PISA стандарты және биология пәнін оқытудың жаңа бағыты

PISA стандарты және биология пәнін оқытудың жаңа бағыты

Биология

Автор: Шаяхметова Раушан Женисбековна, «Жетісу облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Жалғызағаш орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ

Бүгінгі жаһандану дәуірінде білім беру саласына қойылатын талаптар түбегейлі өзгерді. XXI ғасыр оқушысы тек пәндік біліммен ғана шектеліп қалмай, алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдана білуі, сыни ойлауы, ақпаратпен жұмыс істей алуы және дербес шешім қабылдай білуі тиіс. Осындай дағдыларды қалыптастыруға бағытталған халықаралық зерттеулердің бірі, PISA стандарты болып табылады. Бұл бағдарлама Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бастамасымен жүзеге асырылады және 15 жастағы оқушылардың оқу, математика және жаратылыстану салаларында функционалдық сауаттылығын бағалайды. Оның ерекшелігі, оқушылардың білім деңгейін емес, сол білімді өмірде қолдану қабілетін тексеруі.

PISA стандарты қазіргі білім беру жүйесіне тың серпін беріп отыр. Бұл стандарттың негізгі мақсаты — оқушының алған білімін өмірде кездесетін нақты жағдайларда қолдана алуын қамтамасыз ету. Яғни, оқу материалын жай жаттап алу емес, оны талдау, салыстыру, түсіндіру және шешім қабылдауға бейімдеу басты назарда болады. Мұндай форматтағы тапсырмалар оқушылардың логикалық ойлауын, деректермен жұмыс істеуін, пікірін дәлелдеуді, жауапкершілікпен шешім қабылдауды талап етеді.

PISA стандартының талаптарын биология пәнінде тиімді қолдану, оқыту процесін жандандырып, оны өмірмен тығыз байланыстырудың нақты жолы. Биология — тірі табиғат пен адам өміріне тікелей қатысты пән. Оның мазмұнында экология, денсаулық, генетика, биотехнология, адам ағзасы мен қоршаған орта арасындағы байланыс сияқты өзекті әрі өмірлік маңызы зор тақырыптар қамтылады. Осы тақырыптарды PISA форматындағы тапсырмалар арқылы меңгертудің тиімділігі зор. Мысалы, оқушыларға су ресурстарының ластануы туралы инфографика беріліп, оның себебі мен салдарын анықтап, шешу жолдарын ұсыну тапсырмасы ұсынылады. Мұндай жұмыс оқушының тек пәндік білімін ғана емес, сонымен қатар ойлау, талдау, дәлелдеу, экологиялық жауапкершілік дағдыларын дамытады.

PISA форматында білім беру мұғалімнен де жаңаша ойлауды, сабақты өмірмен байланыстыра отырып құруды талап етеді. Биология сабағында мұғалім оқушыларды белсенді зерттеуге, жобалық жұмысқа, топтық талқылауға тартуы керек. Сабақтарда диаграммалар, кестелер, статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу, ғылыми мақалалар мен жаңалықтардан алынған мәтіндерге талдау жасау, нақты жағдайларды шешу ұсынылуы қажет. Бұл оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып қана қоймай, ғылыми көзқарасын қалыптастырады.

PISA стандартына сәйкес жүргізілген сабақтарда оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артады, олар өз пікірін ашық білдіруге, дәлелдеуге, ұжыммен жұмыс істеуге үйренеді. Сонымен қатар, цифрлық ресурстарды, интерактивті тапсырмалар мен онлайн платформаларды пайдалану да мұндай сабақтардың мазмұнын байытады. Нәтижесінде биология сабағы қызықты әрі мағыналы өтеді, ал оқушы нақты өмірде қолдануға болатын білім мен дағдыны меңгереді.

Қорытындылай келе, PISA — бұл жай ғана халықаралық зерттеу емес, бұл – жаңа ойлау, жаңа тәсіл және сапалы білімге бастайтын жол. Биология пәнін осы стандарттар негізінде оқыту, оқушыларды табиғатты құрметтеуге, денсаулықты бағалауға, экологиялық ойлауға, ғылыми пайым жасауға баулитын маңызды бағыт. Болашақтың білімді, жауапты және саналы тұлғасын қалыптастыру жолында PISA стандарты, сенімді бағдаршам.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *