Ұлттық салт-дәстүрдің бүгінгі   жастар өміріндегі орны

Өзін-өзі тану
Ұлттық салт-дәстүрдің бүгінгі   жастар өміріндегі орны

Автор: Хайрол Жұлдыз
Жетісу облысы,Көксу ауданы Жарлыөзек ауылы
№1 Мұсабек орта мектеп оқушысы

Салт-дәстүр – ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының мәдени мұрасы әрі ұлттық болмысының символы. Ол көне заманнан бері ата-бабаларымыздан мирас болып, жас ұрпақты тәрбиеге, байсалдылыққа, көрегенділікке және әдет-ғұрыпты құрметтеуге баулып келеді.

Салт-дәстүрдің бүгінгі жастар өміріндегі орны қандай?

Бүгінгі күні де қазақтың қарадомалақ баласы өзінің ата салтын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтеп өседі. Нәресте дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ салт-дәстүрді бойына сіңіре бастайды. Ең алдымен азан шақырып ат қою, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу сияқты дәстүрлер орындалады. Сонымен қатар ұл мен қыздың тәрбиесіне ерекше мән берілген. Мысалы, «Қызды қырық үйден, ұлды отыз үйден тыйған» деген нақыл сөздің астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ал отау құрар шақта сырға салу, ұзату тойы секілді салттар орындалып, «Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған». Осылайша халқымыздың өмір жолы салт-дәстүрмен жалғасады.

Жастар қазақтың мәдениетін қаншалықты дәріптейді?

Бүгінде салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді дәріптеп жүрген жастар да аз емес. Олар ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, үлкенге де, кішіге де үлгі болып жүр. Қазақтың ою-өрнегін, ұлттық киімдерін этностильмен үйлестіріп, өз брендін әлемдік нарыққа шығарып жүрген жастар көбейіп келеді. Атап айтар болсақ, «Darideiya» брендінің негізін қалаушы,«Qazaq Aruy 2025» байқауының жеңімпазы Дәрия Қуатжан.Талдықорған қаласында өсіп өзінің дизайнерлік қабілетін дамыта отырып, қазақ халқының ою-өрнегімен әсемделген ұлттық киімдерді этностиль мен заманауи сән үлгісінде ұсынып жүрген жас талант. Осындай қыздарымыздың биік белестерді бағындырып, Қазақстанның атын әлемге танытатынында сенім мол.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, салт-дәстүр – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ол жастардың тәрбиесіне әсер етеді. Ұлттың болашағы – тәрбиесінде, білімінде, мәдениетінде, салт-дәстүрі мен тілінде. Сондықтан әрбір жас қазақ салт-дәстүрін бойына сіңіріп, қазақтың салты мен тілін, байлығы мен көркемдігін сақтауға өз үлесін қосуы қажет. Салт-дәстүріміздің, мәдениетіміздің, тіліміз бен дініміздің мәртебесін көтеру – бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *