Технологиядағы әйелдерге жаңа мүмкіндіктер
Bereke Bank Women in Tech Global ұйымымен серіктестік жөнінде келісімге қол қойып, ресми серіктес атанды. Бұл серіктестік аясында банк Қазақстан делегациясын Жапонияның Осака қаласында өтетін Women in Tech Global Summit саммитіне демеушілік етеді. Саммитке 60-тан астам елдің мамандары қатысады, бұл қазақстандық әйелдердің технология саласындағы жетістіктерін көрсету үшін үлкен мүмкіндік.
«Bereke Bank білім беру мен қазақстандық қыздардың технологиялық жобаларға белсенді араласуына мүмкіндік беру арқылы қоғамның дамуына өз үлесін қосады. Біздің қыздар өте талантты, кәсіпкерлік қабілеті жоғары және өз стартаптарын дамытып, жаңа нарықтарды бағындырады. Біз Women in Tech бастамаларын қолдай отырып, қазақстандық делегацияның әлемдік көшбасшылармен байланыс орнатуына көмектесеміз», – деп атап өтті Bereke Bank басқарма төрағасының орынбасары Алина Аникина.
Women in Tech Global серіктестігі және болашақ жоспарлар
Бұл серіктестік тек саммитпен шектелмейді. Алдағы уақытта Women in Tech Kazakhstan-мен бірлесе отырып, әйелдерге IT-технологиялар, қаржы және цифрлық жобаларды дамыту бағыттарында жаңа білім мен дағдыларды игеруге көмектесу жоспарланып отыр.
«Bereke Bank-тың біздің серіктестер қатарына қосылғанына қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Орталық Азиядағы әйелдерді технологиялар мен инновацияларға тарту миссиясын жүзеге асыруға жасалған маңызды қадам», – деді Women in Tech Global ұйымының негізін қалаушысы әрі президенті Аюми Мур Аоки.
Women in Tech: гендерлік теңдік үшін күрес
Women in Tech Global – халықаралық коммерциялық емес ұйым, оның басты мақсаты – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің технологиялар, қаржы, инженерия және ғылыми зерттеулер салаларында белсенді дамуына ықпал ету. Ұйымның негізгі қызмет бағыттары: білім беру, бизнес, цифрлық инклюзия және тең мүмкіндіктерді қорғау.
Women in Tech Kazakhstan бөлімі 2024 жылдың қыркүйегінде ашылды. Ұйымға мүше болу тегін, кез келген адам арнайы платформа арқылы тіркеле алады.
«Қазақстандағы Women in Tech бөлімі әйелдердің кәсіби дамуына көмектесуді, олардың көшбасшылық қабілеттерін арттыруды және жаңа білім мен дағдыларға қол жеткізуді мақсат етеді. Біз қазақстандық әйелдердің тәжірибе алмасатын және бірлескен жобаларға қатыса алатын қолдаушы қауымдастық құруды жоспарлап отырмыз», – деді Women in Tech Kazakhstan бөлімінің директоры Әсем Болатжан.
Bereke Bank және жаңа мүмкіндіктер
Bereke Bank IT-құзыреттерді дамытуға, икемді өнімді әзірлеу әдістеріне және SAFe операциялық моделіне толықтай көшкен алғашқы қаржы ұйымдарының бірі ретінде үздік тәжірибелерді енгізуге үлкен мән береді. Банк сертификатталған мамандардан тұратын мықты командаға ие, олар өз білімдерімен тек компания ішінде ғана емес, бүкіл нарықта бөлісіп, жаңа дағдыларды игеруге көмектеседі.
Bereke Bank әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауды жалғастырып, технология саласында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс істеуде.