2025 жылғы 14 маусым күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың «Күй» атты повесінің желісімен қойылған спектакльдің премьерасы өтті.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбіш Кекілбаевтың терең философиялық туындысы сахнада жаңаша көзқараспен ұсынылып, көрерменді ой тереңіне жетеледі. Қойылым барысында ұлттық музыкалық драма театрының халық аспаптар ансамблі көріністерге ерекше реңк беріп, көркем туындыны музыкамен үндестіре түсті.
Спектакльдің басты кейіпкері Жөнейіттің ішкі жан күйзелісі, ыза мен кекке қарсы күресі көркем түрде бейнеленген. Билік пен ар арасындағы шиеленіскен тартыс — пьесаның негізгі өзегіне айналып, көрерменді рухани толғанысқа түсірді.
Қойылым тек сахналық шеберлікпен ғана емес, мазмұндық тереңдігімен де ерекшеленіп, ұлттық рух пен өнердің мәңгілік құндылығын паш етті. Көрермендер спектакльден ерекше әсер алып, шығармашылық ұжымға зор алғыстарын білдірді.