Халықаралық деңгейде білім алуға жаңа мүмкіндік
Алишер Сабиров – Heriot-Watt университетінің 2-курс студенті. Бұған дейін Шотландиядағы Абердин университетінде үш жыл білім алған ол осы семестрде Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусына ауысу туралы шешім қабылдаған. Оның айтуынша, бұл қадам оның болашақ мансабына үлкен әсер етеді.
«Менің туған жерім – Ақтөбе қаласы. Халықаралық деңгейде білім алсам деген арманыммен Шотландиядағы Абердин университетіне оқуға түстім. Кейін өз қаламда шетелдік жетекші университеттердің бірі – Heriot-Watt университетінің кампусы ашылғанын естідім. Бұл – өз еліңде отырып, халықаралық деңгейде білім алғысы келетін жастарға тамаша мүмкіндік. Оның үстіне Heriot-Watt университеті мұнай инженериясы саласында жоғары рейтингке ие. Сондықтан ауысу туралы шешімімнің дұрыстығына еш күмәнданған жоқпын», – дейді Алишер Сабиров.
Сапалы білім және болашаққа дайындық
Алишердің пікірінше, теория мен практикаға негізделген және салада нақты байланыстар орнатқан университетті таңдау өте маңызды. Heriot-Watt университеті мен Абердин университетін салыстырғанда, Алишер екі оқу орнының да жоғары деңгейде екенін атап өтті. Дегенмен, мұнай-газ саласында Heriot-Watt университетінің рейтингі әлдеқайда жоғары екенін айта келіп, оның білім беру жүйесінің практикалық бағыттарына ерекше мән берді. Ақтөбеге ауысудың тағы бір маңызды себебі – туған қалада оқу ыңғайлы және оқу процесіне толықтай назар аударуға мүмкіндік бар екендігін айтты.
Оқу процесіне бейімделу және оқытушылар құрамы
Ақтөбе кампусына ауысқаннан кейін, Алишер оқу процесіне бейімделудің оңай болғанын атап өтті. Алғашқы кезде оқу әдістерінде айырмашылықтар болғанын, бірақ оқытушылардың ашықтығы мен сабақтардың нақты ұйымдастырылуы арқасында тез бейімделгеніне тоқталды.
«Ақтөбе кампусындағы оқу бағдарламасы салалық технологияларға тереңірек көңіл бөледі, мысалы, кен орындарын игеру әдістері мен процестерді модельдеу. Бұл мамандық бойынша білім алушылар үшін үлкен артықшылық болып табылады. Ақтөбе кампусының профессорлары – өз саласының кәсіби мамандары. Қазақстанның және шетелден келген жоғары білікті оқытушылар жұмыс істейді. Олардың қатарында «Болашақ» бағдарламасының, Назарбаев Университетінің және жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері бар. Олар тек білім беріп қана қоймай, нақты тәжірибелерімен бөліседі, бұл мен үшін өте құнды», – дейді Алишер.
Болашаққа жоспарлар және мансаптық мүмкіндіктер
Алишер болашақта мұнай-газ саласында жобалау мен өндіруді оңтайландыру жұмыстарымен айналысуды жоспарлап отыр. Heriot-Watt университетінде алған білім мен тәжірибе оның мансаптық мақсаттарына жетуге көмектесетініне сенімді. Сонымен қатар, Ақтөбе кампусындағы оқудың тағы бір артықшылығы – ірі халықаралық компаниялармен байланыс орнату мүмкіндігі. Бұл студенттерге тәжірибеден өту және болашақта ірі жобаларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Heriot-Watt университетінің халықаралық деңгейдегі беделі жоғары. Ақтөбе кампусында оқу – әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізудің бірегей мүмкіндігі. Бұл маған тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік машықтарымды жетілдіруге көмектеседі. Университеттің серіктестері мен ғылыми зерттеу орталықтарымен байланысы арқылы болашақта кәсіби тұрғыда үлкен жетістіктерге жетуге сенімдімін», – дейді Алишер Сабиров.
Ақтөбе қаласында халықаралық деңгейдегі білім беру орталығының болуы – қазақстандық жастар үшін үлкен мүмкіндік. Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусы студенттерге жоғары сапалы білім алып, кәсіби тәжірибе жинақтауға жол ашуда.