КӨРКЕМ  ТУЫНДЫДАҒЫ  УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК

Жаңалық
КӨРКЕМ  ТУЫНДЫДАҒЫ  УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК

Көркем  туынды —  жазушының оқырманына  ұсынған  өмір туралы,  адам және олардың араларындағы  қатынастарды   өз ой пікірлері мен  дүниетанымдары шеңберінде  жеткізетін   әсемдік дүниесі деп білемін.  Адам жанының қалтарыстарына  үңілтіп,   кейіпкерлер әрекеті мен  көңіл-күйі, сезімі  арқылы  оқырманына   ой салатын, сол арқылы өмірді түйсінуге , оның кейбір жазылмаған  заңдылықтары туралы ойлануға  жетелейтін  көркем шығарманы  сөзсіз  уақыт пен кеңістік  мәселесі  айналып өте алмайды.    Өйткені  шығарма белгілі бір уақытта , кезеңде  өмір сүрген  адамдар туралы болса,  шығармадағы  жазушы жасайтын кеңістік —  шығармадағы әрекеттер мен  тартыстар,  оқиғалар  өтіп жатқан орын.    Әр халықтың уақыт жайлы өзіндік тұжырымдары барын да білеміз.    Осыны ескере  отырып,  әдебиеттегі  уақыт пен кеңістіктің  кейбір берілу жайттарына тоқталғым келеді.

Біріншіден,   уақыт  пен кеңістік мәселесінің    ауыз әдебиетімізде алған  орнына үңілсек,  кейіпкердің  жыл  аттап  емес  күн санап  өсуі ,    қазіргі  уақыт өлшемімен  алғанда алты айлық  алыс сапарға  қанатты тұлпармен   айлық   жерге алты күнде , жылдық жерге  жеті күнде  жетуі  уақыттың  мифтік немесе  аңыздық түріне  жатуы деп түсіндім.    Мүмкін,  бас кейіпкерлеріміз батырлардың   уақыт шеңбері түсінігінен  жоғары ,  кеңістік ұғымынан     кең орын алуы  халық  ойында адымдап аттап  ел болу,   шалқар далаға  кеңінен  иелік ету   арманының  орын алуы  шығар.   Ауыз әдебиеті , оның  ішінде  ертегілеріміздегі   уақыт ұғымының  созылыңқы  берілуі,     мысалы, «Темір етіктен теңгедей,   темір аяқтан тебендей қалғанда , алыстан сағым көтерген бел көрінеді» (Ер Төстік) .  Келешекті уақыт пен кеңістіктің   тығыз байланысында  қарастырған  халқымыз   болашағын   сөз өнері  арқылы   жақсы заманға қол жеткізу,  даму  мәселелерін    көрсетпек болды деп ойлаймын.

Екіншіден ,    жазба әдебиетіміз   даму  жолына  түскеннен  бастап  қарастырылатын   көркем туындыдағы  релистік  уақыт сипатының берілу жолдарына тоқталсам.   Тарихи шығармаларда  уақыт белгілі бір тарихи оқиға орын алған  уақытты  тар  ауқымда   сипатталып,   оқиға орны  нақты болады.  Ал кейбір фантастикалық  туындыларда   оқиға өтетін   кеңістік тіпті  жерде емес,  басқа ғаламшарда  өтуі де мүмкін.  Ж. Сахиевтің « Айдағы жасырынбақ» әңгімесінің сюжеті   ғарыш кемесінің   айға келіп тоқтау сәтінен  басталады.   Басқа ғаламшарлардағы  уақыт  жылдамдығын алға тартатын   осындай шығармалар   арқылы  «Жер  Ананы» қастерлеу, сақтау , сезімдері қалыптасып,  оған деген   өз қарым- қатынасымыз  жайлы әсте ойлануымыз заңдылық емес пе?

Ұлы Абайдың да   шығармаларындағы уақыт пен  кеңістік мәселесінің   көркемдік шешіміне  тоқталмасқа болмайтын тәрізді.  «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»   өлеңінде қолын кеш сермеп,  уақыт көшінен  жай қалғанына өкініп,  сол арқылы қалың елі қазағына   қолдағы сусылдаған  құмдай   уақыттың қадірі жайлы ой тастамақ болды емес пе?  Ал,  кейінірек

« Қартайдық,  қайрат қайтты, ұлғайды арман»    өлеңінде  өмірдің өткінші,  уақыттың алдамшы   адам баласының   сенері  мен сүйенері тек білім,  көзі ашық,  көкірегі  ояу болуы екенін толғайды.

Үшіншіден ,  көркем туындыдағы  кеңістік мәселесі   кей шығармаларда  тайға таңба басқандай анық болса,  кей шығармаларда   кейіпкер сөзі,  ісі арқылы  берілуі  де  қызық.   Расул Ғамзатовтың  «Менің Дағыстаным»   әңгімесіндегі   суретшіні  екі кеңістікке ортақ кейіпкер  етіп ала отырып,  сонау  сұлулығымен  тамсандырған Париж қаласы мен  суретші өзі қиып тастап кеткен, алайда  жүрегінен  өшіре алмайтын  туған жері   Авар таулары  арасындағы  кеңістік  ауқымды болғанымен,   кейіпкеріміздің  жан дүниесінде осы екі алшақтықтың   астасып кетуі   кеңістік ұғымын берудің тағы бір қызықты қыры деп санаймын.

Қорытындылай келе,    көркем туындыдағы уақыт пен  кеңістік мәселесін   біле, ажырата  алып оқу арқылы реалистік кезеңнің куәсі болып,  алдамшы емес,  қазіргі  қажеттілігімізге  сай  ләззат аларымыз анық.  Адам өмірінің  жылдам өтіп жатқаны,  жердің өз осін   24 сағатта емес, 17 сағат шамасында  айналып өтуі  туралы ғалымдардың дабыл қағуы  да шынайы өмірімізде  уақыт мәселесі жайлы ойландырады.   Осы тақырыпты   таңдап,  бұл мәселені  растайтын  немесе  жоққа шығаратын  көркем туындылар  келешектің еншісінде  деп ойлаймын.   Мәңгілік  уақыт пен  шартарап кеңістік ұғымдарын  қабылдап,  өзімізді  қоршаған  орта мен  алтын уақытымыздың  қадірін  түйсінтетін  көркем туындыларымыз  молая беретініне сенгім келеді.

Егизбаева Анар  Мурзахметовна, 

педагог – зерттеуші, қазақ  тілі мен  әдебиеті  пәнінің  мұғалімі

«С. Мұратбеков  атындағы мектепке  дейінгі шағын орталығы бар №  9  орта мектеп» КММ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *