Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «LG AI MediaLab» атты ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл – еліміздегі медиа және коммуникация саласына нейрожелілерді қолданатын алғашқы зертхана.
«LG AI MediaLab» орталығында Жасанды интеллект және Big Data кафедрасымен бірлесе отырып, комплексті зерттеулер жүргізіліп, жасанды интеллект негізінде түрлі технологиялық шешімдер әзірленетін болады.
Медиасаласындағы нақты жобалар:
- Пресс-қызметтерге арналған автоматты жаңалық мәтіндерін генерациялайтын ИИ жобасы;
- Әлеуметтік желілер үшін маркетингке бағытталған контент дайындау;
- Мақала мен жаңалық мәтіндеріндегі ақпараттың дұрыстығын тексеретін білім базасы;
- Студенттік газетті толығымен жасанды интеллект көмегімен шығару.
Ашылу рәсімі және серіктестік
Орталықтың ашылу салтанатына ҚазҰУ басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов, LG Electronics Almaty Kazakhstan компаниясының президенті Хак Хен Ким, факультет деканы Қанат Ауесбай, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Еркін Дүйсенов құттықтау сөзінде бұл орталық жасанды интеллект саласының дамуына зор үлес қосатынын атап өтті:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ғылыми-техникалық прогресс жағдайында еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық егемендігін нығайту – басты міндет», – деген сөзін басшылыққа ала отырып, университетіміз осы бағытта жаңа экожүйе қалыптастыруда», – деді ол.
Хак Хен Ким өз сөзінде:
«LG AI MediaLab орталығы – LG Electronics пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы табысты әріптестіктің белгісі. Бұл зертхана студенттерге ИИ саласында құнды тәжірибе алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Кешенді бағыт пен жабдықталуы
Орталық цифрлық технология мен әлеуметтік ғылымдардың тоғысқан тұсында интердисциплинарлық тәсілмен жұмыс істейді. Бұл оқу үдерісіне нейрожелілерді, үлкен тілдік модельдер (LLM) мен визуалды сторителлингті біріктіруге жол ашады.
Зертхана заманауи LG Ultra Gear мониторларымен жабдықталған, олар бейнелер мен визуалды деректермен жоғары сапада жұмыс істеуге ыңғайлы.
Айта кету керек, былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық келісім аясында ҚазҰУ базасында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылған болатын. Енді LG AI MediaLab осы суперкомпьютермен біріктірілген ортақ деректер базасына қосылады.