Жаңа Қазақстан! Жаңа мектеп! Жаңашыл ұстаз! Осындай көтеріңкі сөздерді бүгінгі таңда жиі айтамыз. Бұл сөздердің түп-төркіні – жаңаша көзқарас деп ойлаймын. Жаңадан ештеңе келіп орнай қалған жоқ, ескіден іргесі құрылған дүниеге жаңаша көзқарас керек. Тек ескі сүрлеумен жүре бермей, жан-жағынан басқа да ыңғайлы, санаңа қонымды, жаныңа жайлы жолдар іздестіру деп білемін.
Ұстазға арналған әнде: «Ғалым да, кенші де бас иетін, Ұстазым бар сенің қасиетің» деп жырланғандай, бүгінгі таңда ұстаз алдына бармай азамат болып кеткен адам жоқ шығар! Мейлі ол дарынды ұстаз болсын немесе жас, іс-тәжірибесі аз мұғалім болсын – шәкіртінің сауатын ашып, білім бергені анық.
Мұғалімдік қызметті өзім сүйіп, өзім таңдап алдым. Анам да мұғалім, мүмкін соның да ықпалы болған шығар. Мамандығым өзіме ұнайды. Мамандығымның өзіме ұнайтын тұсы – балалармен жұмыс жасауымда ма деймін. Балаларды бекер періште демейді ғой. Арам ойлары жоқ, пәк, таза!
«Жас келсе – іске» деп жатады, жастық қуатымды, білімімді, күш-жігерімді осы қызметіме жұмсағым келеді. Ең алдымен, оқушылармен тату-тәтті, түсіністікте болғым келеді. Мен де осы заманның баласымын, сондықтан бос уақытын көбіне телефонмен, ғаламторға телмірумен өткізіп жатқан оқушыларыммен тілтабысып кету жолдарын қарастырып отырамын. Әрдайым ойымша: «мен мына баланың орнында болсам не істер едім?» — деген сұраққа жауап іздеймін.
Білімді ұстаз кез-келген баланың назарын өзіне аудара біледі, құрметіне бөленеді. Сондықтан ылғи іздену үстіндемін. Өз пәнімді ғана емес қай саладан болса да сауатты болуым керек деп ойлаймын. Баланың көкірегінде туындаған қандай да болмасын сұраққа жауап беруге, жауап беруге ғана емес түсіндіріп жіберуге дайын болуым керек. Оқушым әрдайым менің дұрыс бағыт-бағдар береріме сенімді болуы керек.
Өз пәніме келетін болсам, менің пәнім өте қызықты. Осы қызықты пәніме оқушыларды одан ары қызықтыра түссем деймін. Оқыту барысында қолданылатын 500-ден артық әдіс-тәсілдерді қарастыру әдетіме айналды. Сабағымда белсенділігі төмен, үндемей соңғы партада отырып қалатын баланың болмауы үшін тиімді әдіс-тәсілдерді орынды пайдалануды көздеймін. Тіпті кейде осы әдіс-тәсілдер сіздің сабағыңызды өзіңіз танымастай керемет етіп жібереді. Бұндай бақытты сәттерде осы мамандықты бекер таңдамағаныма көзжеткіземін.
Осыдан 100 жылдай бұрын Мағжан ақын «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген екен. Қай заманда болмасын, қандай қоғамда болмасын білімді де білікті ұстаздар төрден төмен сырғыған емес. Ұлы тұлға М.Әуезов «Ұстаз – ұлы есім» десе, ғалым-ұстаз Д.Ушинский «Мұғалім-зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» дегендей, мұғалім мәртебесін биік ұстау – өркениетке апарар жол екенін естен шығармасақ болды!
Саматова Карина Саматовна, Биология пәні мұғалімі,
МДШО № 21 орта мектеп КММ,
Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Өтенай ауылы