Автор: Жұмабек Айдана Жұмабайқызы
Н.Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы
Аннотация
Бұл мақалада домбыра аспабының қазақ мәдениетіндегі маңызы мен рөлі қарастырылады. Домбыра – қазақ халқының музыкалық мұрасын танытудағы, сақтаудағы және дамытудғы маңызды құрал. Мақалада домбыраның тарихы, құрылымы және қазақ музыкасына қосқан үлесі туралы ақпарат беріледі. Аспаптың дәстүрлі орындау стилдері, сондай-ақ заманауи музыкалық бағыттардағы орны талданады. Сонымен қатар, домбыраның жастардың рухани дамуына, мәдени сана-сезімін қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға ықпалы көрсетіледі. Бұл мақалада домбыра өнерінің терең мағынасын және оның қазақ қоғамындағы орнының маңыздылығын айқындайды.
Түйін сөз:Домбыра, қазақ халқы, өшпес мұра, халықтың қазынасы.
Домбыра-қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы және ұлттық құндылығы. Оның шығу тарихы мыңдаған жылдарға созылады және көшпелі түркі халықтарының мәдениетімен тығыз байланысты. Археологиялық зерттеулерде домбыраға ұқсас аспаптардың бейнелері ертедегі тасқа қашалған суреттерден көрініс тапқан. Мысалы, Алтай, Жетісу өңірлеріндегі тастағы суреттерде домбыра пішіндес аспаптар бейнеленген. Бұл домбыраның тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге басқа түркі халықтарының музыкалық мәдениетінде кеңінен таралғанын көрсетеді.
Домбыра негізінен ағаштан жасалады және құрылымы қарапайым болғанымен, әрбір деталі үлкен шеберлікпен жасалған. Домбыраның шанағы (корпусы), мойны және басы сияқты негізгі бөліктері болады. Шанақ домбыраның дыбыстық қасиетін айқындайды және оны жасау үшін жаңғақ, қарағай, шырша, қайың сияқты ағаш түрлері қолданылады, себебі бұл ағаштар дыбысты жақсы шығарып, аспаптың ұзақ уақыт қызмет етуін қамтамасыз етеді. Ішектері көбіне қой ішегінен жасалатын, бірақ қазіргі кезде металл немесе нейлон ішектер де қолданылып жүр. Домбыраның құрылымы мен дыбысы оның халық арасында кеңінен қолданылуына септігін тигізген.
Домбыра қазақ халқының рухани байлығы және ұлттық болмысының көрінісі. Ол тек музыкалық аспап емес, сонымен қатар ұлттың жан дүниесін, мұң-шерін, қуанышын жеткізетін қасиетті құрал. Қазақ халқы домбыраны бойтұмардай қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Домбыра үні дала табиғатын, халықтың ішкі тынысын бейнелейді. Сондықтан ол қазақ халқының ұлттық болмысын айқындайтын ерекше аспап.
Домбыра қазақ халқының ән мен күй өнерінде маңызды рөл атқарады. Күйлер мен әндер домбыраның сүйемелдеуімен орындалып, халықтың тұрмыс-тіршілігін, табиғаттың таңғажайып сұлулығын, тарихи оқиғаларды жеткізетін. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқа», Динаның «Әсемқоңыр» сияқты күйлері халықтың жүрегіне жетіп, ұлттың рухани мұрасын құрайды. Ән айту дәстүрінде де домбыраның алатын орны ерекше. Домбыра қазақтың түрлі мерекелері мен дәстүрлерінің ажырамас бөлігі болып табылады. Домбырамен күй шерту, ән айту дәстүрі қазіргі кезде де ұлттық мәдениетті жаңғыртып, қазақ халқының байырғы музыкалық мұрасын сақтауға септігін тигізіп келеді.
Қазақ халқының музыкалық мұрасы саналатын күйлер халықтың сезімі мен өмірлік тарихын бейнелейді. Құрманғазы Сағырбайұлының шығармалары қазақтың бостандығы мен батырлығын асқақтатады. Оның «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» күйлері қазақ даласының кеңдігін, елдің еркіндікке деген ұмтылысын суреттейді. Тәттімбет Қазанғапұлының күйлері сезімге толы, лирикалық мәнге ие. Оның «Сарыжайлау», «Бестөре» күйлері халықтың тұрмыс-тіршілігін, табиғатқа деген сүйіспеншілігін бейнелейді. Дина Нұрпейісова — қазақтың тұңғыш кәсіби әйел күйшісі, ол Құрманғазының шәкірті болып, оның дәстүрін жалғастырды. Динаның «Әсемқоңыр», «Науаи» күйлері ұлттық музыка өнеріне үлес қосып, халықтың ерекше құрметіне ие болды.
Домбыра күйлерінің тақырыбы сан алуан: туған жерге деген махаббат, еркіндік пен азаттыққа ұмтылыс, табиғат сұлулығы, халықтың тұрмысы мен тарихи оқиғалар. Қазақ күйлері халықтың өмірін, ішкі жан дүниесін бейнелей отырып, ұлттық сананы қалыптастырады. Әрбір күй халықтың тарихын, мәдениетін және болмысын жеткізетін өзіндік бір «музыкалық шығарма» болып саналады. Бұл күйлер ұрпақтан-ұрпаққа халықтың мәдени мұрасын жеткізіп, ұлттық рухтың нығаюына ықпал етеді.Қазіргі уақытта домбыра мәдениет пен білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарады. Домбыра музыка мектептерінде, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқытылып, жаңа орындаушылардың тәрбиеленуіне ықпал етеді.
Домбыраны оқушыларға қызықты үйрету үшін төмендегі әдістерді қолдануға болады:
- Заманауи әндер мен күйлерді қосу.
Домбыраны үйрену барысында заманауи және танымал әндерді қосу арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруға болады. Классикалық күйлерді үйренуден бұрын олардың орындауға оңай заманауи әуендерге бейімделуіне мүмкіндік беру пайдалы.
- Шығармашылық еркіндік беру.
Оқушыларды өз әуендерін немесе қарапайым күй шығарып көруге ынталандыру олардың шығармашылық әлеуетін дамытады. Өз әуенін жасауға мүмкіндік беру домбыраға деген қызығушылықты арттырады.
- Ойын элементтерін қолдану.
Домбыра сабағын қызықты етіп ұйымдастыру үшін музыкалық ойындар мен жарыстар қосу оқушыларды жігерлендіреді. Мысалы, үйренген күйлер бойынша шағын концерт ұйымдастырып, оған достары мен ата-аналарын шақыруға болады.
- Топпен жұмыс және дуэт орындау.
Оқушыларды шағын топтарда немесе дуэтте ойнауға үйрету олардың музыкалық ынтымақтастығын арттырады. Топтық орындаулар балалардың домбыраға деген қызығушылығын ұлғайтып, бір-біріне қолдау көрсетуге үйретеді.
- Цифрлық ресурстарды пайдалану.
Домбыра үйретуге арналған мобильді қосымшалар, интерактивті бейнелер мен виртуалды жаттығуларды қолдану оқушыларға жаңаша үйренуге мүмкіндік береді. Түрлі YouTube видеолары немесе арнайы қосымшалар арқылы оқушылар домбыраның әртүрлі техникаларын игере алады.
- Музыкалық тарихқа қызықты экскурсиялар.
Оқушыларға домбыраның тарихы мен күйлердің шығу тарихы туралы қызықты әңгімелер айту олардың аспапқа деген қызығушылығын арттырады. Мысалы, белгілі күйлердің артындағы оқиғалар мен күйшілердің өмірінен алынған қызықты мәліметтер балалардың өнерді тереңірек түсінуіне көмектеседі.
- Қатысушыларды мотивациялау және қолдау көрсету.
Әр оқушының жетістігін атап өту және кішігірім сыйлықтар беру оқуға деген ынтасын арттырады. Жеке жетістіктері үшін мадақталып отыру оқушының өзін-өзі сенімді сезінуіне көмектеседі.
- Өнерпаздармен кездесу ұйымдастыру.
Кәсіби домбырашылармен, әйгілі күйшілермен немесе белгілі музыканттармен кездесулер оқушыларға үлкен шабыт береді. Шеберлік сабақтарын өткізу және домбыраның шеберлік қырларын көру олар үшін үлкен шабыт көзі болады.
- Әртүрлі домбыра техникаларын меңгерту.
Домбыраның түрлі техникаларын, мысалы, тремоло, пиццикато немесе легато секілді әдістерді үйрету оқушылардың қызығушылығын арттырады және ойнау шеберлігін дамытады.
Әлеуметтік желілерде шығармашылықтарын бөлісу.
Оқушылардың өнерін интернетте жариялау немесе әлеуметтік желілерге жүктеу олардың өнерін кең аудиторияға көрсетіп, мақтаныш сезімін арттырады. Мектеп ішінде немесе мектептен тыс домбыра ансамбльдері ұйымдастыру және олардың өнерін насихаттау балаларды ынталандырады.
Осы әдістер арқылы оқушылар домбыра сабағына қызығып, музыканы жақсы көре бастайды. Домбыра сабақтарын қызықты әрі интерактивті өткізген жағдайда, оқушылардың ұлттық өнерге деген қызығушылығы артып, өнерге деген сүйіспеншіліктері дамиды.
Бүгінгі күні домбыра өнері жаңа қырынан танылуда. Жастар арасында домбыраға деген қызығушылық қайта оянып, заманауи орындаушылар домбыраны жаңа стильдерде қолдануда. Жаңашыл орындаушылар домбыраның үнін рок, джаз, поп сияқты түрлі жанрларға бейімдеп, оның әлеуетін кеңейтуде. Әлеуметтік желілер арқылы домбыра орындаушыларының видеолары кең таралып, жастар арасында ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруда. Домбыраның осы жаңашыл бағытта дамуы оның заманауи қоғамдағы маңыздылығын көрсетеді.
Домбыра күйлері мен әндері арқылы халықтың тарихы, салт-дәстүрі және рухани байлығы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Домбыра халықтың ұлттық санасын қалыптастырып, мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналған. Домбыраны кеңінен насихаттау үшін оны білім беру мекемелерінде оқыту жүйесін жетілдіру керек. Домбыраның жаңа жанрлардағы қолданылуын қолдап, жастар арасында қызығушылықты арттыру маңызды. Домбыра өнерін ұлттық және халықаралық деңгейде насихаттап, қазақ мәдениетінің байлығын әлемге таныту жолдарын қарастыру қажет.