2025 жылғы 11 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Yandex Qazaqstan бірлесіп, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметкерлеріне арналған жасанды интеллект (ЖИ) тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
Бұл іс-шара мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру және жаңа технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Қатысушылар ЖИ саласындағы соңғы жаңалықтармен танысып, оны мемлекеттік басқару және білім беру жүйелеріне енгізу мүмкіндіктері мен қиындықтарын талқылады.
Семинарда Yandex Qazaqstan мен Data Science саласының сарапшылары сөз сөйлеп, ЖИ технологияларын әртүрлі салада қолданудың нақты мысалдарын ұсынды. Мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директор Мейірбек Мұқатов мемлекеттік құрылымдар мен жеке компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Семинар аясында келесі мәселелер қаралды:
- Жасанды интеллектіні білім мен ғылым салаларына енгізу;
- ЖИ қолданудағы этикалық және қауіпсіздік талаптары;
- Цифрлық құзыреттілікті дамыту жолдары.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Yandex Qazaqstan компаниясына аталған семинарды ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта тиімді серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.