Гонконгтың үздік университеті Алматыда өз филиалын ашты

Гонконгтың үздік университеті Алматыда өз филиалын ашты

Жаңалық Жоғарғы білім

Алматыда Сәтбаев университеті базасында City University of Hong Kong (CityU) Зерттеу және инновациялар институтының (CIRI) салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – Қазақстан аумағындағы алғашқы ғылыми-білім беру орталығы болып саналатын CityU-дың Қытайдан тыс жердегі тұңғыш филиалы.

Аталған бастама Мемлекет басшысының жоғары білім мен ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынып отыр. CIRI жаңа буын зерттеуші мамандарды даярлауға, трансшекаралық ғылыми серіктестікті кеңейтуге және екі ел арасындағы академиялық байланысты нығайтуға бағытталған.

Жаңа институтта алғашқы 100 қазақстандық студент оқуға қабылданды. Олар CityU сынды халықаралық деңгейдегі университеттен сапалы білім алуға мүмкіндік алды.

Салтанатты іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Қытайдың бас консулы Цзян Вей және CityU Директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай қатысты. Қатысушылар бұл институттың еліміздің білім беру саласындағы сапаны арттырып, Алматыны Орталық Азиядағы білім хабына айналдырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ CityU мен Сәтбаев университеті арасында PhD деңгейінде қос дипломды бағдарлама туралы меморандумға қол қойылды. Оқу бакалавриатта «2+2», ал магистратурада «1+1» форматында өтеді. Барлық оқу үдерісі ағылшын тілінде жүреді және ҚР ҒЖБМ мемлекеттік гранты негізінде жүзеге асырылады.

CityU әлемнің үздік жас университеттерінің қатарында. QS және Times Higher Education рейтингтері бойынша ол алғашқы жүздікке кіреді. Университеттің 170-тен астам оқытушысы әлемдік ғылыми ортада жоғары дәйексөзге ие ғалымдар қатарында.

Жаңа институттың ашылуы Қазақстанның жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялануын жеделдетіп, отандық студенттерге әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымға қол жеткізуге жол ашады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *