2025 жылғы 24 сәуірде ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына дайындалып жатқан ұлттық құраманың спортшыларымен кездесті.
Кездесуге конькимен жүгіру шебері Евгений Кошкин, фристайл-могул спортшысы Анастасия Городко, сондай-ақ олардың бас бапкерлері Александр Панфилов пен Елена Круглыхина қатысты.
Министр дайындық барысы мен спортшыларға жасалып жатқан жағдай туралы баяндап, қазіргі таңда ұлттық құрама үшін нақты жоспар бекітілгенін атап өтті. Бұл жоспар аясында әр спортшыға жеке жаттығу және қалпына келу бағдарламалары әзірленіп, медициналық және психологиялық қолдау көрсетілетінін айтты.
Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заңның қабылданғанын еске салып, оның спортшылар мен бапкерлердің мәртебесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталғанын жеткізді.
Министр елімізде спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Жаттығу базалары халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталуда.
Айта кетейік, Евгений Кошкин биылғы маусымда 500 метрлік қашықтықта Әлем кубогі кезеңдерінде жеңіске жетіп, IX қысқы Азия ойындарында күміс жүлде иеленген. Анастасия Городко – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Универсиада және Әлем кубогі жүлдегері.
Кездесу соңында министр спортшылардың жетістіктеріне оң баға беріп, басты мақсат – 2026 жылғы Олимпиадада еліміздің намысын жоғары деңгейде қорғау екенін айтты.