Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Елбасы ықыласына бөленген


26 июня 2010, 13:54 | 2 049 просмотров


Біз де сіздей болармыз...

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың білімінің қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің 75 жылдығына орай өтілген мерейтойға оқыған дәрісі баршамызға мәлім.

Бұл университет 75 жыл ішінде талай тарихи асулардан өтті. Бүгінгі таңда бұл университет тәуелсіз Қазақстанның мамандар дайындайтын негізгі орталықтың бірі деуімізге болады. Дәл қазірдің өзінде республикамыздың басқару жүйесінде отырған білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды педагогтардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шыққандар. Олар отанымыздың барлық түпкірінде жеңісті де жемісті қызмет етіп жатыр.

Елбасымыз Қазақстан жастарына «ұлттың үміті» деген үлкен баға берді. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын берік ету жолындағы ізденістерді ілгері апаратын бүгінгі жас ұрпақ екеніне сенім білдірді.

Менің айтпағым да Президентіміз Н.Ә. Назарбаев сенім білдіріп отырған, бойында құштарлығы бар, болашағына сенімі мол, білімді жастарымыздың бірі – былтырғы оқу жылының озат түлегі Мақашева Әсем Талғат-қызы туралы. Әсем қызымыз өзінің аңсаған арманының арқасында осы университеттің студенті атанды.

Міне, осы мерейтойда сан мыңдаған студенті бар білім ошағындағы алғыр да отты жастардың ортасынын суырыла, оза шығып осы 75 жылдық мерейтойды жүргізді.

Сондай-ақ, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолын алып бірге түскен суреті газет беттеріне шықты. Бұл, әрине №4 Шонжы орта мектебінің ұстаздары үшін қуанышты жағдай.

Мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Шаймукаева Айсараның ұйымдастыруымен «Болашақ кілті – білімді жастарда» тақырыбындағы ойбөлісу және Әсем қызымызбен өткізілген оқушылар лездемесі әр оқушының бойында жауапкершілік рух сезімін оятатындай игі істердің бірі болды.

Әсем қызымыздың өткір де өжет, алғыр да озат болып жетілуіне мектеп директоры Дәуренбеков Ноғайбек аға алғашқы ұстазы Дүйсембаева Гүлнар апайы мен басқа да ұстаздарының еңбегі деп білеміз.

Мектеп директоры Ноғайбек аға: «мен директор болып келгенде-ақ, осы екі оқушының – Мақашева Әсем мен «Алтын белгі» иегері Болатов Дарханның талабын танып, қабілеттерін ұштау мақсатындааудан көлемінде өтілген әр – түрлі мерекелік іс-шараларға жіберіп, араластыра бастадым. Ондағы мақсатым: алғыр жастарымыздың көпшілік алдында өзін-өзі еркін ұстап, емін – еркін сөйлеп, ашылуына үйрету еді» - деп, ризашылықпен айтып отырады.

Ал мектебіміздің үлкен ұстазы, ақын Құдайбергенов Мамытхан ағай да Ақсу ауылындағы І.Жансүгіров оқуына апарғандығын мақтана айтып, Әсем қызымыздың болашағына сәттілік тілеп, мектеп бітірушілерге арналған салтанатты кешінде былай деп жыр жолдарын арнап еді:

Жүрегінде толқындап тұнады арман,

Әсем қыз шабыт алған «Жас Отаннан».

«Алтын белгі» үміткері бола жүріп,

Мұқағали жырынан да қуат алған.

Тест сынақпен таласа шынығуда,

Өрелігімен өнерге құнығуда.

Жүргізуші, диктор боп сахнада,

Қанат қағып болашаққа талпынуда.

Ғұлама ұстаздарға тартқан ерек,

Бақытын білімнен-ақ тапқан дер ек.

Әсем жүр, риза етіп, достарымен,

Мектебін, ұстаздарын даңққа бөлеп.

Сондай-ақ сүйікті де үлгі тұтар ұстаздары Рая, Ажар, Күнсұлу, Гүлчехра апайлары мен Серікбай, Марат ағалары әр ісі сүйсіне, Әсем қызымызбен мақтанып, келешегінен мол сенім артатынын білдіреді.

Автор:
Р.Ө.ҚҰРМАНБАЕВА, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, №4 Шонжы орта мектебі, ұйғыр ауданы