ӨЗ ШӘКIРТI ҮШIН КҮЙМЕСЕ…

ӨЗ ШӘКIРТI ҮШIН КҮЙМЕСЕ…

Адам және оның еңбегі Сұхбат

Ұстаздың ізденіс пен жауапкершілікке толы жанкешті еңбек жолын таңдаған жас маман, әрі жас басшы бүгін біздің мақаламызға арқау болып отыр. Білімі мен жастық қайратын сүйікті мамандығына арнаған ол ұжымының қабілетті басшысы, жаңашыл ұстаз. Кемеңгер Абайдың он жетінші қара сөзінде толғап кеткен «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» бойына жия білген, шалғай ауылда, сол кішкене ғана ауыл мектебінің бүгіні мен болашағына жас ғұмырын арнап жүрген ұстаз жайлы бүгінгі санымызда айтуды жөн көрдік.

Ешкенов Дастан Есіркесінұлы 1984 жылы 9 қаңтарда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Жансүгіров кентінде дүниеге келген. 2011 жылы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің « бастапқы әскери дайынық және дене шынықтыру» бөлімін түседі. Аталмыш білім ордасын 2005 жылы тамамдайды. Алғашқы еңбек жолын Кербұлақ ауданы, Қарашоқы орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен ұстаздық етіп бастайды. Қолына диплом алған жастардың бәрі қалаға қалуды көздеп жатқан кезеңде ауылды таңдаған жас маман сол кезін былай деп суреттейді. « Жоғары оқу орнын бітіре салысымен мен ауылға мұғалім болуды жөн санадым. Заманастарымның көбі қызығып қала өмірін таңдап жатты. Ал, мен ауылға бет бұрдым. 2005 жылы қазіргідей «Дипломмен ауылға» бағдарламасы болмады. Құрдастарым «ауылда не жоғалттың одан да бізбен бірге қалаға жүр» деген ұсыныстар да айтты. Алайда, мен өзімнің өмірге деген алғашқы қадамымды ауылдан бастағым келді.Бұл шешімнің мені адастырмайтынына сендім »-деп әңгімесін бастады.

Өмірде өзі таңдаған мамандығы бойынша жеткіншек ұрпақты өмірге, әлеуметтік іс — әрекетке дайындау жолында тәрбие мен оқытудың тиімді жолдарын үнемі іздестіріп, тынымсыз еңбектене білді. Таудай талабы алға жетелеген Дастан Есіркесін ұлы үздіксіз ізденісіне жастық жалынын, қайратын ұштастыра отырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізе білді. «Жас келсе іске» демекші тынымсыз еңбегінің арқасына ол 2008 жылы Кербұлақ аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы болып қызмет етеді. 2010 жылы Кербұлақ аудандық білім бөлімінің әдіскері болып біліктілігін ұштай түседі. Ал, 2011 жылдың желтоқсан айында Кербұлақ ауданы, Көктал негізгі мектебінің директоры болып тағайындалады. Жас болса да бас бола білген Дастан Ешкенов ауылдық мектепке жаңа леп ала келеді. Мұғалім еңбегі көп іздену мен оқуды қажет ететінін назарға алған жас басшы, ұстаздар қаумынан тәрбие мен оқытудың тиімді жолдарын іздестіріп отыруды, заман қажеттілігінен қалыс қалмауды талап етеді. Ұйымастыру қабілеті мен жастық қайратын қызметте оңынан пайдаланып, білім көшіне басшылық етіп отырған ұжымы тек жақсы көрсеткіштерімен ілесе білді. Оқушыларды өнерге , білімге, қызықтырып, шығармашылық қабілеттерін арттыруда жаңа- әдіс, тәсілдер қолдана білді. Мектепте түрлі бағытта жұмыстар жиі өткізіп, оқушылардың білімге құмарлығын арттыруды алға қойды. Осындай талаптың аясында танымдық сайыстар, әнші- өнепаздар байқауы, жас суретшілер көрмесі сынды кештер өткізіп, балалардың таланттарын ашып, дарынылықтарын шыңдап келеді.

-Дастан Есіркесінұлы, сіз ауылдық орта мектепте еңбек етесіз. Айтыңызшы, негізгі орта білім беру бағдарламасының бағыты қандай?

-Негізгі орта білім беру бағдарламасының бағыты, қойылған талаптары, атқарылатын істері, мазмұны мен мақсаты жағынан шағын жинақталған мектеп болғынымен жалпы орта мектептерден еш артықшылығы жоқ.

— Бүгінгі білім стандартына көңіліңіз толады ма? Білім Заңының ойыңыздан шықпайтын жері бар ма?

— Жалпы бүгінгі күні беріліп отырған білім стандарты өз көңілімнен шығады деп айтсам да болады, дегенмен білім саласын қадағалайтын департаменттер санының шектен тыс көбейіп кетуі ауылдық жерлерде білім беруге қиындықтар туғызуда. Мектеп балаға білім берумен қатар тәрбие ісімен де айналысады.

«Біз әрқашанда білімге ұмтыламыз, негізінде ең бірінші бізге тәлімді рух, тәрбиелі білім қажет» — деп білімнен бұрын тәрбиеге көңіл аудару керек екендігін көрсеткен. Ал, тәрбиенің бастауы – еңбек. Олай болса, еңбекті бала бойына мектеп қабырғасынан сіңірген абзал. Мәселен, Кеңестік білім беру жүйесі кезінде ауылдық жердің балаларын ауылшаруашылық істеріне араластыра отырып қоғамдық еңбекке қабілетті, саналы азаматтары қалыптастырған. Ал, қазіргі күнде «Бала құқығын қорғау» департаменті баланы еңбекке араластыруға шектеу қойып отырғаны көңілден шықпайды.

-Еліміздің білім беру бағдарламасында педагогтарға қойылатын талаптары күшейту шаралары қарастырылған. 2015 жылдан бастап педагогикалық мамандық бойынша ЖОО – на түсу кезінде талапкерлердің педагогикалық қызметке икемділігін анықтауға арналған шығармашылық емтихан енгізілмек. Бұдан педагог болсам деген талапкерлердің саны күрт азайып кетпейді ме? Жас маман ретінде бұған не айтасыз?

— «Ел болам десең, бесігінді түзе» — деп Мұхтар Әуезов айтқандай бар мәселенің түткілі Жоғары оқу орындарында жатыр.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Кәсіби – техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстануы керек.

Қазіргі күнде педагог мамандар даярлайтын жоғарғы оқу орындары санының көптігі, ондағы оқу ақысының басқа мамандарға қарағанда қолжетімділігі екенің бірінің педагог мамандығына түсуіне жол ашып беріп отыр. Ал бұл сапалы тәрбие мен саналы білім беріп отыр ма?

Менінше, педагогикалық қызметке икемді таланткерді іріктеуге шығармашылық емтиханның керегі анық. Сонда ғана оқушы тағдырына шынайы қызыққан шебер ұстаздың іріктеп шығатыны айғақ.

Елбасының бастамасымен республика көлемінде «дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Ауылық елді мекендерге жұмыс істеп, сол жерге тұрақтауға 6 мамандық бойынша 24 мыңнан астам жастар аттанғанан естіп- біліп жтырмыз. Алайда, олардың бәрінің қызметі беріліп, уәделі жағдай жасалмағанын тағы да білеміз. Ол жайлы теле арналардан бірнеше роликтере халыққажол тартқан. Дастан Ешкеновтың басшылығындағы білім шаңырғанда бұл жоба қалай іске асырылып жатыр екен.Осы мемлекеттік бағарлама жайлы кейіпкеріміз не дейді?

-Жалпы мемлекеттің жастарға жағдай жасап отырғанын өз басым қуаттаймын. Алғаш келген жас мамандарға бір реттік көтерме ақысын, басына баспанасын беріп жатыр. Мектебімізде бағдарлама бойынша бір реттік көтерме ақыны Биболатова Қарлығаш, Құсайн Жеңіс, Нұрболатқызы Майнұр, Қолдасбаев Дәурен, Байдосова Асем сынды жастарымыз алды.

-Латын харпіне көшу барлық жерде айтылып жүр. Латынға көшу бізге не береді?

-Латын харпі дүниежүзілік ғылым мен техниканың тілі болғандықтан дамыған мемлекет ретінде әлемдік стандартқа сай келуіміз керек қой. Әрине, әріптердің өзгеруі өте қиын шаруа. Әлі талай қателер болады, программалар өзгерген себепті компьютерлер «қалқып» қалатын болады, кирилицада жасалған жазба мұраны жаңа жазуға аудару кезінде талай сүрінуде болады. Бәрі де болады. Бірақ соның бәрі де өтеді. Өтеді де кетеді.

-«Үш тұғырлы тіл» мәселесі көтерілді. Биылғы жылдан бастап мектептерге ағылшын тілі 1 сыныптан енгізілмек. Бұл біздің балаларға қажет пе? Ана тілін дұрыс білмей жүрген ұрпақты бұл «мәңгүрттендіру» емес пе?

— Біз уақыт талабын түсініп, әлемде не болып жатқандығын да ескеруіміз шарт. Кезінде алдыңғы буын ағаларымызды «Орысша оқымасаң, нан тауып жей алмайсың» деп үйретіп, тәлім – тәрбие берді.

Ал қазіргі заманда қазақ тілін білетіндерге кең мүмкіндік ашылып отыр. Ал 2013 жылы ағылшын тілі бірінші сыныптан оқытылатын болса, бұл болашақ ұрпақтың Латын харпіне тез игеріп әкетуіне зор себептігін тигізер деп ойлаймын. Қазақстан әлемдік жаһандану процесінен тұмшаланып тыс қала алмайтын болса, еліміздің жастары әлемдік аренада үш тілді білу арқылы бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

-«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі»-деген қанатты сөз бар. Алайда, қазіргі кезде мұғалім деген қастерлі есімнің мәртебесі түсе бастағандай. Бұған себепті қайдан іздеу керек?

-«Мұғалім беделі төмен» дейміз. Мұғалім қоғамдағы саясаттың сулығы мен майлығын немесе қолбаласындай. Мысалы: ауылдағы өтетін әр жиналысқа бірінші қуып әкеп қатыстыратын ол – мұғалім. 40 жыл мұғалім болып зейнеткерлікке шыққанда алатын зейнет ақысы да шамалы, 40 – 50 мың теңге ғана. Қажыған, шаршаған денсаулығын емдетіп, лайықты заманауи өмір сүріп, демалуға жете ме? Мұғалім мәртебесін көтеру үшін ең әуелі материалдық жағдайын жасап берген жөн. Бала құқығы мұғалім мәртебесінен жоғары болғандықтан қоғам алдында ұстаз беделі төмендеуде.

-Бүгінде мектеп қабырғасынан ер мұғалімдерді сирек кездестіреміз. Тіпті жоқ десе де болады. Мұның бала тәрбиесінде алар орны қаншалықты?

-Қазіргі таңда мектептерімізде қағаз бастылық көп болғандықтан ер азаматтар білім ошақтарынан алшақтап кеткені айдан анық. Мысалы бір мектепте 40 – 50 ұстаз қызмет ететін болса оның 7 – 8 – і ғана ер азаматтар.

Отбасының негізгі асыраушысы ер – азамат болғандықтан көбінесе үйде бала тәрбиесімен анасы айналысады, мектепке келсе тағы да сол әйел адамдардың тәрбиесі алдынан шығады. Осыдан барып ер азаматтардың бойына тән қасиеттері кеміп ұрпақтар қалыптасады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде ер мұғалімдердің көптеп қатысуы міндетті.

«Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу»- деген екен ағартушы — педогог А.С. Макаренко.

Ұлы педогогтардың салған даңғыл жолын жалғастырсам деп келе жатқан Дастан Есіркесінұлы бұл жауапкершілігі зор таңдауда да адаспады. Жас буынның заман қажеттілігіне сай сапалы білім мен саналы тәрбие алып, ұлттық рухта сусындап өскенін мақсат тұтқан жас басшы бүгінде осы тілегінің тек қана орындаушысы. «Ұстаз ұстаз емес, өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес, өз ұстазын сүймесе»- деген мұғалім мен оқушының арасындағы шынайы құрметті, сыйластықты дөп беретін тәмсіл бар. Ендеше, Дастан Ешкенов оқушыларының құрметті ұстазына айналып, болашақта мақтан тұтар, зерделі шәкіттерді баптап ұшырсын. Өркендеп келе жатқан еліміздің білім көшінің қара қазанына қосары көп болсын. Жарқын бейнесі шәкірт жүрегінде мәңгілікке сақталар ұлы ұстаз болып, талай жас өркеннің жүрегіне білім, ізгілік нұрын құя берсін демекпіз.

Автор:Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз. dinara.aujanova@mail.ru

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *