2025 жылғы Еуропалық қыздарға арналған математикалық олимпиадада (EGMO) Қазақстан құрамасы ерекше табысқа қол жеткізді. Құраманың барлық мүшелері жүлделі орындарға ие болып, еліміздің математика саласындағы білім беру деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл — үшінші жыл қатарынан көрсетілген тұрақты әрі нәтижелі дайындықтың жемісі.
Биылғы олимпиада Косовоның Приштина қаласында өтті. Оған 52 елден 219 оқушы қатысты. Қазақстан атынан төрт оқушы мен екі жетекші қатысты. Нәтижесінде барлық төрт оқушы да медаль жеңіп алды:
- Юлия Катунина – күміс жүлдегер, Павлодар қаласындағы №8 дарынды балаларға арналған лицейдің 10-сынып оқушысы
- Арай Касенова – қола жүлдегер, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы
- Анар Дидарбекова – қола жүлдегер, Алматы қаласындағы №39 С.А.Ходжиков атындағы мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушысы
- Аружан Қайрат – қола жүлдегер, Алматы қаласындағы №39 С.А.Ходжиков атындағы мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы
Қазақстан құрамасы бұл беделді зияткерлік жарысқа 2017 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт ішінде отандастарымыз:
- 3 алтын,
- 12 күміс,
- 15 қола медаль,
- және 4 Құрмет грамотасын жеңіп алды.
EGMO олимпиадасы алғаш рет 2012 жылы Ұлыбританияның Кембридж қаласында ұйымдастырылған болатын. Бүгінде ол қыздарға арналған ең маңызды халықаралық математикалық жарыстардың біріне айналды.
Халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғаған жеңімпаздарды, олардың ата-аналарын, жетекшілерін және мектеп ұжымдарын шын жүректен құттықтаймыз! Бұл — еліміздегі дарынды қыздарға жасалған қолдаудың нақты нәтижесі.