», «РАФТ», «Автор орындығы» әдіс-тәсілдері арқылы алынған білімдерді пысықтау, жаңа материалдарды қайталау жүзеге асырылады.

Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясын пайдаланып сабақ өтудің нәтижесі өте зор.

Өзімнің өткізген әрбір сабақтарымда, соның ішінде дүниетанудан өткен сабақтарда оқушылардың дүниетанымын, өмірге көзқарасын, сыни тұрғыда мазмұнды талдай алуын дамытып отырамын. Мысалы, оқушылардың ой шапшаңдығын, сөз байлықтарын молайтып, шығармашылық қабілетін дамытуға, табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал ететін 3 сынып дүниетануында «Табиғат» тарауындағы «Таза ауа-денсаулық кепілі» тақырыбын өткенде оқушы іс-әрекетін қалай ұйымдастырғаныма тоқтала кетейін. Негізінен сабақ барысында тапсырмаларды орындауды 3 сатыда жүзеге асырамын.

Сабақ басталар шақта ұйымдастыру жұмысы жүргізілді.

Бұл кезде оқушылар түстеріне қарай дөңгелекшелерді таңдап алу арқылы 4 топқа бөлінеді. Әр дөңгелекшенің бетіндегі әріптерді құрастыру арқылы өз топтарының атын табады.

Қызығушылықты ояту сатысында оқушыларға «Адам өмір сүруі үшін не қажет?» деген сұраққа ой қозғаттым.

Әр топ «Кластер құру» арқылы өз ойларын ортаға салды. Төрт топтың жауабын талдай келе мен солардың ішінен «Ауа керек» деген жауапқа ерекше тоқталып, бүгінгі өтетін тақырыпты, оның мақсатын хабарладым.

Мағынаны ажырату сатысы – жаңа тақырыпты меңгерту сатысы. Бұл кезеңде мен «Джиксо-1» стратегиясын қолдандым.

Бұрынғы «Жанұя» тобында отырған оқушылар 2-ші жаңа жұмыс тобын құрайды (№1,2,3,4 болып бөлінеді)

Тақырып 4 бөлікке бөлініп, таратылады. Әр топ оқушылары өз бөліктерін оқып, жұппен, топпен талдайды.Одан кейін «Жанұя тобына» оралып, әр топтан келген оқушы үйреніп келген білімдерін ортаға салып, бөліседі. Топтағы әр оқушы осылай жаңа тақырыпты өз беттерінше меңгеріп қана қоймай,оны өз жұбына түсіндіреді және жанұя тобына білімін жеткізеді.

«Ой-толғаныс» сатысында «Таза ауа-жанға дауа» тақырыбына эссе жаздырып, талдату арқылы сабақты қорытындыладым.

Қорыта келе айтарым, осындай әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылар арасында ұжымдық қарым-қатынасты қалыптастырып, оларды жауапкершілікке тәрбиелейді.

Оқушы мен ұстаз арасындағы ынтымақтастықты нығайтады.

Жаңа технологияны қолдану сабақтың қызықты өтуіне оның сапасын көтеруге оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға және қазіргі заман талабына сай білім алуына үлкен әсерін тигізері сөзсіз.

Дюсекенова Сұлушаш Бүркітбайқызы 1960 жылы 13 қаңтарда Алматы облысы,Қаратал ауданы,Ақжар ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары,1984 жылы І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтын бітірген.

Еңбек өтілі-31 жыл. Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі.

Жетістіктері: 2006-2007 оқу жылында өткен аудандық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» байқауының бас жүлде иегері.

Іс-тәжірибесі 2006-2007 оқу жылында аудан көлемінде, 2009-2010 оқу жылында облыс көлемінде таратылды.

Автор:
С.Б.ДЮСЕКЕНОВА, бастауыш сынып мұғалімі, Қаратал ауданы