Абай облысында орналасқан Әлихан Бөкейхан Университетінде жасанды интеллектке арналған «Assyl AI 2025» хакатоны өз мәресіне жетті. Бұл шара екі айға созылған білім беру жобасының қорытынды кезеңі болды. Жобаны университет пен «Assyltas» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Хакатонға өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысып, жасанды интеллект құралдарын тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болды.
Шара университет жанындағы Abai IT Valley кластерінің қолдауымен өтті. Бұл кластер соңғы жылдары аймақтағы жетекші IT-білім беру орталықтарының біріне айналып отыр.
Хакатон барысында студенттер командаларға бірігіп, нақты мәселелерге арналған қолданбалы жобалар мен стартаптарды әзірледі. Әділқазылар алқасының шешімімен бірнеше команда үздік деп танылып, жүлделермен марапатталды:
- ALGA командасы хакатонның бас жүлдесін жеңіп алып, АҚШ-тағы Massachusetts Institute of Technology (MIT) университетінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.
- ONEMED командасы «Ауқымды жоба» номинациясында жеңіске жетіп, 500 000 теңге ақшалай сыйлық иеленді.
- SHE WOLVES командасы «Креативті жоба» аталымында озып, 300 000 теңге көлемінде жүлде алды.
Бұл бастама Абай облысында IT-білім мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Хакатонға қатысушылар өз білімдерін тәжірибе жүзінде қолданумен қатар, халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік алып отыр.