2025 жылдың 4–14 сәуір аралығында Сербияның Златибор қаласында өткен ISF U-15 Жазғы мектеп гимназиадасында Қазақстан құрамасы рекорд орнатып, 11 медаль иеленді. Бұл — еліміздің аталған жарыстағы ең жоғарғы көрсеткіші.
ISF U-15 — бұл 13–15 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең ірі спорттық шаралардың бірі. Биылғы додаға 65-тен астам елден 3000-ға жуық жас спортшы қатысты.
Қазақстан құрамасы сапында республикалық іріктеу турнирінен өткен 23 оқушы өнер көрсетті. Олар дзюдо, еркін күрес, бокс және шахмат сынды төрт спорт түрінде ел намысын қорғады.
Бокстан Айбек Садық, Шыңғысхан Макаров, Нұртас Алимбай, Сайлауқазы Сымбат және Нұрболат Әмір алтын медаль еншіледі. Ал Алихан Смағұл қола жүлдегер атанды.
Дзюдодан Бақдәулет Серікәлі жеңімпаз атанса, Ерасыл Қалмаханбет қола медальға ие болды.
Еркін күрес бойынша Висхан Арашов күміс медаль жеңіп алса, Мансұр Ақылбай мен Нұрқожа Қалыбек үшінші орыннан көрінді.
Шахмат жарысында Олтинай Алғаппарова мен Жанат Нұрым жоғары спорттық тәртіп пен әділ ойын үлгісін көрсеткендері үшін Халықаралық адал ойын комитетінің арнайы марапатына лайық деп танылды.
Айта кетейік, Қазақстан бұл беделді гимназиадаға 2022 жылдан бастап қатысып келеді. Сол уақыттан бері еліміздің жасөспірімдер құрамасы халықаралық спорт аренасында қарқынды дамып келе жатқан, болашағынан зор үміт күттіретін ұжым ретінде таныла бастады.