Study in Kazakhstan көрмесі Шымкентте жалғасуда

Study in Kazakhstan көрмесі Шымкентте жалғасуда

Жаңалық

Бүгін Study in Kazakhstan көрмесі үшінші мегаполис Шымкентте, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде жалғасты. Қазақстандық жастарға білім алу мүмкіндігін ұсынатын бұл ауқымды іс-шараға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының Қазақстандағы 20 филиалы қатысуда.

Көрмеге 9-11 сыныптың 4 мыңға жуық оқушысы келді, олардың арасында Қызылорда қаласынан келген түлектер де бар.

Қазақстандағы халықаралық ЖОО филиалдары

Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, педагог-профориентолог Айдос Жұманазар талапкерлерге мамандық таңдау бойынша кеңестер берді.

«2022-2024 жылдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен 23 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Бұл – қазақстандық жастар үшін үлкен мүмкіндік. Енді олар Қазақстаннан шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі білім алып, мемлекеттік грант негізінде оқу мүмкіндігіне ие бола алады. Филиалдарда IT, жасанды интеллект және басқа да сұранысқа ие салаларда мамандар даярлау басты басымдыққа айналды. Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің филиалы ашылады», – деп атап өтті Руслан Тоқтарбекұлы.

Жоғары оқу орындарының түлектерге ұсынған мүмкіндіктері

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы Қытай университеті филиалының өкілі Қарлығаш Боранқұлова көрмеде талапкерлердің оқу ордасына үлкен қызығушылық танытқанын айтты.

«Түлектер Қытай университетінің білім беру жүйесі, оқу талаптары, қос диплом алу мүмкіндіктері туралы сұрап жатыр. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін байқадық», – деді ол.

Қатысушылар шетелдік ЖОО филиалдарының ерекшеліктері, оқыту бағдарламалары, қос диплом жүйесі жайлы маңызды мәліметтермен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Study in Kazakhstan көрмесінің маңызы

Алдағы ҰБТ сынағы жақындаған сайын, талапкерлер өз мамандықтарын таңдау кезеңіне келеді. Study in Kazakhstan көрмесі – болашақ студенттер үшін ең тиімді ақпараттық алаңдардың бірі.

Жас талапкерлер мен ата-аналар 7 ақпанға дейін Әуезов университетінде өтетін көрмеге қатысып, шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындары туралы толық ақпарат ала алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *