2025 жылғы 18 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ерекше рухани шара өтті. Университет алаңында 1000 адамнан тұратын хор ұлы ақынның әйгілі «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін бір дауыспен орындады.
Университет ректоры, Басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев өз сөзінде А бай мұрасын ұлықтау – ұлт алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда жастар арасында Абай шығармашылығына деген қызығушылық артып келеді және бұл – рухани жаңғырудың айқын көрінісі.
Ректор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 180 жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өту туралы тапсырмасын еске сала отырып, бұл шара тек Қазақстан үшін емес, бүкіл түркі әлемі мен халықаралық қауымдастық үшін маңызды оқиға екенін айтты.

Абай мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеу мен насихаттау бағытында ҚазҰУ аясында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді:
- Абай ғылыми-зерттеу институты 2009 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді;
- Институт ұжымы «Абайтану антологиясының» 10 томдығын құрастырды;
- Университет қабырғасында Абайға арналған ғылыми конференциялар, симпозиумдар, шығармашылық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Бұл мәдени бастама — жастарды ұлттық құндылықтарға баулу мен ұлы тұлғалардың мұрасын келешек ұрпаққа жеткізудегі игі қадамдардың бірі. ҚазҰУ ұжымы ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтау ісін алдағы уақытта да жалғастыра беретінін жеткізді.