2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 170 мыңнан астам студент аяқтайды. Бұл жастар ел экономикасының басым бағыттарына — металлургия, машина жасау, көлік, энергетика, ақпараттық технологиялар, құрылыс және инженерия салаларына қажетті кадрлар қатарын толықтырмақ.
Білім алушылардың 123 мыңы — жұмысшы мамандықтары бойынша, 27 мыңы — дуалды оқыту жүйесі арқылы, ал 10 мыңнан астам студент кәсіпорындардың арнайы тапсырысы бойынша білім алды. Жұмыспен қамту көрсеткіші 81%-ды құрап отыр, бұл колледж түлектерінің еңбек нарығына тиімді бейімделіп жатқанын көрсетеді.
Техникалық мамандықтарға басымдық беріледі
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап сұранысқа ие техникалық бағыттарда оқыту толықтай тегін болады. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы осы бағыттарға бөлінеді. Сонымен қатар, өндірістік кәсіпорындардың нақты сұраныстары бойынша тағы 10 мың студент білім алатын болады.
Бұл бастамалар техникалық және кәсіптік білімнің беделін арттырып, өндіріс пен технология салаларында білікті мамандар даярлауға серпін бермек. Елімізде экономиканың нақты секторын кадрлармен қамтамасыз ету – стратегиялық маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырылуда.