Вашингтон — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында, 12 маусым күні Вашингтон қаласында Қазақстан Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаевтың төрағалығымен инвестициялық дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараға АҚШ-тың ірі трансұлттық компаниялары мен инвестициялық қорларының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік органдары қатысты. Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов та кездесуге қатысты.
Кездесу барысында шикізаттық емес салаларға инвестиция тарту, технологиялар трансферті, инфрақұрылымды дамыту және өндірісті жергіліктендіру мәселелері сөз болды. Қазақстан тарапы АҚШ-ты Қазақстан экономикасына 62 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салған ірі әрі стратегиялық әріптес ретінде атап өтті.
Комитет төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов америкалық бизнестің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын айтты:
«АҚШ – біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз. Қазіргі таңда елімізде бірнеше ірі америкалық компания табысты жұмыс істеуде. Біз бұл тізімді кеңейтуді көздейміз. Қазақстан тек қаржы тартуға емес, бірлескен өндірістер құруға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа экспорттық бағыттар ашуға мүдделі. Бүгінгі кездесу осыған қосымша серпін береді деп сенеміз».
Сонымен қатар, сапар аясында АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Қазақстан бойынша вице-президенті Дженнифер Милмен кездесу өтті. Кездесуде тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайту жолдарын, соның ішінде Қазақстандық-америкалық іскерлік кеңес аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады. Ерекше назар америкалық бизнес өкілдері арасында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға және нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға аударылды.
Сонымен қатар, Комитет басшысы «Jones Equity Fund», «Heeney Capital», «Honeywell», «IG Global», «Amazon Kuiper», «Jennmar» сынды компаниялармен жеке екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан тарапы шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге, соның ішінде әкімшілік сүйемелдеу, мемлекеттік жеңілдіктер мен жергілікті серіктестерді табу бойынша көмектесуге дайын екенін растады.
Бұл сапар екі ел арасындағы инвестициялық әріптестікті тереңдетіп, жаңа жобалардың жүзеге асуына нақты негіз қалауда.