Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 оқушысы дүние жүзіндегі шетелдік университеттерге шақырту алды.
Алексей Тен бірден үш үздік АҚШ университетіне шақырылды: Ричмонд университеті, Пурдю университеті, Дрексел университеті. Алексей информатиканы оқуға ниетті.
Асқар Қали да информатика саласын таңдады. Ол Дрексел университетіне оқуға түсті.
Дрексел университеті АҚШ-тағы танымал университеттердің бірі. Ғылым, технология, инженерлік және медициналық зерттеулердегі тенденцияларды зерттеуде көшбасшы болып табылады.
«Мені осы университеттің бірегей бағдарламасы қызықтырды – бұл жетекші компанияларда тағылымдамадан өту және болашақта жұмыс істеуге шақыру алу мүмкіндігі», — дейді Асқар.
Айша Ашен Дрексел университетінің биоинженерия факультетінде оқуды жоспарлап отыр.
«Биология менің сүйікті пәнім. Бірақ биотехнология мен үшін беделді және қолайлы болып көрінді. Мамандықтың көптеген бағыттары бар: гендік инженериядан биомедицинаға дейін. Бұл адам өмірінің барлық салаларында сұранысқа ие бағыт», — деді болашақ биоинженер.
Қымбат Алтыбайды халықаралық қатынастар, саясаттану және экономика саласы қызықтырады. Ол Қытайдағы Дьюк Куньшан университетінде оқуға толық стипендия алды.
Томирис Қасымова Гонконг университетінің бірегей үш факультетіне шақыртылды: маркетинг, есеп және аудит және риск-менеджмент факультетіне.
Гонконг қалалық университеті — Гонконгта, Коулун Тхонг ауданында орналасқан зерттеу университеті. Ол әлемнің жетекші университеттерінің тізіміне, сондай-ақ WorldUniversityRankings нұсқасы бойынша Азияның ең үздік жиырма университетінің қатарына енді. Гонконгта ол 4-ші орында.
онконг университетіне Ерсен Нұрғұрман да шақырылды.
«Мен Қытайдағы инженерлік факультетті таңдадым. Өйткені Қытай технология бойынша көшбасшы. Соңғы онжылдықта Қытайда инновацияларға көбірек көңіл бөліну жағдайында ғылым мен технология бұрын-соңды болмаған динамикамен алға шықты. Өндіріс әдістерінде, адамдардың өмір салтында және экономикалардың жұмыс істеу тәсілдерінде терең өзгерістер орын алуда. Осы бағытта өзімнің ерекше тәжірибемді алғым келді», – дейді Ерсен.
Жалпы, Талдықорған қаласындағы NIS оқушыларының қабылдау картасы Иллинойс технологиялық институты, Хаверфорд колледжі, Лингнан университеті, Альфред университеті, Шанхай университеті сияқты әлемнің 10-нан астам университетін қамтыды.