«Әл-Фараби Атындағы ҚазҰУ – Ұлт Білімінің Қара Шаңырағы»

Жоғарғы білім

Гүлназым Супугалиева, ҚазҰУ,«Қаржы және есеп»

кафедрасының аға оқытушысы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің іргетасы, ұлттық білімнің қара шаңырағы болып табылады. ҚазҰУ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық мұрасын жаңаша жалғастыра отырып, Қазақстанның рухани және ғылыми тірегіне айналған. Университеттің даму траекториясы мемлекет басшылығының білім мен ғылымды қолдау саясатының тікелей нәтижесі.

Үлкен әлемге шығудың жолы – ғылыми жетістіктер мен сапалы білім. ҚазҰУ осы жолда өзіндік қолтаңбасын анық қалдырып келеді. Әлемдік рейтингтердегі тұрақты өсу – бұл бір ғана сандық көрсеткіш емес, тұтас жүйенің нәтижесі, мыңдаған адамның ерен еңбегінің көрінісі. Университет есімі енді әлемдік білім ордаларының қатарында құрметпен аталады. Қазақ жерінен шыққан университеттің беделінің осылай асқақтауы – ұлттық рухтың да биіктегені.

ҚазҰУ-дың соңғы жылдардағы ең жарқын жетістігі – оның халықаралық рейтингтердегі тұрақты өсімі. Қазіргі таңда университет іргелі ғылыми зерттеулері мен жоғары білім сапасының арқасында QS World University Rankings (QS WUR) сияқты беделді рейтингтерде тұрақты түрде көшбасшылық позицияны иемденіп келеді. ҚазҰУ бірнеше жыл қатарынан ТМД елдерінің үздік университеті мәртебесін сақтап қалу арқылы өңірлік көшбасшылық миссиясын толық орындап отыр. Бұған қоса, QS Asia University Rankings 2026 рейтингінде 38-орынға ие болуы Орталық Азиядағы жетекші университет мәртебесін тағы да растайды. Университет сонымен қатар білім беру тәжірибесінің жоғары сапасын мойындаған QS «Learning Experience Champions» марапатына ие болды. Бұл жоғары нәтижелер білім беру стандарттарының халықаралық талаптарға толық сай келетінінің және Қазақстан дипломының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің нақты дәлелі.

Рейтингтік жетістіктер академиялық ауқыммен тығыз байланысты. Университеттің білім беру үдерісінің кең ауқымдылығы оның ұлттық білім беру жүйесіндегі орнын айқындайды. Ағымдағы жылы университет 562 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның 149-ы – бакалавриат, 285-і – магистратура, 128-і – докторантура бағдарламалары. Биылғы жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға барлық білім беру деңгейлері бойынша 11 530 талапкер қабылданды. Соның ішінде 1-курсқа 6625 студент, сондай-ақ 1000-нан астам магистрант және 514 докторант оқуға түсті. Сонымен бірге университетіміздің білім алушылар қатары 3400-ден астам шетелдік студентпен толықты.

ҚазҰУ-дың осындай кең ауқымды оқыту қызметіндегі табысы оның ғылыми-инновациялық жетістіктерімен нығайтылады. Ғылыми-зерттеу бағытындағы жетістіктер ерекше назар аударады: ҚазҰУ ғалымдары Stanford University, Elsevier баспасы және Scopus мәліметтерін біріктіріп дайындаған «World’s Top 2% Scientists – 2025» беделді әлемдік рейтингіне енді. Бұл – қазақстандық ғылымның халықаралық мойындалуының маңызды көрсеткіші. Жуырда ҚазҰУ-да Қазақстан-АҚШ цитоматрицаны зерттеу орталығы салтанатты түрде ашылды. Жаңа орталықта ғалымдар цитоматрица құрылымын, оның ішінде күрделі клеткалық процестерді терең зерттеп, биомедициналық ғылымды дамытуға үлес қосады. Университет сонымен қатар ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша елімізде алдыңғы орында тұр, бұл – ҚазҰУ қабырғасында дүниеге келген идеялар мен өнертабыстардың нақты экономикалық өнімге айналып, ел игілігіне жарап жатқанын көрсетеді.

ҚазҰУ-дың академиялық ұтқырлық бағдарламалары және әлемнің жетекші 400-ден астам университетімен орнатқан әріптестігі студенттер мен оқытушыларға үздік білім беру орталықтарында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Университет халықаралық профессорларды жиі шақыру арқылы оқу процесіне жаһандық трендтерді енгізеді.

Қорытындылай келе, ҚазҰУ бүгін – ертеңгі Қазақстанның интеллектуалды және рухани тірегі. Университет қызметкерлері осы ұлы миссияны орындауды өз міндеті санайды және ҚазҰУ-дың Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіндегі орнын нығайтудағы үлесі зор деп сенімді түрде айтуға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *