Астанада орналасқан Coventry University Kazakhstan оқу орны 2025–2026 оқу жылына арналған гранттық конкурстың екінші кезеңін аяқтады. Бұл байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 760-қа жуық мектеп және колледж түлектері өтінім тапсырған.
Барлық келіп түскен өтінімдердің басым бөлігі Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларынан қабылданған. Үміткерлердің арасында НЗМ, РФММ, БИЛ, BINOM, Haileybury Astana, Spectrum International School, Canadian International School секілді жетекші білім беру ұйымдарының түлектері бар. Көптеген талапкерлер – информатика мен компьютерлік ғылымдар бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алған оқушылар.
340-тан астам үміткер IELTS халықаралық емтиханынан 7.0 және одан жоғары балл жинаған, ал 232 түлектің GPA көрсеткіші 5.0-ді құрап, олардың академиялық әлеуеті мен ағылшын тіліне жетік екенін көрсетті. Байқаудың екінші кезеңіне өткен талапкерлердің эсселері бағаланғаннан кейін қорытынды нәтижелер жарияланатын болады.
«Компьютерлік ғылымдар» және «Бизнес» бағыттары бойынша грантқа өтінімдер 2025 жылдың 24 ақпанынан бастап қабылданды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысу үшін үміткерлердің алдыңғы оқу жылындағы GPA көрсеткіші кемінде 4.0 болуы, ал IELTS нәтижесі 6.0 балдан төмен болмауы қажет болды. Екінші кезең 29 наурызда Астанадағы Coventry University Kazakhstan кампусында және серіктес оқу орындарының (НЗМ, БИЛ) алаңдарында өткізілді.
Coventry University Kazakhstan қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алистер Бартоломью университеттің халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламалары мен зерттеу-талдау мүмкіндіктері арқылы талантты жастарға кең жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, Coventry University – студенттік тәжірибе бойынша үздік университеттердің бірі және шетелдік студенттер үшін ең тартымды 30 оқу орнының қатарына кіреді.
Университет президенті Мирас Дәуленов байқаудың ел жастарына қолдау көрсету мен ұлттық интеллектуалдық әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл — Қазақстанда британдық білім беруге деген сенімнің артқанының айқын дәлелі. Ол сондай-ақ екінші кезеңді өңірлерде ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін ҚР Үкіметіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, министр Саясат Нұрбекке және НЗМ мен БИЛ басшылығына алғыс білдірді. Мирас Дәуленов бүгінде көптеген қазақстандық түлектер өз елінде отырып-ақ сапалы британдық білім алуға мүмкіндік алып отырғанын ерекше атап өтті.
Анықтама: Coventry University Kazakhstan – Астанадағы алғашқы британдық университет. Бұл оқу орны Ұлыбританиядағы Coventry University-дің ресми лицензияланған кампусы болып табылады. Университет студенттерге британдық дипломмен расталған жоғары сапалы білім ұсынады. Оқу орны бакалавриат деңгейінде «Бизнес», «Компьютерлік ғылымдар», «Халықаралық қатынастар», «Экономика және қаржы» бағыттары бойынша, сондай-ақ магистратурада MBA Global Business және MBA Executive бағдарламаларын ұсынады. Алдағы уақытта оқу бағдарламаларын өнер, дизайн, құрылыс саласын басқару және басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша кеңейту жоспарланып отыр.