Математиканы білу деген не?
Бұл — есептерді шығара білу,
онда стандарттық есептерді ғана емес,
ойлаудың еркіндігін, сананың салауаттылығын,
өзіндік болмысты, тапқырлықты керек ететін есептерді шығару.
Д. Пойа
Бүгінгі таңда математика пәні ғылымның ең кең тараған түріне жатады. Сондықтан да математикалық мәдениетті қалыптастыру — заман талабы.Оны жоғары деңгейге көтеру мектеп табалдырығынан басталады. Мектепте баланың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру арқылы оның пәнге деген сүйіспеншілігін кеңейтуге болады.
Ол үшін математика сабағында оқытудың әр түрлі әдіс – тәсілдерін кеңінен пайдалана білу керек. Әр сабақты қызықты етіп пайдаланып, оңтайлы қолдану мұғалімнің шеберлігі болып табылады.
Оқу – тәрбие үрдісінің сабақта дұрыс жүргізілуі үшін әр алуан оқыту әдіс-тәсілдерінің тиімдісін мүмкіндігінше және білімалушылардың жеке жағдайларына байланысты таңдап алуға көп көңіл бөлу керек.
Бүгінгі қоғам үшін де математиканың рөлі ерекше, себебі әр түрлі бағыттағы математикалық әдістерді қолданбаса ғылыми – прогресстің болуы мүмкін емес. Бұл жерде сабақта математикалық дайын ақпараттарды қолдану ғана емес, ғылым мен техниканың дамуына ықпал ететін жаңа туындыларға жол ашу, жаңа идеялар қолдану математикалық сауаттылықты арттырады.
Ол үшін мектепте оқыту мен оқытуда жаңа форматтағы сабақтар өткізген дұрыс. Мұғалім балаға өз бетімен білім алуға жағадай жасап, бағыттаушы ролінде болғаны дұрыс. Білімді өз бетімен меңгеру барысы оқушының «өзін-өзі реттеу» үрдісіне жатады. Өзін-өзі реттеу арқылы балада түсіну, қадағалау, бақылау қабілеттері дамиды.
Топтық оқыту әдісін қолдану кезінде оқушылардың өзін-өзі басқару, өзін-өзі бағалау топта оқушылардың білім деңгейін, ынтасын көтереді, бір-біріне көмектесу, бірінің білмегенің бірі толықтыру арқылы сенімділік артып, оқушының тақырыпты меңгерудегі олқы жерлерін бақылап, мұғалім мен оқушылар арасында бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатылады. Математика сабағындағы топтық жұмыстар қолданылған жекелеген жобаларда толық топтарға қарағанда, шағын топтағы оқушылардың шығармашылық неғұрлым тиімді жұмыс істегені байқалады.
Сабақта жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы:
— өз бетінше ізденіп оқуын ұйымдастыру, дамыту;
— тест және басқа да тапсырмалар арқылы танымдық қабілеттерін нығайту;
— сабақ сайын озық тапсырмалар беру;
— пән бойынша білім-білік дағдыларының қалыптасуын үнемі бақылап, өздеріне талдатып, өздік бағалау әрекеттерін ұйымдастыру жұмыстарына көңіл бөлу қажет.
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмыстары. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады.
Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.
Оқыт тәсілдерінің түрлері:
• ой, зейін, ес, қабылдау, қиялды жақсарту тәсілдері;
• мәселелі жағдаят тудыруға көмектесетін тәсілдер;
• оқушылардың сезімдеріне әсер ететін тәсілдер;
• жеке оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқару тәсілдері.
Математика- барлық ғылымдардың логикалық негізі, демек, математика – оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады, оны шыңдай түседі және әлемде болып жатқан жаңалықтарды дұрыс қабылдауға көмек береді. Математика сабағында оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық ізденістерін, өз бетінше жұмыс істеу белсенділіктерін арттыру барысында теориялық білімдерін кеңейтіп, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға болады.
Қазіргі таңда оқу сабақтары кезінде заманауи оқытудың интербелсенді әдістері мен интербелсенді құралдарды тиімді пайдалану арқылы оқушының шығармашылығын дамытуға кең жағдай жасалған.
Сондықтан да оқу – тәрбие үдерісінде үнемі заманауи құрылғылар мен оқу сайдттарын, порталдарын мүмкіндігінше пайдалану – әр педагогтің басты міндеті болмақ.
Осындай әдіс – тәсілдерді сабақта тиімді қолданғанда оқушылар қиын деңгейлі есептерді шығаруға әр түрлі әдісті қолдана отырып, тиімді, ықшамды жолмен шығаруға қалыптасады. Әр түрлі қиындықтағы тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен оқып, қосымша анықтамалық материалдарды қолдануды меңгергендіктерін байқатуға болады.
Сондықтан қазіргі уақытта педогогтің басты міндеті баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын тиімді қолдануында.
«Білім алу – батылдық, оны толықтыру – даналық, ал шебер қолдана білу – өнер» деген даналық сөзді ұстанымға алған әр ұстаздың сабағы жемісті болмақ. нақыл сөзбен қорытындылаймын
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ж.У.Кобдикова «Орта мектепте білім алуды технологияландыру (саралап деңгейлеп оқыту)». 2002 жыл
2. «Білімдегі жаңалықтар» №3. 2004 жыл.
3. «Қазақстан мектебі» журналы №11. 2004 жыл.
4. А.Әбілқасымова, И. Бекбоев, А.Абдиев, З.Жұмағұлова «Алгебра – 8» оқулығы. «Мектеп» баспасы, 2008 жыл
5. Республикалық «Математика және физика» әдістемелік журналы. №6.
2013 жыл
Мейрамбай Қадуан,
Педагог, математика пәні мұғалімі.
«Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп – гимназиясы».
Жетісу облысы, Талдықорған қаласы.