Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ұлттық кітап күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Ұлттық кітап күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылды.
Жиынға ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Ерлан Қошанов өз құттықтау сөзінде кітаптың қоғамдағы рухани және зияткерлік маңызын атап өтті.
Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Соңғы екі жылда жарық көрген отандық авторлардың еңбектері 9 номинация бойынша сараланып, «Жыл кітабы» анықталды. Байқауға 120-дан астам өтінім қабылданып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар жиын аясында сирек кітаптар мен қолжазбалар, Жеңістің 80 жылдығына арналған әдебиеттер, 2024 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген 200-ге жуық жаңа кітап пен суреттер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
16–23 сәуір аралығында республика бойынша 300-ден астам тақырыптық іс-шара өтіп, әлеуметтік желілерде кітап оқу мәдениетін дәріптейтін челлендж ұйымдастырылды.
Байқау жеңімпаздарының толық тізімі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында жарияланды.