Nazarbayev University-де ХІ түлектер легіне диплом табыстау салтанаты өтті

Nazarbayev University-де ХІ түлектер легіне диплом табыстау салтанаты өтті

Жаңалық Жоғарғы білім Образование в Казахстане

13 маусым 2025 ж., Астана — Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті – Nazarbayev University (NU) 2025 жылғы түлектерінің ХІ легіне салтанатты түрде диплом табыс етті. Биыл 1695 студент жоғары оқу орнын аяқтап, кәсіби өмірге қадам басты. Олардың қатарында 58 шетелдік түлек бар.

Түлектер арасында:

  • 1098 бакалавр,
  • 508 магистр,
  • 62 PhD докторы
  • және 27 MD (медицина докторы) дәрежесін иеленген мамандар бар.

Ең көп бітіруші студенттер Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі мен Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінен шықты. Олар информатика, құрылыс, математика, экономика, инженерия, лингвистика сынды түрлі салада білім алған.

NU 15 жыл ішінде ел экономикасы мен ғылымына үлес қосқан 12 000-нан астам білікті маманды дайындап шығарды. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 98%, олардың 92%-дан астамы Қазақстанда қызмет етеді.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысып, түлектерге жүрекжарды лебізін білдіріп, үздік студенттерге дипломдарын жеке табыс етті. Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнеүндеу арқылы түлектерге сәттілік тілеп, университеттің жаһандық рейтингтердегі табысын атап өтті.

«NU түлектері – ел болашағының тірегі. Олар жасанды интеллект, биотехнология, халықаралық қатынастар сынды салаларда жұмыс істеуге дайын. Көптеген түлек әлемнің үздік университеттерінде оқуын жалғастырып, ғылым мен тәжірибені ұштастыруға ниетті», – деді министр.

Университет президенті Вакар Ахмад түлектерге арнаған құттықтау сөзінде университеттің 15 жылдық белесіне тоқталып, болашақта инновациялар мен халықаралық ықпалдастықты кеңейтуге, индустриямен тығыз жұмыс жасауға ниетті екенін жеткізді:

«Құрметті 2025 жылғы түлектер, Сіздер – NU-дың абыройы мен мақтанышысыздар. Өз жетістіктеріңіз арқылы университеттеріңізді және туған еліңізді әрдайым мақтан тұтыңыздар. Алдағы өмір жолдарыңыз сәтті болсын!».

Салтанатты рәсімге түлектермен бірге олардың ата-аналары, достары, профессорлар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Шара жастардың үлкен өмірге қадам басқан сәтін ұмытылмас естелікке айналдырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *