2025 жылғы 17 сәуірде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі білім беру мекемелерінің жұмысымен танысты. Министр техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына баса назар аударды.
Сапар аясында ол Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжіне барды. Бұл оқу орнында болашақ қыш шеберлері, зергерлер, IT мамандары мен қолөнершілер дайындалып жатыр. Колледжде «Жас маман» жобасы аясында «IT» және «Қолөнер» бағытында республикалық құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Қазіргі таңда студенттер 11 мамандық пен 13 біліктілік бойынша білім алуда.
Министр оқу орны ұжымымен кездесу барысында Президенттің тапсырмасына сәйкес колледждерге қатысты жаңа бастамаларды атап өтті.
Негізгі жаңалықтар:
– Биылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге артады
– Колледждер өздерінің оқу-өндірістік базасында шығарған өнімдерін нарықта өткізе алады
– Түскен қаржы оқу орнының дамуына бағытталады
– Материалдық-техникалық база жаңартылады, педагогтердің біліктілігі артады
– Серіктестермен бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту қажеттілігі атап өтілді
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, колледждер заман талабына сай икемделіп, кәсіби кадрлар даярлау орталығына айналуы керек.
Сонымен қатар министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №33 мектептің жұмысымен танысты. Түркістан облысында қазіргі уақытта 29 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 13-і пайдалануға берілген.
Бүгінде өңірде 50 колледж, 1100-ден астам мектеп және 1426 балабақша жұмыс істейді. 2025 жылы колледждерге 15 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, агрохимия, жылыжай шаруашылығы, ұшу аппараттарының операторы, лифт шаруашылығы сияқты жаңа 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынған.
Министр білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығына сай дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді.