2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер 12 сәуірде қабылдана бастайды

2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер 12 сәуірде қабылдана бастайды

Жаңалық Жоғарғы білім

2025 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу үшін өтініштер 12 сәуірден бастап 25 сәуірге дейін қабылданады. Өтініш беру екі кезеңге бөлінген: 12–18 сәуір аралығында бір реттік өтініш беруге болады, ал 19–25 сәуір аралығында талапкерлер бір немесе екі мүмкіндікті таңдауға құқылы. Тестілеудің өзі 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. Әр талапкер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, солардың ең жоғары нәтижесімен мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.

ҰБТ-ға қатысу үшін талапкерлер өтініштерін Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz ресми сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде бере алады. Өтініш беру барысында талапкерлер өздеріне ыңғайлы күнді, уақытты және тестілеу пунктін таңдай алады. Айта кетерлігі, екі мүмкіндіктің екеуіне де бірдей бейіндік пәндер комбинациясы бекітіледі.

Талапкерлердің дайындығын арттыру үшін әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілген. Бұл жүйе қаңтар және наурыз айларындағы тестілеулерден кейін білім деңгейін жетілдіруге көмектеседі. Сондай-ақ бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін екіншісіне дейін қосымша дайындалуға мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, онлайн байқау тестілері де қолжетімді. Жыл басында ҰТО ресми сайтында тест тапсырмалары дайындалған оқулықтар тізімі, тест жоспары, «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата, «Информатика» пәнінен терминдер, «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» бойынша шығармалар тізімі жарияланған болатын.

Тестілеу құрылымы өзгеріссіз қалды: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлығы 120 сұрақтан тұрады. Атап айтқанда, «Қазақстан тарихынан» — 20, «Оқу сауаттылығынан» — 10, «Математикалық сауаттылықтан» — 10, әр бейіндік пәннен — 40 тапсырма. Ең жоғары балл — 140.

Тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минутты) құрайды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.

Академиялық адалдықты сақтау мақсатында әр талапкерге жеке тест нұсқасы ұсынылады. Емтихан кезінде тест жүйесінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі болады. Сонымен қатар бұл кестелердің қағаз нұсқалары да ұсынылады.

Апелляция беру мүмкіндігі тестілеу аяқталған соң 30 минут ішінде беріледі. Сертификат апелляциялық өтініш қаралғаннан кейін талапкердің жеке кабинетіне жүктеледі.

Шекті баллдар өзгеріссіз қалды:

  • «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бойынша – кемінде 75 балл,
  • «Медицина» саласына – кемінде 70 балл,
  • ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл,
  • басқа ЖОО-лар үшін – кемінде 50 балл қажет.

Тестілеу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кіру кезінде телефон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды анықтау үшін қол және рамалық металл іздегіш құрылғылар қолданылады.

ҰБТ өтетін аудиторияларда байланыс сигналдарын басатын арнайы құралдар пайдаланылады және бейнебақылау жүргізіледі.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін барлық бейнежазбалар сараптамадан өтеді. Егер тестілеу кезінде ережебұзушылықтар, тыйым салынған құралдарды пайдалану фактілері анықталса, талапкердің нәтижелері жойылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *