Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Балаңыз мектепте оқуға даяр ма?


26 июня 2010, 14:19 | 2 747 просмотров



Балалардың мектепке дейінгі кезеңнен оқушы лық өмірге көшуі психология ғылымында кеңінен қарастырылған келелі мәселелердің бірі. Бала психологиясын зерттей келе, оның жаңа білімдерді игерудегі қызығушылықтарын қалыптастыру үшін баланы үнемі жаңалықтармен қамтамасыз ету керектігін дәлелдейді.

Баланың мектепке даярлығы –оқи білуінен,санай білу іскерлігінен,сызу деген секілді қарапайым әрекеттерді игеруінен, танымдық белсенділігінен, көңіл-күйінің тұрақтылығынан, оқуға деген дұрыс қатынасынан құралады.

Баланың жақсы оқуы үшін мектептегі өмірге деген құлшынысы, жауапты тапсырмаларды орындауға ниеті мен ынтасы болуы керек.

Баланың мектептегі оқу іс-әрекетінің жемісті болуына айналасындағы адамдармен өзара дұрыс қарым-қатынас орната білуі, мінез-құлықтың ырықтылығының жоғары деңгейде болуы, ұжым өміріне араласып кете білуі, бірлескен әрекетті орындауды қамтамасыз етуінің қалыптасуы мектепке бейімделуіне үлкен әсер етеді.

Мектепке дайын болу жағдайы бірнеше түрге бөлінеді: дене-бітімінің дайындығы, зиятының дайындығы, әлеуметтік-психологиялық дайындығы және ерік-аясының дайындығы.

Дене бітімі дайындығына баланың салмағының, бойының өз жасына сай болуымен қатар 12 мүшесі де сау болуы керек. Егер баланың дене бітімінің дамуы төмен болса (салмағы, бойы) ол әлжуез болып, 35-45 минуттық сабақты толық меңгеруге қабілеті жете бермейді де, денсаулығына нұқсан келеді (сүйегі қисаяды-сколиоз, көз жанары төмендейді, жүйкесі жұқарады), жиі ауырып қалатын болады.

Зиятының дайындығына баланың ой-өрісінің, есте сақтау қабілетінің, тілінің, зейінінің, өз еркімен тапсырма орындай алуының, мақсат қоя білуінің, қателігін түсіне білу қаблеттілігінің өз жасына сай болуы жатады. Ал зияты төмен болған жағдайда балалар жалпы мектеп бағдарламасын толық меңгере алмайды. Оларды өз қабілетіне қарай жеңіл бағдарламамен оқытып, арнайы психологиялық және педагогикалық түзетулер жүргізу арқылы ғана қатарға қосуға болады.

Әлеуметтік-психологиялық дайындыққа баланың жаңа ортаға деген көзқарасының, оқушының жауапкершілігінің, өзін-өзі ұстай білуінің, үлкен-кіші адамдармен қарым-қатынасының өз жасына, мектептің талабына сай болуын меңзейді. Егер де балада әлеуметтік-педагогикалық дайындық байқалмаса ондай балада қарым-қатынас қиындығы, жалпы түсінігінің төмендігі, ерік-аясының, көңіл-күйінің төмендігі байқалады. Сондықтан бұл балаларға психолог маманның көмегі өте қажет. Психолог ол баланың өзімен қатар ата-анасымен де, ұстазымен де жұмыс жүргізгенде ғана оң нәтиже шығады.

Ерік-аясының дайындығы баланың өз іс-әрекетін мақсатты түрде қалыптастырып, өз кемшіліктері мен жетістіктерін дұрыс қабылдап, әрекет ете білуін көрсетеді... Ерік-аясы бұзылған бала өз-өзін ұстауы, шыдамдылығы, төзімділігі, әр сипаттағы жағдайларды қабылдауы ерекше болады да, содан айналамен қарым-қатынасы бұзылады. Ол баланың танымдық қызметіне кері әсерін тигізеді.

Балалар мектепке келген кезде осы жоғарыда атап өткен дайындық түрлерінің толық қалыптаспағаны немесе бір түрінің дамымағандығы анықталады.

Аталған дайындық түрлерін ескерусіз мектепке бару және баланың ерекшеліктерін ескермей ерте жастан (5-6 жас) беру баланы қинаумен тең. Ондай балалар бағдарламаны қажетті деңгейде меңгере алмай, 1-ші сыныпты қайта оқуға мәжбүр болады. Көп жағдайда мектепке дайындықсыз келген балалар өз сыныбында қала беріп, педагогикалық артта қалғандардың қатарын көбейтеді.

Міне, құрметті ата-аналар мен ұстаздар бала бес жастан асты екен деп, маманның кеңесінсіз баланы бірден мектепке берген жағдайда оның мектеп өміріне дайын еместігі ары қарайғы оқу үлгеріміне нұқсан келтіретінін білген жөн. Егер де балаңыздан жоғары да аталған дайындық түрлерінің төмендігін байқасаңыз ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) мекемесінің мамандарынан кеңес алуыңызға болады.

Автор:
А.С.БЕКЕТАНОВА, Үшарал қаласындағы №4 ОПМПК дефектологы, Алакөл ауданы