Авторы: Жанғазиева Аяулым , Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Логистика мамандығының 4 курс студенті
Жетекші: Айгүл БОЛТАЕВА, «Бизнес-технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы.
«Адамға ең әуелі керек нәрсе – білім, ал тәрбиесіз білім — адамзаттың қас жауы» – деп Әл-Фараби атамыз жазып кеткен. Уақыт өзгергенімен, бұл қағиданың мәні сол күйінде қалды. Бүгінгі таңда сапалы білім алып, жан-жақты, белсенді тұлға ретінде қалыптасу – әр жастың басты мақсаты. Осы жолда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мыңдаған студент үшін мүмкіндіктерге толы үлкен ортаға айналып отыр.
ҚазҰУ-ға аяқ басқан сәттен бастап, университеттің тек білім беріп қана қоймай, тұлға қалыптастыруға бағытталған кең әрі жанды жүйе екенін сезінесің. Мұнда әр студентке өз жолын табуға, өзін танытуға, қабілетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Білім, ғылым, мәдениет, волонтерлік, спорт, көшбасшылық — студенттің қай бағытқа қызығушылығы болса да, сол салада өсуге толық мүмкіндік бар.
ҚазҰУ-дағы білім беру жүйесі заман талабына сай жаңарып, практикалық бағытқа бейімделген. Университет теория мен тәжірибені ұштастыруға басымдық береді. Әр факультет, соның ішінде экономика саласы, студенттерге нақты нарықтық жағдайларды талдауды, экономикалық ойлау қалыптастыруды, қаржылық сауаттылық пен стратегиялық жоспарлау дағдыларын үйретеді. Бірақ бұл жерде тек кәсіби білім беру жеткіліксіз. ҚазҰУ студенттің тұлғалық дамуына да үлкен назар аударады: тәрбиесі, мәдениеті, жауапкершілігі, қоғамға деген көзқарасы – білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі.
Университеттің халықаралық байланыстары студенттерге әлемнің түрлі елдерінен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Жыл сайын ҚазҰУ-да шетелдік сарапшылардың, профессорлардың, дипломаттардың қатысуымен конференциялар, форумдар, мастер-кластар ұйымдастырылады. Осындай кездесулер арқылы студенттер басқа мемлекеттердің білім беру жүйесімен, инновацияларымен, ғылымдағы жаңа бағыттарымен танысады. Сонымен қатар, академиялық мобильділік бағдарламасы арқылы Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония, Польша, Германия сияқты елдерде оқу мүмкіндігі беріледі. Бұл — студент үшін жаңа мәдениет, жаңа орта, жаңа көзқарас қалыптастыруға үлкен қадам.
Сонымен қатар ҚазҰУ-дың студенттік өмірі — ерекше бір әлем. Мұнда түрлі клубтар мен ұйымдар жұмыс істейді: дебат клубтары, волонтерлік қозғалыстар, шығармашылық топтар, спорттық ұйымдар және ғылыми қауымдастықтар. Әр студент өзінің қызығушылығына қарай жол тауып, талпынысын жүзеге асыра алады. Яғни, жастар волонтерлік қозғалыстарға қатысып, қала деңгейіндегі шараларда белсенділік танытып, қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Әртүрлі клубтар мен ұйымдар студенттердің жаңа орта тауып, жаңа тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Жоба жасағысы келген студентке де, өзін шығармашылықта сынағысы келген студентке де есік ашық. Университет әр бастаманы қолдап, студенттің өзін көрсетуіне жол береді.
ҚазҰУ-ды мүмкіндіктер мекені деп атау — бекер емес. Мұнда берілетін білім тәрбиемен үндеседі, ал тәрбие ұлттық құндылықтармен, мәдениетпен, жауапкершілікпен байланысады. Университет қабырғасында студент тек маман болып қана шықпайды; ол – ойлы, ізденгіш, мәдениеті жоғары, қоғамда өз орнын анықтай алатын тұлғаға айналады. Әл-Фарабидің ғасырлар бойы мәнін жоғалтпаған сөзін бүгінгі ҚазҰУ толықтай дәлелдеп отыр: білім мен тәрбие қатар жүрген жерде ғана шынайы нәтижеге қол жеткізуге болады.