Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰЛТТЫҚ ПАТРИОТИЗМ РУХЫНДА ТӘРБИЕЛЕУ


26 июня 2010, 14:04 | 3 756 просмотров



Тәуелсіз Қазақстан Республикасының «Білім туралы » Заңында «Білім беру жүйесінің міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтары, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдай жасау» деп аталып көрсетілген.

Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін меңгерген мәдениетті ,адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу- өмір талабы, қоғам қажеттілігі.

Жас ұрпаққа сапалы білім беруді мақсат еткен ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы сақтап-жинақтап келген халық педагогикасының асыл мұралары негізінде саналы тәрбие беруді әрқашан жадынан тыс қалдырған емес.

Қазақ халқы өзінің бүгінгі күнін бағалай отырып, өткен өміріне көз салу, тарихи тәжірибеден сабақ алу, мәдени дәстүрлерін , озық әдет-ғұрпын, өмір салтын зерттеу, оларды ұрпақтан –ұрпаққа мұра етіп жеткізу мәселелерімен ұстаздар қауымы да мұқият шұғылдана бастады. Халықтың тірнектеп жинаған оқу- тәрбие ісінің бай тәжірбиесін аса тиімді, шығармашылықпен қолдана білу - әрбір ұстаздың міндеті.

Ұлттық патриотизмге тәрбиелеудің негізгі көздеген мақсаты - өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып , келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасын, туған өлкесін, отанын сүюге, ар-намысын қорғауға және т.б. ізгі адамгершілік қасиеттерге баулу.

Қоғамымыздың ертеңгі болашағы - мектеп жасындағы жеткіншектер. Оларды халықтық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қастерлеуге, құрметтеуге үйреткен абзал. Өз халқының мол мұрасын, ұлттық ерекшеліктерін білудің адам болып қалыптасуына берер пайдасы зор.

Оқушыларды ұлтжандылыққа , халқын қастерлеп, оған қалтқысыз қызмет етуге тәрбиелеу және адамгершілікке, қайырымдылыққа баулу мақсатында күнделікті оқу-тәрбие жүйесіне халықтық педагогиканың тағылымдарын енгізу кең өріс алып келеді.

Қазақтың рухани әлемі - бүгінде қол жеткізіп отырған тәуелсіздігіміздің қайнар бұлағы. Осы орайда патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтар туралы айтатын болсақ, бұл екі мәселе де ұлттық мәдениетпен тікелей байланысты.

ұлттық тәрбиенің жаңаша серпіліс алуына әсер еткен қазақ даналарының, ақын-жыраулардың, аңыз –ертегілерінің, жыр эпостарының нақтылы тарихи-мәдени феномендерінде көрініс табуы. Сонымен қатар туған жер, ата-қоныс, елдік пен ерлік, азаматтық пен адамгершілік, имандылық пен парасаттылық ұлттық тәрбиеге үлкен әсер етеді. Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев тағы да басқа көптеген ақын-жазушы, қоғам қайраткерлері, ғалым–педагогтеріміз халықтың өнегелі салт-дәстүрлерін, ауызекі шығармаларын оқу-тәрбие процесінде ұлттық сананы ояту, туған жерге, елге құрметпен қарау мәселелеріне көп көңіл аударады. Қазір мектеп оқушыларына осы қазақтың зиялы қауымдарының шығармаларын жеткізіп, оны өмір салтына ендіруде ұстаздар қауымы үлкен еңбек етуі керек.

Ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық атауларды, ұлттық тіл өрнектерін, ұлттық ойындарды көптеп қолдана білген жөн. ұлттық құндылықтарымыз, алдымен, әрине, халық даналығы. Шешендік сөздер. Мақал-мәтелдер. Сан ғасырдан өтіп, бүгінгі күнімізге жеткен жыраулық поэзиямыз. Жыр-аңыздарымызбен лиро-эпостық, батырлық дастандарымыздағы тұнып тұрған даналық сөздеріміз. Біздің заманымызға дейінгі VII–VI ғасырлардан, яғни сонау сақ дәуіріндегі әдеби-көркем шығармаларымыздан басталған, сөйтіп кеше ғана өзіміз тағдыр кешкен ХХ ғасырдан қолымызға тиген осынау рухани игіліктеріміз, ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше екендігін білеміз. Осылардың қатарына ұлы байтақ даламызда мыңжылдықтар бойында асыл рухымен тербеткен, алтын арқауын бір сәтке де үзбеген күйшілік, әншілік өнерімізді қоссақ, халық даналығының сан алуан арналарын көз алдымызға елестетеміз.

Тәуелсіз елдің ұрпағына мәдениет пен ғылым, тәрбие мен білім беру - үздіксіз үрдіс. Олай болса,тәуелсіздік туын биіктеткен жастардың ұлттық білім мен тәрбие құндылықтарын меңгеруі жасампаз Қазақстанның жалынды жігерін, қуатты кемерін, ұлттардың жомарт жарастығын, ырысты ынтымағын әлемге паш етеді. Сондықтан да Қазақстанның келешегі – оның әлемге ашықтығында. Елбасы «Жас Отанның» негізгі күштерін жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге бағыттауы керектігін бағамдай келе, партия патриотизмнің үлгісін көрсету керек деп тұжырымдады. Жас ұрпақты тәрбиелеудің өзекті тұстары - әр азаматтың өзіне қатысты алғанда өзіндік талап етуі,қоршаған ортаға қатысты оның шыншылдығы, елге қатысты алғанда оның адалдығы.

Тәрбие-халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін, жас ұрпақтың бойына сіңіру, дүниетанымын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру болса, ал патриоттық тәрбие жеке тұлғаның, әлеуметтік топтың патриоттық іс-әрекеттерін саналы түрде меңгеріп алудағы талпынысын айқындайтын саяси моральдық, кәсіптік психологиялық, дене шынықтыру сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Тәрбие халықтың өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, әлемдік тәрбие жүйесімен кіріктірілу жағдайында іске асырылғаны абзал. Осыған байланысты тәрбие тұжырымдамасында: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болуы керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстап және рухани мұраға ие болуы керек» деп қорытынды жасаған. Демек, қоғамның рухани объективтік сұранысы қанағаттандырылуы қажет.

Патриотизмді қазіргі көзқараспен ұлтжандылыққа, елжандылыққа сыйғызамыз.Олай болса, патриотизм – қоғамдық сананың бір формасы, ол тарихи және топтық категория бола отырып, қоғам дамумен бірге дамып, жаңа мағынаға, мазмұнға толықтырылып отырады.Патриотизм- әлеуметтік, тарихи қалыптасқан сезім – ол Отанға деген сүйіспеншілік сезім, олай болса ол да Отанға қызмет көрсетуден басталады. Халқымыздың патриоты Б.Момышұлы «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азамат пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Сондай-ақ оның «Отан үшін отқа түс-күймейсің»» - деген өсиетінің жас ұрпақтан –ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім – тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық.

Ғалымдар «ұлттық патриотизм - өз ұлтының салт-дәстүрін, қадыр қасиетін бойына сіңіруі және оны қастерлеп қорғауға дайын болуы, бұл туғаннан ата тегінен қанмен беріліп, тәлім тәрбие арқылы жетілетін ұлттық сипаттағы саналы әрекет пен мінез-құлық. Қазіргі кезде ұрпақ тәрбиесіндегі патриотизмнің мақсаты ұлттық және жалпы адамзаттық мәдени мұралар негізінде жасөспірімдердің бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, ұлттық намысын оятып, сана – сезімін қалыптастыру және рухани байлығын дамыту. Патриоттық тәрбие ұлттық намыс, ұлттық сана сезім және рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса , рухани байлыққа ең алдымен – тілімізді, дінімізді, салт– дәстүрімізді жатқызсақ, тіл-қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр - ұлт болуымыз үшін қажет» - дейді.

Қойшығара Салғараұлы «Ертеңі бар ел боламыз десек» деген еңбегінде «ұлттық сана деген абстракты ұғым емес, ол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының, әдет-ғұрпының, салт–дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс тіршілігінің тарихын білу дәрежесін, яғни халықтың өзін-өзі жете танып, түсінуі», деп жазған.

Қазақстандық патриотизм – тарихи тамырлы терең әлеуметтік саяси, психологиялық құбылыс. Ол ұлттардың арасындағы демократиялық дүниетанымға, адамгершілікке, бөтенді жатырқамайтын қазақтың ұлттық менталитет пен дәстүрге негізделген. Қазақ жерін барлық ұлттар шынайы Отанына айналдыру, тілін, дінін дамытып, өркениет жолына салатын идеология мен саясат. Сондықтан да, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру процесінде жоғарыда аталған патриотизмнің ерекшеліктерін есте ұстап жүргізу қажет.

Автор:
С.А.САЛКЕЕВА, Мектепке дейінгі шағын орталықты Қаблиса жырау атындағы орта мектеп, Ескелді ауданы