ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы» Торайғыров университетімен бірлесіп Павлодар қаласында «Инновациялық білім беру бағдарламалары: технологиялық форсайт, адам әлеуетін озық дамыту, өңірлердің қажеттіліктеріне жедел ден қою» тақырыбында ашық әдіснамалық семинар-тренинг өткізді -деп хабарлайды Жоғары білім және Ғылым минситрлігі баспасөз қызметі.
Іс-шараға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері, оның ішінде университеттердің проректорлары, оқу-әдістемелік басқармалардың бастықтары, білім беру бағдарламаларын әзірлеушілер және т.б. қатысты.
Спикерлер ретінде Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының, Samsung Electronics компаниясының, Matriz Official қауымдастығының, Eurasian Resources Group, «Incom Company» ЖШС сарапшылары сөз сөйледі.
Семинар-тренингтің негізгі мақсаты инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу және сараптау мәселелерін талқылау, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жаңарту үшін кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталарын қалыптастыру әдіснамасы бойынша тәжірибе және білім алмасу болды.
Семинар барысында қатысушылар инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуде осы әдісті қолдануға мүмкіндік беретін өнертапқыштық мәселелерді шешу теориясымен танысты. Семинардың практикалық сессиялары заманауи талаптарға сай келетін және өңірлердің кадрларына деген қажеттіліктерге тез жауап беретін Инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу дағдыларын игеруге ықпал етті.
Семинарға қатысушылар сонымен қатар кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталары негізінде инновациялық білім беру бағдарламаларын құру бойынша ұсыныстарды әзірлеп, талқылады. Бұл ұсынымдар еліміздің жоғары оқу орындарындағы білім беру процестерін жетілдіру бойынша одан әрі жұмыс істеу үшін негіз болады.
БШ ақпарат