Өркениетті қоғамды дамытудың ең бірінші қозғаушы күші білім десек, білімнің негізгі мектеп қабырғасында қаланады.Мектеп баланы білім нәрімен сусындатып, болашақ үлкен өмірге дайындайды. Талдықорған қаласындағы 60 жылдық тарихы бар №2 орта мектеп кешегінің келбетін естен шығармай, бүгінгінің бағытын ұстана отырып, болашаққа сенімді нық қадамдармен айқын басып келеді. 60 жыл уақыт ішінде алтын ұяны сандаған түлектер бітіріп,олар өмірдің әр саласында жемісті еңбек етуде.Білім мен тәрбиені қатар ұштаған тағлым орнында осы түлектердің көңіл түкпірінде жатталып қалған көптеген аяулы ұстаздар қызмет етіп,дәріс берді. 1954 жылыдң қыркүйек айында ашылған мектепке В.И.Ленин есімі берілді. Мектепті көпшілікпен толтыру мақсатында Ушинский мектебінен ұстаздар мен оқушылар ауыстырылды. Сол кезде 32 адамнан тұратын мұғалімдер ұжымы болды. Оқу ордасының алғашқы директоры болып Иванцов Александр Васильевич (1954-1958 оқу жылдары) тағайындалды.
Мектептің өткен тарихында оқу ордасын әр кезеңде басқарып келген Иванцов Александр Васильевич (1954-1958 қу жылдары), Борис Николаевич Ковалев (1958-1964 оқу жылдары), Федор Петрович Рачкован (1964-1979 оқу жылдары), Мария Алексеевна Шингарева (1979-1990 оқуы жылдары) сияқты мектеп басшыларының есімдері бұл күнде ұрпақ жадында жаңғырып,оқу орнының тарихынан лайықты орнын иеленді. Қазақстан егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болған уақыттан мектеп директоры Зәуре Ойышқызы Даримбетова тағайындалды. Ол 1991 жылдан 2009 жылға дейін мектеп басшысы қызметін атқарады. Ол білім саласындағы қажырлы еңбегі үшін «Қазақстан республикасы білім беру ісінің үздігі» төс белгісін және Ыбырай Алтынсарин медалін иеленеді. 2009-2012 жылдары тарихы терең алтын ұяның директоры қызметін Ляззат Өзбекқызы Есботанова атқарады. Осы жылдары мектептің техникалық базасы толығып, ғимарат күрделі жөндеуден өтеді. 2014 жылы мектеп директоры болып Ләйлә Жанатқызы Байсова тағайындалады. Ләйлә Жанатқызы мектептің білім беру сапасын заман талабына сай дамытуды көздейді. Сол арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, білімі терең, ғылымға құштар ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат деп санайды. Қазіргі уақытта мектепте 1576 оқушы білім алады. Барлық сынып жиыны – 61, оның ішінде 35-і қаза, 26-ы орыс сыныптары. 5 мектепалды даярлық тобында 122 тәрбиеленуші бар.
Мектеп түлектерінің арасынан әр түрлі мамандық иелері өмір айдынында абыройлы белестерді бағындыра алды,өз салаларында жетістіктерге жетті.
Білікті ұстаз білімді ұрпақ тәрбиелейді
Білім айдыныдағы кеме мектеп болса, мұғалім — сол мектептің жүрегі. Мектеп ұстаздарының сапалық құрамына нақтырақ тоқталсақ, 2013-2014 оқу жылы 100 мұғалім жұмыс істеді, оның 96– жоғары білімді (96 %), аяқталмаған жоғары –4 (4%), жалпы орта білімді — жоқ. 100 мұғалімнің — жоғары санатты-33 (33%), 37- бірінші санатты (37 %), 16- екінші санатты (16%), 14- санаты жоқ мұғалімдер (14%). Жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің саны 70% құрады.
Мектептің ғылыми — әдістемелік жұмыс жүйесі оқыту мен оқудың түрлі белсенді әдістері арқылы, сондай – ақ педагогикалық ұжымның арнайы қызметтерімен өзара сабақтасып, психологиялық – педагогикалық семинарлар, әдістемелік апталықтар, пән апталықтары, озық тәжірибені тарату, өзіндік білімді жетілдіру, мұғалімнің аналитикалық – диагностикалық кәсіби біліктілігін дамыту, жобалар қорғау, байқау, конференциялар, аттестацияға қатысу сынды жұмыс түрлері арқылы жүзеге асырылады.
2013- 2014 оқу жылында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» базасында 21 мұғалім қысқа мерзімді даярлау курстарынан өтті. Педагогикалық шеберлік орталқтары арқылы деңгейлік курстан 13 мұғалім өтті. Бұл курстар арқылы мұғалім оқушыларға жаңаша білім беріп, баланың ой-санасына өзгеше серпіліс әкеліп, ой-көзқарастарын өзгертіп, білімге құштарлығын арттырады. І деңгей бойынша: орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Абдрахманова, бастауыш сынып мұғалімі Д.Власова, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Р.Мұхаметшарова, ІІ деңгей бойынша орыс тілі пәні мұғалімдері С.Махамбетова, Г.Ордагулова, география пәні мұғалімі Т.Айдарханов, математика пәні мұғалімі С.Балабекова, ІІІ деңгей бойынша: биология пәні мұғалімдері Н.Зурдунова, Н.Омирова, математика пәні мұғалімі Л.Е.Абдраимова, бастауыш сынып мұғалімдері Б.Масылбекова, А.Нусіпбекова, А.Мырзағұловалар сертификатталды. Кәсіби өсудегі өзіндік тәжірибе жинақтау «портфолио» әдісі арқылы анықталады.
2014-2015 оқу жылында 107 мұғалім істейді, оның 105– жоғары білімді (98 %), аяқталмаған жоғары –2 (4%), жалпы орта білімді — жоқ. 107 мұғалімнің — жоғары санатты-36 (33%), 39- бірінші санатты (36 %), 14- екінші санатты (13%), 18- санаты жоқ мұғалімдер (16%). Жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің саны 70% құрайды.
«Білім шапағаты» анықтамасы: Ләйлә Жанатқызы Байсова №2 орта мектеп директоры. Ляйля Жанатқызы 1988 жылы орта мектепті Алтын белгіге бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің филология факультетіне түседі. 1993 жылы осы Жоғарғы оқу орнын аяқтап, қазақ тілі мен әдебиет мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Талдықорған агротехникалық колледжінен бастап, 17 жыл осы білім ордасында жұмыс істейді. №20 мектепте педагог ұйымдастырушы болып қызмет атқарады. 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша ашылған №25 орта мектептің директоры болып тағайындалады. Жаңадан ашылған мектепте 6 жыл басшылық қызмет атқарып, 2014 жылдың 17 қаңтарынан бастап №2 орта мектеп директоры болды. Жалпы еңбек өтілі 21 жыл. 21 жылы бойы Ляйля Жанатқызы қазақ тілі мен әдебиет пәнінен оқушыларға дәріс беріп келеді.
СҰХБАТ
БҮГІНГІ ЗАМАН ОҚУШЫСЫНЫҢ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА ТАЛПЫНЫСЫ ЖОҒАРЫ
Ләйлә Жанатқызы мектептің білім беру сапасын заман талабына сай дамытуды көздейді. Сол арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, білімі терең, ғылымға құштар ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат деп санайды. Бұл бағытта ауқым жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тарихы терең мектептің басшысымен қарашаңырақтың бүгінгісі мен болшаққа жоспарлары жайлы сұхбаттастық. Сондай-ақ, Ләйлә Жанатқызы бүгінгі білім беру үрдістеріндегі өзгешеліктерге тоқталып өтіп, білімді әрі еркін ұрпақ тәрбиелеу маңыздылығы жайында ойын өрбітті.
-Ләйлә Жанатқызы, бірінші сұрағымыз 12 жылдық білім туралы болсын. Жақында Аслан Сәрінжіпов Қазақстан 12 жылдық білім беру жүйесіне әзірше көшпейтіндігін мәлімдеген еді. Жалпы 12-жылдық білім бізге қаншалықты қажет?
— 12 жылдық мектептің басты ерекшелігі – баланың жан-жақты дамуына, өз пікірі мен ойын ашық жеткізуіне, әр адамға табиғатынан берілген шығармашылық әлеуетін толық іске асыруына ықпал ететін, өзін-өзі танып, келешегін айқындауға саналы түрде дайын болуға, қоғамның экономикалық, мәдени, саяси, өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін психологиялық-педагогикалық институт ретінде қалыптасуында болған. Біз өмір сүріп отырған уақыт алдыңғы толқынның заманына мүлдем ұқсамайды. Бала болашағы оның жаңа тұжырымдарды түсінуі мен қабылдай білуіне, дұрыс таңдау жасауына, бүкіл өмір бойына өзгермелі жағдайларға тез икемделе білу қабілетіне байланысты болмақ. Осыған байланысты мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талап: ойлылық, салмақтылық, белсенділік, әлеуметтік жауапкершілік, терең білімділік, кәсіби сауаттылық т.б. Бұл оқушының бойында қалыптасатын түпкілікті мақсат, міндеттерін айқындауға тікелей мұрындық болады. Талдықорған қаласында 12-жылдық білім беру №5, №19, №16,№12 мектептерде эксперимент түрінде енгізілген. Осы эксперименттік сыныптар оқушылары биыл мектеп бітіреді. Бірақ, 12-жылдық білім беруді кейінге қалдырудың себебі білімнің сапалы болатындығына көпшіліктің күмән келтіруінде деп білемін. Оның үстіне материалдық жағынан қамтамасыз етілуі, оқу-әдістемелік қамтылуы әлі тыңғылықты орындалып жүйеге келтірілмегендіктен деп ойлаймын. Осыған орай, қоғамдық пікір де нақтыланбай отыр. Он екі жылдық білім беруде мектеп қабырғасынан шыққан оқушы қосымша мамандық алып шығуы көзделген болған. Соңғы екі жылында кәсіби бағдар арқылы оқушылар өзіне қажетті мамандықтардың негізін үйреніп шығатындай дәрежеге жететін болу керек. Әлі де мемлекет тарапынан жақсылап қарастырылып, Білім және ғылым министрілігі тарапынан зерттеліп, қолға алынатын іс-шара деп ойлаймын. Көптеген ғалымдар осы мәселені көтергенде Қазақстан болашағы үшін 12-жылдық білім беру қажеттілігі туындаған. Қазіргі күнде толық эксперименттік жұмыстардың жүргізілу сатысы сарапталғаннан кейін 12-жылдық білімді кейінге қалдыру оңтайлы шешім болып отыр.
-Бүгінгі күні Ұлттық бірыңғай тесттілеу қоғамда үнемі өзекті әрі қарама-қайшылығы көп мәселе. ҰБТ-ның білім беру саласына әкелген өзгешеліктері қандай?
-Білім беру саласында үнемі өзгерістер, инновациялар , реформалар жүріп жатады. Сондай реформалардың бірі Ұлттық бірыңғай тесттілеуді енгізу –бұл оқушыларға, олардың ата-аналарына жасалған мемлекет тарапынан үлкен қамқорлығы болған. Оқушы бір рет өзінің білімін дәлелдейді, сол арқылы ол 11 жылдық білім нақтылайды. ҰБТ-ны қолданып келгенімізге 11-жыл болды. Сол уақыт ішінде мектеп оқушылардың бойында жаттанды нәрселер көбейіп кетті. Ауызша сөйлеу, тіл мәдениетін қалыптастыру, ой қорыту, шешім қабылдау деген түйінді нәрселер қалып , жаттандылық басым болып кетті. ҰБТ-ның сұрақтары айқын, жылма-жылға қайталанып отырады. Мазмұны ғана өзгертіліп немесе сөйлемдердің құрамы өзгергенімен негіз қала береді. Стандарттан ауытқымайды. Бір сұрақ, бес дайын жауап. Сол дайын бес жауаптың дұрысын таңдайды. Көп ойлауды , ой түюді қажет етпейді. Кейбір жағдайларда балалар бұл іске жауапсыз қарай бастады. Қоғам әрқашан жаңарып отырғанда, жаңа келген буын, жаңа қоғам сананы өзгертеді.
-Сіздердің мектептеріңіздегі ҰБТ-ға деген көзқарас қандай? Жалпы мектептің ҰБТ көрсеткіштеріне тоқталсаңыз.
-Былтырғы оқу жылының көрсеткіші бойынша ҰБТ-дан оқушыларымыз 72,4% үлгерім көрсетті. Екі оқушымыз Аппасова Әсел, Кудашева Әлия «Алтын белгі» иегері болды, Өмірбекова Мадина есімді түлегіміз Халықаралық олимпиада жеңімпазы атанды.
-ҰБТ оқушылар үшін үлкен белестердің бірі. ҰБТ біткеннен кейін өзіне қол жұмсау жағдайларының болған жылдар есімізде. Сіздің мектепте ҰБТ-ге дайындық кезінде оқушылармен психологиялық жұмыстар жүргізіледі ме?
— Оқушылар 9-сыныпты аяқтаған соң өзінің бейінін анықтайды. Бейінді оқытудың мақсаты – жалпы білім беретін мектептің жоғары сыныптарында оқушыны еңбек нарығының нақты сұраныстарын ескере отырып әлеументтендіруге бағытталған арнайы дайындау жүйесін жасау болып табылады. Таңдалып алынған бір ғана бейінді, мысал үшін жаратылыстану- математикалық бағыт не қоғамдық- гуманитарлық бейінді жүзеге асырады. Осы екі бағыттың бірін таңдап, бала ата-анасының және өзінің өтініші бойынша 10-сыныпқа көшіріледі. Бұл жерде пәндердің сағат санындағы өзгешелік бар. Қағамдық-гуманитарлық бағыттардағы пәндерде тіл және әдебиет пәндерінің, тарих пәнінің оқытылу сағаттары көп. Ал жаратылыстану-математикалық бағыттарда география, физика, биология, химия пәндерінің сағаттары басым болады. ҰБТ кезіндегі талап барлығына бірдей қойылады. Осы кезде баланың бойында күйзеліс болады. Болашақ мамандықты анықтауға, әрине бейінді дұрыс таңдау көмектеседі. Осы бағытта балалардың түсінбеушілігін, ата-аналар арасындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге сынып жетекшісіне, мектеп мұғалімідеріне, мектеп әкімшілігіне психолог мамандар көмекке келеді. Психологтар балалардың бойында қабілетін, бейімділігін, психологиялық ұстамдылығын анықтау үшін түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қажет жағдайда балаларға жекелей кеңестер беріп, өмірді қабылдауына, болашақ бағыттары мен ұстанымдарына сенімді болуына ықпал етіп отырады. Кей бала ұшқалақ болса, кей бала тез шешім қабылдайды, енді біреуі бәрін сараптап, ойланған соң шешім қабылдайтын болады. Бұл жерде психологтардың жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сыныптарға кіріп, жыл бойы өздері жасаған жоспарлары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп тұрады. Мектеп тәжірибесінде өзіне қол жұмсау оқиғалары болған жоқ.
-Сіздің ойыңызша, балаға мектеп қабырғасында демократиялық негіздерді ұстана отырып, тым еркінсітіп шектен шығармай тәрбиелеу үшін не істеу керек? Мектеп үшін не маңызды ?
— Қазіргі кезде жұртшылық арасында ХХI ғасырда білімнің жоғары сапалы және әділ болуына ықпал ету үшін білім беру жүйесінде реформа жүргізу қажеттігі туралы ортақ пікір туындап отыр. Сонымен қатар, көптеген елдер сын тұрғысынан ойлауды, қиялды, мәдениетаралық және әлемдік сананы, шығармашылық тәсілдер мен азаматтық борышты дамытуды қоса алғанда, бай білім мен көптеген дағдылардың қалыптасуына қолдау көрсетуге тырысуда. Білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттырудың мақсаты әр баланың білім деңгейін жақсарту болуы керек.
Оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдерді іс- тәжірибелеріне сараптай енгізіп отырған мұғалімдер бүгінде бүкіл педагог мамандардың оқыту үдерісіне елеулі ықпал етті. Мектептің барлық мұғалімдерін дамытуға бағытталған мектепті дамытудың жоспарын жасап, бірлескен команда болып қызмет атқаруда. Қаламыздағы №10,16,25,9,11 мектептермен кәсіби қоғамдастық құрып, қала мұғалімдерінің ортақ пікірлерін қалыптастыруға, білім беру барысында туындаған күрделі мәселелердің шешімдерін бірлесе талқылауға ықпал етіп жүр. Нәтижесінде 60 жылдық тарихы бар қасиетті шаңырақтың педагогикалық ұжымының әр мүшесінің еңбегі оқу үдерісін қайта жаңартуға бағытталды, диалогтық қатынас орнады, қазіргі таңдағы өзекті мәселе зерттеу сабағын бақылау жолдары туралы идеялар ортаға салынып талқылануда. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының орта білім жүйесіндегі орта мектеп бітірушілерін даярлауды халықаралық стандарттарға, Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне кіру талаптарына сәйкестендіру көзделіп отыр.
Оқушылардың функционалдық дамуы туралы мәселе алғаш рет Елбасының 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанның дамуының негізгі бағыты» Жолдауында көтеріліп, осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы № 832 қаулысымен «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары» қабылданды.
Мектептің педагогикалық ұжымы 2013 оқу жылынан бастап «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру» институтымен «Стратегиялық серіктестік – мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту шарты» тақырыбы бойынша бірлескен ғылыми-эксперимент жұмысын өткізуде.
Эксперименттің мақсаты: Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда білім беру ұйымдары арасында стратегиялық серіктестік іс-әрекеттерді қалыптастыра отырып, тұлғаның сұранысын қанағаттандыруға бағытталған білім беру кеңістігін ұйымдастыру.
Эксперимент жұмысының міндеті: Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңын, «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған мемлекеттік ұлттық іс-қимыл жоспары» негізінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және әлемдік тәжірибелеріне зерттеу жасау арқылы ғылыми-педагогикалық эксперименттің тұжырымын ғылыми тұрғыда негіздеу.Эксперимент жұмысының ғылыми жетекшісі- Дюсебаев Ханат Әлімжанұлы – АОПҚБАИ директоры, х.ғ.к.. профессор. Эксперимент жұмысының жауапты-үйлестірушісі- Валиева Майра Уалиқызы – «Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к. Эксперимент 3 оқу жылын қамтиды: 2013-2014 оқу жылы – даярлық кезеңі;2014-2015 оқу жылы – практикалық (байқау) кезеңі;2015-2016 оқу жылы – қорытынды кезеңі. Биылғы оқу жылында мектеп эксперимент жұмысының екінші, яғни практикалық кезеңін іске асыруда. 2014 жылдың 29 қараша күні Талдықорған қаласының №2 орта мектебінде «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту – білім берудегі басым міндет » тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Семинар барысында деңгейлік курстан өткен мұғалімдер Бағдарламаның жеті модульдері:
1.Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер.
2.Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.
3.Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау.
4.Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану.
5.Талантты және дарынды балаларды оқыту.
6.Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу.
7.Оқытуды басқару мен көшбасшылық бойынша оқушылардың қазіргі заман талабына сай оқу жетістіктерін көрсетті. Жалпы алғанда, мұғалімдер іс-тәжірибесінде елеулі өзгерістер болып жатыр. Бұрын мұғалім жылына бір-ақ рет ашық сабақ беретін болса, бұл бағдарлама бойынша тізбектелген 4 сабақ береді. Мұғалім өзінің әріптесінің 4 сабағына үздіксіз қатысуы арқылы сол сыныпты толық танып, оқушының өзгеру дәрежесін көре алады. Мұғалімде өзінің іс-тәжірибесін таратуда формалды түрде емес, нақты дәлелдеме түрінде диагностика, өзінің жұмысына мониторинг жасап, өзіне-өзі есеп беріп, педагогикалық ұжымның алдында есеп беру жүріп жатыр. 7 модульдің ішінде Басқару және көшбасшылық деген ұтымды модуль бар. Осы модульді ұтымды қолдану нәтижесінде оқушылардың арасынан көшбасшылық қабілеті бар, сын тұрғысынан ойлауға қабілетті оқушылар анықталып, топ жарып, жетістіктерімен қуантып отыр. Педагогикалық ұжым ішінде жасырын лидерлер анықталып, бүгінгі таңда мектеп басқару ісіне көмегін тиігізіп жатыр. Сол сияқты әрбір сыныпта лидер оқушылар шығып, сол оқушылар сабақ беру үрдісіне тікелей әсер етеді. Мұғалімнің негізгі көмекшісі болып, балалар бірін-бірі дамытуда. Оқушылардың ең алдымен өзін, қатар құрбысын, мұғалімнің дәріс беру тәсілдерін бағалауы, сын айтуы, әрине шынайы демократияның негіздері болып табылады. Түрлі көзқарасқа шынайы, әділ баға бере алуы, жағдаятты дұрыс сараптап, оң шешім қабылдай алуы, оны әр сабақта дәлелдеп отыруының өзі мұғалімдер үшін зор жетістік, еңбегінің өніп, мақсатының орындалғаны емес пе?
-Мұғалімдерден «қазіргі балалар бұрыңғыдай емес» дегенді жиі естисің. Расында да бүгінгі оқушылар қандай?
-Қоғамның заманауи талаптары болады. Бұл талаптар негізінен экономиканың даму бағыттарынан туындайды. Қазіргі күні инженер-техник мамандардың жетіспеушілігінен техникалық мамандықтарды дамыту үшін мемлекет гранттар тағайындап отыр. Соған байланысты қоғамда балаларын техникалық мамандыққа бейімдеу үрдісі туындады. Қазір көптеген мектеп оқушылары жаратылыстану- математикалық бағытты таңдап отыр. Оқушылардың көбісі болашақта инженер-техник, машина жасау өнеркәсібінің маманы болып, газ, мұнай, т.б. өнімдер өндіретін ірі өнеркәсіп орындарының білікті маманы болуды көздейді. Қазір балалардың әлеуеті өте күшті, талаптары зор. 2017 жылы EXPO-ға балалар өзінше дайындалып жатыр. Мектеп оқушылар арасында өткен «Дарын» ғылыми жоба жарысына физика пәні мұғалімі В.Жилинаның бастамасымен Пшеничников Илья, Гончарова Ксения және Шмелев Валентин есімді оқушыларымыз жұмыстарын ұсынып отыр. Бүгінгінің балалары білімін тереңдетіп, ғылымға құштар. Мысалы Шмелев Валентин өз талпынысымен «Тесла трансформаторы» құрылғысының шағын үлгісін жасап шығарды. Ол бұл құрылғыны бұрынғы кеңес теледидарлар бөлшектерінен құрастырған. Бұл оқушылардың функционалды сауаттылығын, білімін тәжірибеде жүзеге асыруының дәлелі. Қазір оқушы дайын білімді қабылдап қана қоймайды, оған сараптама жүргізіп, зерделейді. Қажетін алып, қажет емесін сынайды. Оқушы сын тұрғысынан ойлау арқылы білімді қабылдайды. Кейде оқу құралдарындағы материалдар баланың білімге деген құлшынысын, сұранысын қанағаттандырмайды. Сол себепті бала көп білуге талпынады. Ғылыми тұрғыда білім негіздерін ғана емес, ғылымды әрі қарай өздері дамытқысы келеді. Осындай ұрпағы бар ел ертеңі жаман болмайды. Сұраныс болу керек, сұранысты біріншіден оқушының өзі тудырып отыр. Мұғалім де оқушының сұранысына қарай білім береді, ізденеді. Қазіргі оқу құралдарының сапасына деген талғам да жыл сайын артып отыр.
-Оқулықтарды жыл сайын жаңарту қажеттілігі туындап отыр дедіңіз. Жалпы бүгінгі оқулықтар саны мен сапалығы мәселесіне тоқталсақ.
— Жалпы, елімізде орта мектептерге арналған оқулық дайындау жұмыстары бірнеше кезеңдерден өтті. Әр кезеңнің өз жетістігі бар. Ең бастысы, оқулық дайындаудың теориясы мен әдістемесі жүйеленді, мемлекеттік білім стандарттары жасалды, авторлармен жұмыс жасаудың тәжірибесі қалыптасты деп айта аламын. Ендігі кезектегі атқарылар жұмыс бағыты осы оқулықтардың әдістемелік және мазмұндық жағынан жетілдіру болмақ. Оқу жылы басталғанға дейін қалалық білім бөліміне біз сұраныс береміз. Бұл сұраныста мектептегі оқушылар саны көрсетіледі. Сол санға байланысты оқулықтар беріледі. Әр жылда белгілі бір сыныпқа арналған оқулықтар жаңартылып отырады. Мысалы, 2013 жылы 2 пен 9 сыныптар үшін шықса, 2014 жылы 3-сынып пен 10-сынып оқулықтары шықты. Оқулықтарды мектеп тікелей ала алмайды, себебі бұл орталықтандырылған жүйе бойынша таратылады. Негізгі оқулыққа қосымша таңдау бойынша 2-3 оқулықтың балама нұсқасы беріледі. Әр кезде оқыту процесінде бір ғана оқу құралымен шектелмейміз, бірнеше дерек көздерін пайдаланып, жалпы қорытындыға келіп, мұғалім оқушыға тың деректерді саралап береді. Осы деңгейді оқушының өзі алып отыр. Бірнеше оқулықтарды салыстыра отырып оқиды. Осының бәрі бір жүйеге келтірілгені дұрыс. Ғалымдарымыз оқулықта қамтылатын әр тақырыпты, тарауды, ондағы бөлімдерін жан-жақты қарастырып беріп отырса, әрине бір оқулық баланың күнделікті сабаққа дайындалуына ыңғайлы болар еді.
— Елбасының «Қазақстан-2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болшақ» жолдауында орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек деп айқындалған еді. Қарапайым орта мектептер Назарбаев зияткерлік мектебі деңгейіне жете ала ма?
-Өзіңіз айтып кеткендей, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының 2014 жылдың қаңтар айындағы «Қазақстан-2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халқына жолдауында осы мәселе жақсы көрініс тапқан. Өйткені, Назарбаев зияткерлік мектептерінің деңгейіне барлық мектептер деңгейін жеткізу, содан кейін оқушылардың үш тілді теңдей меңгеруі заман талабы болып отыр. Оқушыға өз бойында сын тұрғысында ойлауды қалыптастырып, өз бетінше шешім қабылдауды, күнделікті алған ақпараттың тек қажеттісін ғана қабылдауын көздеуге үйрету мұғалімдерге қойылған талап. Осы орайда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталықтарындағы педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары арқылы жүзеге асып жатыр. Оқушылардың бойында зияткерлік мектептер деңгейіне жетеқабыл дарындылықты, сын тұрғысынан ойлауға қабілеттілігін, функционалдық сауаттылығын дамыту негізгі назарда. «Мұғалім-оқушы-ата-ана» бірлесіп, жергілікті басқарушы билік органдарының материалдық тұрғыдан қолдауы болып отырса әрине, бұл деңгейге жету мүмкін. Ол деңгейді алу уақыттың ғана еншісінде. Әр баланы біз ерекше деп қабылдап, әр оқушыны жан-жақты дамытуға талпыныс жасаймыз.
-60-жылдық тарихы бар мектепке деген ата-аналардың көзқарасы қандай? Жалпы өзіңіз мектеп жұмысын қалай бағалайсыз?
-Бұл ретте әр сыныпта ата-аналар жиналысы өткен кезде біз жасырын сауалнама жүргіземіз. Сауалнамада бізді толғандыратын, ата-ананы толғандыратын түрлі сұрақтың мәтіні болады. Әр кезде сауалнама мәтіні қалауына, сұранысына байланысты өзгертіліп отырады. «Менің балам осы мектепте елеулі табыстарға жетіп жүр ме?» деген сияқты, білім деңгейі жайында ата-анаға қойылатын көптеген сұрақтар бар. Шынайы жауап алу үшін жасырын тәсіл қолданылады. Ата-аналар өздері мектеп әкімшілігіне жиі қандай өтініш-шағымдармен келетіні де ескеріледі. Осының барлығы мектебіміздің артықшылықтары мен кемшіліктерін айқын көрсетеді. Ата-аналардың пікірін білу арқылы болашақ жоспарымызды қалыптастырамыз. Сонда біз нақты қандай мәселелерге мән беруміз керек, оқыту үдерісінде оқушыларға қойылатын талаптарды қалай өзгертуіміз керек. Білім мазмұнын қандай әдіс-тәсілдері арқылы меңгертудің жолдары тиімдірек, осыны талқыға саламыз. Ата-аналардың көпшілігі қазір жоғары білімді, қызмет істейтін адамдар. Олар да мектепке орынды әрі дұрыс талаптар қоя біледі. Талаптарын біз орындауға тырысамыз. Ата-аналар тарапынан бізге көмек қолдау көп. Себебі, жас маманның қалыптасуына ата-аналар тікелей әсер етеді. Мектептегі сабақтарға, мектепшілік мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларына белсене қатысып, демеушілік көмегін тигізеді. Мектеп 60-жылдық мерей тойын өткізген де ата-аналардың қолдауын сезіндік. Моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да ықпал еткен ата-аналар болды. Мәдени, спорттық іс-шаралар өткізгенде оқушыларды ынталандыру кезінде марапаттау үшін ата-аналар тарапынан демеушілік көрсетілді.
-Баланың өнерге, спортқа деген қызығушылықтарын арттыру үшін сіздің мектепте қандай көңіл бөлінеді?
— Мектепте оқу бағдарламасының вариативті бөлігі ата-аналардың өтініші бойынша жасақталады. Ата-ана баласының би үйірмесіне барғанын, спортқа бейім болуын, пән негіздерін меңгеруін, шеберлікке қабілетті болуын қалайды. Оқушылардың зияткерлік ойлау деңгейінің болуына, интеллектуалды ой-өрісін дамытатын шахмат, тоғыз құмалақ, дойбы ойындарына сұраныс білдіріп жатады. Сұраныстарын қанағаттандыру көзделеді: түрлі үйірмелер, спорт секциялары, қолданбалы және таңдау курстары қарастырылған. Оқушыларымыз, облыс, қала, республика деңгейінде өнерлерін көрсетіп, жетістікке қол жеткізуде. Мектептен тыс басқа да спорттық ұйымдарға барып шынығатын балалар саны да көп. Хоккей, алаңдағы хоккей, садақпен ату сияқты спорт түрлерінен бүгінгі таңда спорт шебері атаған оқушыларымыз бар. Мектепте 1993 жылы құрылған «Айгөлек» би ансамблі Смағұлова Гүлмира Дубекқызының жетекшілігімен жұмыс істеп келеді. Жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше би топтары бар. Турубекова Диана Италия қаласында өткен би байқауынан І орын, Халықаралық билер фестивальінде кубок иеленген Ким Регина, Шлыкова Наргиз сынды оқушыларымыз және болашағы нұрлы, жас әншілеріміз де бар. Былтырғы оқу жылында жеке орындаушы ретінде Республикалық байқаудан бірінші орын алған Хайдарқызы Сабина, Щучинск қаласында өткен «Балдәурен жұлдыздары» ән байқауында 2 орынды иеленген Берікқызы Аяна мектебіміздің мақтанышы.
-Мұғалім жұмысындағы «қағазбастылық» мәселесі педагогтың сабақ беру сапасына кедергі келтіретін шығар. Сіздің мектепте бұл проблема қалай шешімін табады?
— Мұғалімдерден оқу жоспарына сәйкес нормативті құжаттар бойынша талап етілетін есептілік бар. Ол жыл сайын жүргізіліп отырады. Балалардың тоқсандық, жылдық қорытындылары, жеке іс-тәжірибесі бойынша, сынып жетекшісі ретінде есеп береді. Іс- тәжірибесін әрі қарай дамытамын, көрсетемін деп, нағыз өнімді жұмыс істейтін мұғалім қағаз бастылықтан арыла алмайтын шығар. Барлық жерде дәлелдеме ретінде белгілі бір ресурс қолданылады, талап етіледі. «Қағазбастылық» деген үлкен проблема бар деп айта алмаймын. Қажетті кезде есептілік жүргізіледі. Өз іс-тәжірибесін, білгенін қаншалықты жинақтап, қағазға түсіру қажет екенін әр мұғалім өзі шешеді. Бір ұстаз ұзақ қорытындылап барып, негізгі түйінді қағазға түсіргенді ұнатады. Екіншісі еңбегін күнделікті саралап, жазып отырғанды жөн көреді. Бұл екіұшты мәселе, осыған байланысты талас туғызуға балады. Мен өзім қағазбастылық көп дегенге келіспеймін. Өз ісін білетін адам әрқашан бәріне үлгереді.
-Бүгінгі қоғамдағы мұғалімнің мәртебесі қандай?
— Біздің үкімет білім беру саласына өте ерекше мән береді. Әрқашан білім беру саласындағы өзгерістерді зерттеп, зерделеп, дұрыс шешім , дұрыс қорытындыға келіп отыруы бізді қатты қуантады. Ол жергілікті жерлерде мұғалімдердің , жалпы республика бойынша орта мектептер болсын, дарынды балаларға арналған мектептер болсын мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың пікірі әрқашан ескеріліп отырады. Мұғалім мәртебесі туралы сөз қозғағанда бірінші кезекте жалақы мәселесі туындайды. Жоғарғы оқу орындарының ғылым докторлары, ғылым кандидаттары тарапынан «мектеп мұғалімдері бізден қарағанда ақшаны көп алады» деген пікір басым екен. Бұл деңгейлік курстарға байланысты туындаған пікір деп ойлаймын. Негізі әр мектептен бірінші, екінші, үшінші деңгейді қосқанда 30 пайыз мұғалімнің оқуы көзделген. Үшінші деңгейден өткен мұғалімдердің жалақысына 30%, екінші деңгейдің мұғаліміне 70%, бірінші деңгейлі мұғалімдерге 100% үстемақы қосылады. Деңгейлік бағдарламадан өткен мұғалімдердің алдына қойылған нақты мақсаттар мен міндеттемелер бар. Сол міндеттерді орындау үшін деңгейлік бағдарламалардан өтіп, сертификат алған мұғалімдер керемет ауқымды жұмыс істеп жатыр. Олар өзінің іс тәжірибесімен күнделікті бөліседі, олардың мақсат-міндеті — мектеп мәдениетіне өзгеріс енгізіп, оқушыларды оқыту мен оқуда нақты жетістікке жеткізу, мұғалімдердің әлеуетін көтеру, кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал ету. Сол мақсатқа жұмыс істеп, алған ақылары өтеліп жатыр. Қазіргі кезде мұғалімдердің орташа жалақысы 50 мың теңгені құрайды. Жас мұғалімдердің еңбек өтілінің аздығы, өз баспанасының болмауы жас маманға қиындық туғызады. Бұндай жағдайда әрине ақша жетпейді. Мұғалімге төленіп отырған ақша аздық етеді, себебі бүгінгі мұғалімге қойылатын талап күшті. Талап күшті болған тұста ынталандыру да жақсы болуы тиіс.
-Жас мамандардың білім қандай, талпынысына қандай баға бересіз?
-Өзіміздің мектеп туралы айтсақ, бізде жас мамандар өте аз. Педагогикалық ұжымның негізгі үлесі жоғарғы және бірінші санатты мамандар еншісінде. Біздің мектепке келген жас мамандар үшін іс-тәжірибе жинақтауға мүмкіндік көп. Әрбір мұғалімнің сабағы өзінше мектеп, ерекше үлгі. Бір жылдың ішінде жас мұғалім дәрежесі өсіп, тәжірибені мол жинақтауына мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті жас маман өз ынтасына сай пайдаланса жақсы. Мысалы, биылғы жылы орналасқан биология пәнінің мұғалімі Ж.Иткулова өз әріптестерінің алды болып, өзі деңгейлік курстан өтпесе де сол бағдарламаны меңгеріп алдым деп, тізбектелген 4 сабақ берді. Бұл бағдарлама жас мамандарды қызықтырды. Жас мамандардың талпыныс жақсы екенін көрсетеді. Теориялық білім бәрінде бар ғой, тек біліктілігін шыңдау қажет. Біз сол біліктілікті шыңдауға, әдістемелік тұрғыдан оқытудың түрлі әдіс- тәсілдерін қалай тиімді қолданудың жолдарына нұсқау, бағыт-бағдар береміз. Жалпы алғанда талапты жас маманға барлық жағдай жасалған. Жақсаруға ұмтылу, мамандығына терең үңілу, жетістікке жету, ең алдымен, әр адамның өзіне байланысты болады.
Автор:Мадина ОМАРҚҰЛОВА